Елімізде жекешелендірудің екінші толқыны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған болатын. Оған сәйкес, еліміздегі ірі ұлттық компанияларды жекенің қолына беру көзделуде. Мәселен, бірнеше жылдан бері Қазақстанның тұрғын үй жинақ құрылыс банкі саудаға шығарылғанымен, сатып алушы табылған емес. Себебі, ондай қомақты активті сырттан келетін қалталы біреу болмаса, іштен ешкімнің сатып алуға әлеукеті жетпейді.

Жыл басында Үкіметте өткен жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Самұрық-Қазына» активтерін сату және шетелдік инвестиция іздестіру бағытында Қытайдың Шанхай қаласында және Ресейдің Мәскеуінде Инвестор күнін өткізу жоспарланғанын айтқан болатын. Бұл жолғы Шанхай қор биржасындағы таныстыру іс-шарасы Қордың 215 активін бәсекелестік ортаға беруді қарастыратын Жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді.

Қордың энергетика, көлік және логистика, тау-кен және мұнай-химия салаларындағы еншілес компанияларының өкілдері қытайлық кәсіпкерлерге Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндіктері, компаниялардың даму қарқынына байланысты бәсекелестік артықшылықтары, өңірлік және жаһандық нарықтың шарттары жайлы кеңінен баяндады.

- Қордың және оның еншілес компанияларының дамуы Қазақстандағы оң өзгерістердің негізінде жүзеге асырылуда. Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, ондағы жеке секторды белсенді түрде кеңейтуде және экономиканы жаңғыртуда зор табыстарға қол жеткізуде. Мен біздің қытайлық әріптестерді «Самұрық-Қазынаның» мұнай мен газ, көлік пен логистика, тау-кен мен телекоммуникация салаларындағы жобаларға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамын, - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Қордың 9 ірі компаниясының жетеуін ІРО арқылы жекешелендіру жоспарланған. Бұл активтердің саудасы 2020 жылға дейін кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Қордың «Қазақтелеком», «Эйр Астана» және «Қазатомөнеркәсіп», екінші кезеңде «Самұрық-Энерго» және «Қазмұнайгаз», үшінші толқын аясында «Қазпошта» және «Қазақстан темір жолы» компанияларындағы үлесі сатылады. Жоспар бойынша екі актив стратегиялық инвесторға сатылады: «Тау-Кен Самұрық» және Qazaq Air.

- ТМД елдерінің арасында Қазақстан көлемі бойынша Қытайдың екінші сауда серіктесі болып табылады және инвестициялар үшін басымдыққа ие. 2017 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда-саттық 18 млрд. АҚШ долларына жетті. Қазақстан үшін «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысу және «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру екі елдің ынтымақтастығында маңызға ие инвестицияларға және инфрақұрылымды салуға жаңа мүмкіндіктер ашады, - деп атап өтті Шанхай қор биржасының президенті Хуан Хунъюань.

«Самұрық-Қазына» басшылығының пікірінше, жекешелендіру – Қордың даму стратегиясын жүзеге асыруда басты рөлге ие. Бұл компаниялар тобының бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін арттыруға, корпоративтік басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Стратегиялық инвесторлармен орнатылған әріптестік арқылы кәсіпорындар үшін жаңа технологиялар қолжетімді болмақ. Бүгінде Қордың кейбір еншілес компанияларында жеке акционерлер бар. Мәселен, Қазақстандағы телекоммуникациялық нарықтың көшбасшысы «Қазақтелеком» АҚ немесе «Эйр Астана» АҚ. «Тұлпар-Тальго» испаниялық Talgo компаниясымен бірлесе жолаушылар вагондары өндірісін оң жолға қойды. «Локомотив құрастыру зауыты» франциялық Alstom компаниясының технологияларын пайдаланып, электровоздарды шығарады. Қор инвестиция есебінен алынған қаржыны жаңа жобалар мен салаларды дамытуға бағыттауды жоспарлап отыр.

Айта кетелік, Үкімет қаулысы негізінде қабылданған Жекешелендірудің кешенді жоспары 2016-2020 жылдарға арналған. Жоспарға сәйкес жекешелендіру бойынша жұмыстар 2018 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Бірақ оны іске асыруға келгенде біраз түйткілдер туындап отыр. Бұл жайында бірнеше мәрте Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өткізген мәжілісінде қаралған болатын. Ол жиындардың қорытындысында Премьер-Министр жекешелендіруге қатысты істерді жеделдетуге тапсырма берген еді:

- Елбасы тапсырмасын орындауымыз керек. 2018 жыл – ең соңғы мерзім. Сылтау, түсініктемелер қабылданбайды. Сондықтан тоқсан сайын атқарылған істер туралы мәлімдеп тұруды тапсырамын. Онда да облыстар бойынша нақтылап, талдап көрсетуді тапсырамын. Бүгінгі мәліметтеріңізден ештеңені айқын көру мүмкін емес. Талдау арқылы көрсетілсе, қай облыстың қандай нәтиже көрсетіп жатқанын анық байқаймыз, - деді Б.Сағынтаев.

Сөз арасында айтылғандай, жыл басында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жекешендірілуі туралы жаңалық тарады. Банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимованың түсіндіруінше, аталмыш жүйе баспананы көпшілікке қолжетімді етуге елеулі үлес қосып келеді. Ендігі жерде банктің стратегиялық әріптес іздеуі осы бағыттағы жұмысты ширатады. Халықаралық тәжірибесі бар қаржылық институт араласатын болса, бұл жұмыс банктің ісін дамытатын болады. Одан ең алдымен клиенттер ұтады, себебі жетілдірілген технологиялық қызметтерді пайдаланып, тиімді өнімдерді қолдана алады.

Мәжіліс депутаттары болса, банкті жекешелендірмес бұрын халықтың жағдайын ойлау керек дегенді айтып отыр. Бүгінде аталмыш банктің депозиттік қоры 520 млрд. теңге, яғни 1 миллионнан астам салымшысы бар. Ендігі жерде мемлекетке сеніп қалған адамдардың жағдайы нешік болмақ? Банк Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының бірі «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға да қатысатын болар. Жаңа инвестор келсе, салымшыларға ұсынылатын жеңілдіктер мен сыйақы төлеуді жойып жібермей ме, деген де ойлар айтылуда. Банк басшылығы бұған тойтарыс беретіндей жауап қатты. Баяғы – жекешеленсе де, бәрі мемлекеттің бақылауында қала береді.

Жалпы, жекешелендіру мәселесі туралы айтылғанда, әңгіме тек ірі компаниялар туралы ғана қозғалмаса керек. Бұл ретте аурухана, емхана, диагностикалық орталық секілді әлеуметтік нысандар да жекенің қолына өткізіліп жатқаны белгілі. Құзырлы органдар олардың иесі ауысқанмен, қызметі сол қалпы қалады, бақылауда болады дегенді айтып жұбатып отыр.

Экономикалық тиімділікті көздеген Ұлттық экономика министрлігі кішігіріп объектілердің саудасымен бас қатырмай, «Самұрық Қазына» сияқты ұлттық қор активтерін сыртқа таныстыруды әрі қарай жалғастыра бермек. Ендігісі жоспар бойынша Мәскеу қаласы болмақ.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz