Еңбек ардагері, Екібастұз және Ақсу қалаларының  Құрметті азаматы Нұрлан Нәбиев, облыстық мәслихат депутаты, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің төрайымы Элина Паули бұл күні аудандағы Абай атындағы және М.Қайырбаев атындағы мектептерде, орталық кітапханада болып, жергілікті ұжымдармен жүздесті.
Жалпы, бұл өлкеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аз жұмыс атқарылмағанға ұқсайды. Ұстаздар қауымы әсіресе білім жүйесіндегі жаңалықтарымен көбірек бөлісіп қалуға тырысты. Айтуларынша, өңірде «Ақтоғайтану» және «Біз – Қазақстанның болашағымыз» атты жобалар іске қосылып, оқушылардың танымдық, интеллектуалдық және шығар-машылық қабілеттерін дамыту бағытында өлкетану шаралары ұйымдастырылуда. Бұған дейін Ақтоғайдың бірнеше ауылында патриоттық әндер, қолданбалы өнер, сурет салу, эссе жазу байқаулары өткізіліп, кейінгі жылдары мықтап қолға алына бастаған ұлттық «Асық ату» ойынынан балалар арасында жарыстар ұйымдас-
тырылыпты. Біраз оқушы Баянауылдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров мұражайына, Мәшһүр Жүсіп кесенесі мен Жасыбай батыр ескерткішіне, Ақтоғайдағы Естай ақын жерленген орынға барып, жергілікті тарихпен, ел аузында айтылып жүрген аңыз-хикаялармен танысқан.
Өңірде «Мектебіме тағзым» бағдарламасын өміршең етуге қалталы азаматтардың көмегі көп тигені байқалады. Білім орындарына жалпы сомасы 16 млн. 466 мың теңге демеушілік жасалып, бір мектеп әлгі қаражат есебінен күрделі жөнделген.
Бұл күні Абай атындағы орта мектепте ұстаздар мен оқушылар өлкенің тарихына қатысты тәлімдік шара ұйымдастырды. Ұл-қыздар өздерінің туған жерлері жайлы фотосуретті альбомды таныс-тырып, тарихи атаулар жайында жинаған мәліметтерімен бөлісті. Мектеп директоры Ханымгүл Солтанәлинова мұнда 372 оқушы білім алып жатқанын, 1,2 және 5,7-сыныптардың жаңартылған білім жүйесіне көшірілгенін айтып өтті. Жаңа мазмұнда сабақ беретін ұстаздардың 80 пайызы деңгейлік курстарды меңгеріп болған. Оқу орнындағы «Ақтоғайтану» үйірмесінің жетекшісі Гүлжан Нұркешова мен «Асық ойнау» үйірмесінің жетекшісі Толқын Шахманова балаларға өлкетану, ұлттық ойынды үйрету бағытында тәлімді сабақтар беруде. Биыл оқушылар Ақтоғай ауданы бойынша танымал 80 азамат жайында мәліметтер жинап, «Ақтоғайдың 80 тұлғасы» атты жоба әзірлемек.
Бұдан соң топ мүшелері аудан орталығындағы кітапханада болып, мәдениет саласында тындырылып жатқан іргелі істер жайлы тыңдады. Кітапханада бүгінде 167 мың кітап болса, соның 88 пайызы қазақ тілінде, деп әңгімеледі мекеме басшысы Ж.Жармағамбетова. Оқырмандардың сұранысы заман ағымына сай өзгеріп, бүгінде экономика мен тарихқа қатысты кітаптарға тапсырыс көп. Жергілікті бюджеттен биылға кітап сатып алуға 1,5 млн. теңгедей қаражат бөлінген. Өңір бойынша жалпы оқырмандардың саны 9 мыңнан асады дейді кітапханашылар. Аудандық орталық кітапханаға жуықта мүгедектерге кітаптардың аудиожазбаларын ұсынатын арнайы маман келеді деп күтілуде. Ал мекеменің өзі жергілікті этномәдени бірлестіктермен, зиялы қауыммен бірлесіп, түрлі шаралар өткізіп келеді.
- Биыл жерлес ақын Қ.Ыдырысовтың 90 жылдығына орай «Ақтоғай Ыдырысовты оқиды» деген жоба бастау алды. Шайырдың өлеңдері бойынша арнайы бейнеролик түсіру ойда бар. Сондай-ақ жергілікті ақындардың жинағын шығаруды жоспарлағанбыз. Алайда оған қаражат табылмай, демеуші іздеп отырған жайымыз бар, - деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бибігүл Оспанова. Сонымен бірге ол Қожамжар ауылында коворкинг-орталық құру жобасы әзірленіп жатқанын да айтты.
Ақтоғайда жыл сайын оқушы қыз балалар арасында баскетболдан Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевты еске алуға арналған облыстық жарыс өткізіледі. Қоғамдық кеңестің мүшелері аталған турнирдің ашылу салтанатына дөп түсіпті. Салтанатты рәсімге сондай-ақ облысқа танымал құрметті азаматтар, аудан басшысы Ағыбай Әмірин, Батырдың ұрпағы Мұрат Махметұлы қатысып, тұлға жайында естеліктерімен бөлісті. Биылғы жарыс Астананың 20, Павлодар облысы мен Ақтоғай ауданының 80 жылдық мерейтойлары аясында, Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған. Бәсекеге Ақтоғай мен Ертіс аудандарынан және Павлодар мен Ақсу қалаларынан 6 команда қатысып, шеберліктерін сынады.

Мұрат АЯҒАНОВ
Ақтоғай ауданы.

saryarka-samaly.kz