Міне, қараңызшы...
Телефон бар, батырмасы жоқ.
Есіктер бар, тұтқасы жоқ.
Қарым-қатынас бар, сезімсіз.
Миғұла бар, мұңсыз.
Интернет бар, сымсыз.
Түк түсінбейсің. «Түбінде компьютерде отыратындардан кітап оқитындар озады» десек те, сол айтылған «интернеттен оқып жүр, талай қазақ баласы». Бағамдасам, бүгінде мәтелдеріміз де мәнінен айырылғандай мәңгіріп кетіпті. Ара-арасында «Жол билетің бар болса, байлаулы тұрған атпен тең. Ғаламторың бар болса, жазулы тұрған хатпен тең» деп мақалдың мақамына салып қоятын болдық. Бүгінде бүтін дүниенің сиқы өзгерген, өзгергенін көз көрген. Сымсыз интернет деген пәле пайда болды. Оны «вай-фай» деп атап жүр.
Немересі:
– Әже, «Wi-Fi» деңізші, – десе, әжесі:
- Тфәй-тфәй! – дейді.
Иә, сол «тфәй-тфәй» талайды таңдайынан су жұтатындай таңдандырып қойды ғой.  Жұмыр басты пенделер жүдә ырза  болып, «көз де, тіл де тимесін! Тфәй-тфәй!» деп  айтатындай. Тіпті, «бұл  апаң  жас кезінде  арулардың аруы еді-ау. Талай  жігітті талдырып түсірген» дегендей, сұлу қыздарға қарап, сүйсініп: «Пай-пай!» дейсіз ғой. Бұл «вай-фай» да дәл сол секілді. Пай-пай дегізеді. Соған есіңіз ауып, желісіне жол тауып, сүті болса, күнде күркілдетіп сауып отыруыңыз мүмкін. Айналшық болған көтерем қойдай бір орында шыр көбелек айналасыз да қаласыз.
Бір досым балабақшаға барса, бүлдір-шіндер телефондармен, планшеттермен ойнап отырғанын көреді. Тәрбиешісі қайда? Ұйқыны сойып жатыр екен. Миығынан күліп, иығынан түртеді де:
– Бикеш-ау, «ұйқы мен өлім тең» деген. Сіз о дүниеге жүріп бара жатқанда бұ дүниедегі балалар жан-жаққа қашып кетпей ме? – деп әзілдейді. Әлгі тәрбиеші:
– Қайда безеді дейсің, бізде «вай-фай» қақпаға дейін ғана жақсы ұстайды, – депті былқ етпей.
«О, тоба!» дейсің осындайды естіп. Әйткенмен, оныкі де жөн шығар. Бүгінгі балалар да бесіктен белі шықпай жатып-ақ, әлеуметтік желіге телміріп, желімдей жабысып қалған. Мультиктен бастап, мушкетерге дейін көреді. «Көшеге ойнап кел» деп жіберсең, есіктен әрі аттап баспайды. Есі-дерті – пай-пай! Соның айналасын төңіректеп жүргені. Ал тысқа тек сымсыз желінің байланысын ұстау үшін ғана беталатындай. Ал біздің кездегі пай-пайлар қандай еді десеңізші! Ойебо-о-ой, керемет еді ғой, керемет! Көшеге көбелек ұстау үшін, көрікті қыздарды көру үшін тымпыңдайтынбыз. Тұнып тұрған романтика! Өздеріне магниттей тартып тұратын еді. Ақ білегіне алақанымыз абайсызда тие қалса, тоқ ұрғандай есімізден танатынбыз. Ал бүгінгілер ондай қамсыз қарекетті ақымақ тіршілік санайтын секілді. Ал өздерінің «вай-файы» керісінше кернеуіңді бұзып, энергияңды сүліктей сорады емес пе? Сол үшін сыртқа шығу деген енді түкке тұрмайтын көди-сөди жұмыс қой. Жеткіншектер «Вай-файды» іздеп табу үшін «вай-фай» сияқты ойлау керек» дейді. Басым қатып кетті. Пай-пай тұрмақ, өзімше пайымдай алмай жүрмін. Әлде дамудың келесі сатысы ма екен? Әй, не дегенмен, қазіргі балалар ақырзаманның қазан-түйнектері-ау деп қаласың. Әңгімелерін естісең, әбіржіп кетесің.
– Біздің көңілімізді көтеріп, қорғасындай балқытатын не нәрсе?
– Махаббат!
– Жоқ, тегін «вай-фай».
Иә, бұл сымсыз бәле ғажайып сезімнен де артық боп тұр. Жақында бір тойдың үстінен топ ете түстім. Ойб-о-о-ой, тойымыз той болмады. Мылқаулардың тойы сияқты, тым-тырыс. Неге дейсіз ғой? Өйткені, тойханада тегін пай-пай бар екен. Шай-пайлатып емес, пай-пайлатып қайттық. Үйге келсем, жарық сөніп тұр. Тас қараңғы. Тек бір тұстан өлімсіреген сәуле көрінді. Сипалап жүріп бармағыммен басып қалып едім, бөлмедегі адамдардың бәрі соткісімен бірге атып шықты. Секем алып, селк ете қалдым, бірдеңені бүлдіріп қойғандай. Сөйтсем, сымсыз желі пай-пайды сөндіріп тастаған екенмін. Онсыз бұлардың тұяқ серіппейтін түрі жоқ. «Қой, жатыңдар!» деп қайта қостым. Бұл маған таптырмас тәсілге айналды. Ертесіне, бір өшіріп, «пай-пай» деп тамақ ішуге бәрінің бастарын тоқайластырдым. Екінші ретінде, кешкі шайға жинадым. Бір жағынан, кімнің үйде екенін анықтап, біліп отыратын болдым. Рахат, нағыз пай-пай екен!
Келесі күні бір танысымның үйіне қонаққа бардым. Сырластық.
– Айтпақшы, үйленем деп жүр едің ғой. Сол арумен кездестің бе?
– Иа, жолықтым.
– Енді, ыңғайы қалай екен?
– «Вай-файға» қарағанда қолжетімді.
– Сол пай-пай деген пәле деніміздің саулығын құртады екен. Қарашы, Гугл көкеміз былай дейді: «Америкалық ғалымдар «вай-файдың» радиотолқын жиілігі 0,5-2,4 Гц болғандықтан, адамға теріс әсер ететінін анықтады. Бірінші кезекте жүйке жүйесіне күшті шабуыл жасайды. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ағзаға зиян. АҚШ және Ұлыбританияда жеткіншектердің «вай-фай» қолдануына тыйым салынған.»
– Тұнып тұрған у десеңші?
– Иә. Бірақ мынаның қасында уың ойнамай қалатын сияқты. Сондағы GSM стандартты жүйесі денсаулыққа зиян екен. Үңілсек, «осыдан он жыл бұрын Швеция ғалымдары есте сақтау, ойлау қабілетін бұзатынын анықтаған. Кальцийдің сіңуіне кедергі келтіріп, бас ауруы және шаршау белгілері жиі пайда болады екен. Сондай-ақ, адам ағзасының жасушасында жантүршігерлік өзгерістерді көрсеткен. ДНК құбылған. Балалардың бет әлпетін албастыдай айнытып жіберетін мутант хромосомасы сияқты құбыжық ауру пайда болған» дейді. Қазақша айтқанда, қазан ұрған қауындай болады екенсің.
– Қорқынышты ғой.
– Айтпа.
– Енді не істеу керек сонда?
– Былай депті: «Айналада «вай-фай» жиі қосылып тұратын жерден немесе радиотолқын қайнарынан әрірек отыруға тырысқан жөн, бұл әсіресе балаларға қатысты. Қазіргі ата-аналар балаларына ынталандыру үшін жаңа гаджеттер және бүкіл байланыс техникаларын сатып алып береді. Техникалық өркениетке ерік бергенше, оларға өзінің денсаулығына зиян келтірмейтін жағын түсіндіру керек.
Сәуледен балаларыңызды және өзіңізді сақтауға тырысыңыз.»
– Сақтану жағы қиынға соғатын сияқты.
– Неге?
– Алдағы уақытта еліміз бүкіл қала бойынша пай-пай орнататынға ұқсайды. Сәулеге шомыламыз. Әйткенмен, әлгі Гугл көкеміз пай-пайдың пайдасы шаш - етектен екенін білмейтін сияқты. Мәселен, елімізде мешітке бас сұғатын пенделердің санын арттыруға болады.
– Қалайша?
– Ол үшін әрбір мешітке тегін «вай-фай» орнатса, жетіп жатыр. Бітті. Адам ағылады.
– Алланың үйіне барып, «вай-файға» ұйып отыра ма сонда?
– Мешіт былай тұрсын, тіпті «вай-файы» бар үй – клуб, «вай-файы» жоқ үй – тұлып» дегенді шығарыпты. Айтпақшы, саған бір өтінішім бар еді...
– Құлағым сенде.
– Егер мен олай-бұлай боп кетсем, қабіріме тегін «вай-фай» қондыршы. Қаралы қазама жиналған қауымның қаптап келгенін қалаймын.
– Жағың қарыссын, жақсы сөйле, айналайын.
– Жағым қарыспай тұрғанда шай-пай ішіп, «пай-пай», «вай-фай» деп ән салайықшы.
Пай-пай,
Бас қатырды-ау, «вай-фай!»
Желіккендер желіде,
Жер-жаһанда айқай.
Керең қылайын демесең,
Кет әрі, қайқай!..
Нұрсұлтан ОҚПАНҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz