Тоқсан минут бойы алма-кезек шабуыл өрбітіп, бірін-бірі ала алмаған қос қарсылас 15 минуттан тұратын екі овер-таймда да мықтыны анықтай алмады. Кездесудің тағдыры ойыннан кейінгі пенальтиде ғана шешілді. Қарсыластар қақпасына жеңіс добын соққан - команда капитаны Руслан Есімов.

- Команда осымен үшінші рет басқа өңірлерге қонаққа барып, кездесулер өткізуде. Бұл спортшылар үшін өте ауыр. Бүгінгі ойын шынымен де тартысты өтті. Бізге сәттілік серік болғаны үшін қуанып тұрмын. Футболшылармен бірге Таразға келіп, командамызға жанкүйер болған павлодарлық жерлестерімізге ризамын,- деді команда капитаны Руслан Есімов кездесуден соң.

Осымен ҚР Кубогының келесі кезеңіне өткен командалар белгілі болды. Алдағы уақытта қарағандылық «Шахтер», қызылордалық «Қайсар», қостанайлық «Тобыл», атыраулық «Атырау», оңтүстік қазақстандық «Мақтаарал», алматылық «Қайрат», шымкенттік «Ордабасы» командалары жасыл алаңда тер төгеді. Командалардың жұптасуы 25 сәуір күнгі жеребе тарту рәсімінен соң белгілі болмақ.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz