Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Мұхтархан Манап биыл 75 жасқа толып отыр. Жуықта актер мерейтойына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өзінің көрермендерімен және замандас әріптестерімен кездесті. Қазіргі таңда Елордадағы Жастар театрына жетекшілік жасап, қарамағындағы талантты жастарға өмір мен өнерде түйгенін үйретіп жүрген майталманның алдына қойған мақсаттары да жетерлік.
- Жерлестерімнің атаулы датаны ұмытпай, құрмет көрсеткеніне ерекше қуанып отырмын. Азды-көпті осы өлкедегі қазақ театрында 25 жылдан астам уақыт еңбек еттім ғой. Жалпы, өнер жолында менің жолым болды деп айта аламын. Себебі мен ойнамаған басты рөлдер кемде-кем. Сонымен қатар сахнадағы образдарымның басым бөлігі жағымсыз кейіпкерлер болды. Бұл тұста да мен режиссер мен автордың нұсқауынан шықпай қалдым деп айта алмаймын. Әр кейіпкерімді сахна төрінде ақтап алуға тырыстым. Не себепті ол адамның сондай қатыгездікке, жамандыққа барғанын, неге жанындағы достарын сатқанын барынша ашып көрсетуге тырыстым. Бұл менің актер ретіндегі басты міндеттерімнің бірі ғана, -
деді ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап.
Мерейтойлық басқосу барысында М.Манаппен бір сахнада өнер көрсеткен әріптесі, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі Рауза Тәжібаева бірге өткен күндерді еске алды.  
- Мұхтархан екеуіміз 20 жылдан астам уақыт бір сахнада өнер көрсеттік. Талай қойылымдарда серіктес болып, елдің ықыласына бөлене білдік. Мұхаңның облыстық қазақ театры үшін жасаған еңбегінің өзі бір төбе. Өзі басшылық етіп отырған жылдары қол астындағы әртістердің жағдайына қарап, театрдың бүгінгідей сән-салтанаты жарасып тұруына барын салды. Сондықтан біздің ұжым үшін бұл кісінің орны әрқашан төрден болмақ, - деді Р.Тәжібаева.
Осы орайда Р.Тәжібаева әріптесіне театр атынан берілген Алғыс хатты табыс етті. Кездесуге орай актердің өмірі мен өнерінен сыр шертетін «Өмір өсірген өнер иесі» атты фотокөрме көрермен назарына ұсынылды.

saryarka-samaly.kz