Кек

Былтыр Успен ауданының әкімдігі домалақ арыздардың астында қалды. Жергілікті Тобылжан ауылының әкімі Владимир Иртлач аудан және облыс басшылығына қатысты айыптауларды жасырын жазылған арыз бетіне түсіріп, өкілетті органдарға жіберіп отырған. Кейбірінің астына өзіне таныс аудан тұрғындарының тегін жазып, қол қойған. Шағым түскеннен кейін оны тексеруге шыққан комиссия не арыз иесін, не келтірілген деректерді таппай, бір жыл бойы әуре болыпты.

Атап айтсақ, 2017 жылдың қаңтар-ақпан айында Павлодар облысы әкімінің аппаратына Успен ауданынан жеті арыз-шағым хаты түскен. Олар Ахромеев, Оноприенко, Сүлейменов, Исабаев, Жұматанов, Селантьев және Жұмабеков есімді тұрғындардың атынан жолданған-мыс. Алайда, кейін ауданда мұндай адамдардың мүлде тұрмайтыны анықталды. Аталған хаттарда аудан, облыс әкімдігінің кейбір лауазым иелерін, мемлекеттік қызметкерлерді аттестациядан өткізу комиссиясының жұмысын қаралайтын ақпараттар жазылған. Әрбір шағымға қатысты тиісті мекемелер тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде, бұл арыздың барлығын бір ғана адам жазғаны дәлелденіпті.

Домалақ арыздың иесін Павлодар облысының әдеп бойынша уәкілетті өкілі Юрий Фельдман әшкерелеген. Ол мәселені зерттей келе, алғашқы домалақ арыздың жазылған уақыты Успен ауданына қарасты Тобылжан ауылының әкімі В.Иртлачтың мемлекеттік аттестациядан өте алмау кезеңімен сәйкес келетінін анықтаған. Шенеунік сол арқылы кек алуға тырысқан сыңайлы. Тексеру барысында домалақ арыздардың жалпы саны оннан асып жығылатыны белгілі болды. Алайда олардың көбінде жазған адамның аты-жөні, мекен-жайы болмаған соң арыздар қаралмаған. Ал жоғарыда аталған аты-жөні белгілі жеті арыз хатының сыртындағы мекенжайды бір адам жазғаны байқалған. Құжаттарды салыстыра келе, қол жазуы Тобылжан ауылының әкімінің жазуымен бірдей екені дәлелденді. Алғашында В.Иртлач хаттардың сыртындағы мекенжайды ауыл тұрғындарының өтініші бойынша толтырып бергенін айтып, ақталған.

- Тексеру барысында тағы бір жайт күмән тудырды. Домалақ арыздар облыс әкімінің атына жолданған. Алайда, барлық хатта аймақ басшысының фамилиясын жазғанда бірдей қате жіберілген. Бұл – сәйкестік болуы мүмкін емес, - дейді Ю.Фельдман.

Тобылжан ауылы әкімінің кінәсі дәлелденді. Ол Мемлекеттік қызмет туралы заңды және Этика кодексін бұзғаны үшін жұмысынан қуылды. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Әділбек Мұқашевтің айтуынша, этика бойынша уәкілетті өкіл арнайы тексеру жүргізіп, домалақ арыздың иесін өзі әшкерелеуі елімізде алғаш рет орын алып отырғанын айтады.

«Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан»

Тағы да Успен ауданы. Бұл жолы кемшілік жергілікті жер қатынастары бөлімінен кеткен. Аталмыш мекеме жер учаскелерін шаруа қожалықтарына жалға беру туралы келісімшарт жасасқан кезде екіжақты талаптарға өз қажеттіліктерін «қыстырып» жіберуді жөн санаған. Дәлірек айтқанда, ел қажеттіліктерін. Келісімшартқа сәйкес жерді жалға алған шаруалар аудан әкімдігіне түрлі мерекелік шараларды өткізуге демеушілік көмек көрсетуге міндеттелген. Сол арқылы шенділер бір оқпен екі қоянды қатар атып алуға тырысқан сыңайлы. Яғни, бос жатқан жерлерді жалға беріп, той тойлауға қаражат табуға тырысқан. Ал «бұл талаппен келіспесеңіздер, жер берілмейді» деп кәсіпкерлерді тығырыққа тіреген. Көнгендері көніп, көнбегендері тиісті органдарға шағымданыпты. Нәтижесінде, тексеру жұмыстары жүргізіліп, жерді жалға беру туралы келісімшарттың заңсыз құрылғаны анықталған. Успен ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Андрей Смердовтың лауазымын төмендету туралы шешім шығарылған.

Сыйдың да сұрауы бар

«ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге маңызды міндеттер мен талаптар жүктелгені белгілі. Соның ішінде, лауазым иесі қызмет бабында ешкімнен сыйлық алуға, беруге құқы жоқ. Ол үшін әкімшілік және қылмыстық жаза қарастырылған. Ал егер кімде-кім сыйлықты мемлекеттік қызметкерге айтпай, білдіртпей тастап кететін болса, онда ол сыйлық жеті күннің ішінде арнайы мемлекеттік қорға тапсырылуы қажет.

Облысымыз бойынша мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері Павлодар қаласының білім беру, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдерінде, сондай-ақ, Екібастұз қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде арнайы тексеру жүргізген. Нәтижесінде, шенеуніктердің кеңселерінен заңсыз алынған сыйлықтар анықталыпты. Оардың көбі суреттер мен гүл салатын ыдыстар болып шықты.

Жалпы, былтыр облысымыздың мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне мемлекеттік қызмет-керлермен 47 сыйлық тапсырылған. Оның ішінде, суретшілердің 12 туындысы, 12 гүл салғыш ыдыс, 1 қорап шоколад, 1 қорап темекі, кәдесый түрінде жасалған 3 қылыш, 5 кәдесый, 3 мүсін, 1 сағат, 1 жасанды гүл және 8 шөлмек алкогольді ішімдік бар. Оның біраз бөлігі электронды сауда арқылы сатылып кеткен. Қалған бөлігі осы айда саудаға шығарылды.

Аналық «қамқорлық»

Екібастұз қаласының статистика басқармасының басшысы Халима Қожахметова қызметтік көлігінің тізгінін өз ұлына тапсырыпты. Бір күнге. Шенеуніктің бұл әрекетінің арты қайғылы сипатта аяқтала жаздады. Анасы басшылық етіп отырған мекемеге тиесілі «ВАЗ» маркалы темір тұлпарды тізгіндеген жігіт жол-көлік оқиғасына себепші болыпты. Ол қала көшесінде жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «Тойота» маркалы жеңіл автокөлікпен соқтығысып қалған. Жапондық көлік иесі жарақат алыпты.

Х.Қожахметова өз кінәсін толық мойындап отыр. Оның айтуынша, қызметтік көліктің жүргізушісі бір күнге жұмысынан сұранып кеткен көрінеді. Сол күні шенеунік жұмыс бабымен шұғыл түрде бірнеше заңды тұлғалардың мекенжайын аралауы қажет болған. Амалдың жоқтығынан көлік тізгінін уақытша өз баласына сеніп тапсыруға мәжбүр болыпты-мыс.

Атап өтерлігі, Екібастұз қаласының статистика басқармасының басшысы баласы соқтығысқан көлік иесіне барлық шығынының орнын толтырып берген. Шенеуніктің өзі де, баласы да тәртіптік жазаға тартылыпты. Алайда Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері жәнен жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Ә.Мұқашевтің айтуынша, мұнда бір гәп бар.

- Х.Қожахметованың баласына қатысты тәртіптік жаза жол-көлік оқиғасынан бір жарым ай өткеннен кейін ғана қолданылған. Сондықтан жергілікті ішкі істер департаментінің башылығына осы іске қатысты қызметтік тексеру жүргізуді ұсынамыз. Мұнда сыбайластық фактісі болуы мүмкін. Онымен қоса, Екібастұз қаласының статистика басқармасының басшысы қызметтік көлігін ұлына бір күнге ғана берді ме әлде оған дейін де мұндай жағдайлар орын алды ма, ол ашық күйінде қалып отыр, - дейді Ә.Мұқашев.

Қалай болғанда да, жоғарыда аталған жол-көлік оқиғасы болмаса, Х.Қожахметованың бұл әрекеті жайында ешкім білмес те еді. Енді осы олқылығы үшін шенеунік қызметінен шеттетілуі мүмкін.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz