Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен брифинг барысында Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы аталмыш жағдайдың анық-қанығын айтып берді.
- Жұмыстан тыс уақытта, демалыстарда шаһардағы білім беру мекемелерін аралап шығатын әдетім бар. 22 наурыз күні №6 орта мектептің жанында адамдардың қарасы қалың  екенін байқадым. Шетелдік азаматтарды көрген соң, көкейімде сұрақ туындап, көші-қон қызметінің өкілдерін шақырдым. Белгілі болғандай, олимпиада өткізуге келген Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің оқытушыларында қызметтік куәлік пен іссапар парағы болмай шықты. Әрине, Ресейдің кез келген азаматы белгілі бір уақыт аралығында Павлодар қаласының қонағы бола алады. Бірақ заңға сүйенсек, өзге елден келген меймандар тиісті органдардан ресми рұқсат алмай, қандай да бір қызметпен айналыспауы тиіс. Біз олимпиадаларға қарсылық білдірмейміз. Бірақ екі тарап арасында заңға сәйкес келісімшарт жасалуы тиіс. Өкінішке қарай, аталмыш мектеп басшылығы тестілеудің өтетіні жөнінде қалалық білім беру бөліміне ескертпеген. Әрбір қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары оқушылардың қатысуымен өтетін шараларды ұйымдастырмас бұрын білім беру басқармасымен кеңесуі керек. Біз өз тарапымыздан облыстық төтенше жағдайлар департаменті, денсаулық сақтау және ішкі істер басқармаларымен шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Аталмыш жағдай бойынша  хаттама толтырылмады. Ұйымдастырушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң, олар өз елдеріне қайтты, - дейді Дінислам Болатханұлы.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге  сәйкес, білім беру ұйымдары уәкілетті органдардың келісімі бойынша шетелдің білім беру мекемелерімен тікелей байланыс орнатуға құқылы. Бұл ретте басқарма Ресей Федерациясынан бөлек, әлемнің барлық жоғары оқу орындарымен түрлі олимпиадалар мен байқаулар өткізудегі әріптестікке дайын. Бірақ заң аясында тараптар арасында келісімшарт жасалуы керек.
- Жоғарыдағы жағдайдан кейін Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Анатолий Батаевпен телефон арқылы сөйлестім. Нәтижесінде мұндай шараларды заң шеңберінде өткізу керек деген шешімге келдік. Ресми түрде жүгінген жағдайда шараны тегін және  көпшілікпен  ұйымдастыруға әрдайым дайынбыз. Біздің мақсат - ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, -
деді Д.Болатханұлы.
Көршілес елдің мұғалімдерінің келуіне көмектескен облыстық «Славян» этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузина заң нормаларын ескермегенін айтып, өз қателігін толығымен мойындады.
Атап өтерлігі, бұл жағдайдан кейін олимпиада өткен №6 орта  мектептің директоры Галина Кулаковская өз еркімен басшылық лауазымынан бас тартып, мұғалім ретінде жұмыс істеу жөнінде шешім қабылдаған.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz