«SEORIN Construction» компаниясының президенті Пак Маниль бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесуінде айтты.

- Біздің компания жылына 100 мың шаршы метрге дейін баспана салуға қауқарлы. Павлодар қаласында да осы бағыттағы бірлескен істі бастағымыз келеді. Әріптестеріммен бірге құрылыс жүргізіліп жатқан алаңдарда болып, Достық шағын ауданының даму жоспарымен таныстық. Байқауымызша, жаңа ауданның әлеуеті жоғары. Мұндай ірі жобаға қатысқымыз келеді. Тіпті, баспаналарды өз қаржымызға салуға әзірміз, - деді Пак Маниль.

Аймақ басшысы Болат Бақауов бұл ретте баға саясатының маңызды екенін атап өтті.

- Егер сіздер салған пәтерлердің бір шаршы метрінің құны 150 мың теңгеден аспаса және оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық бағдарламасы арқылы сатылымға шығара алсақ, коммуникациялар жүргізілген жер учаскесін беруге болады. Одан бөлек, баспаналардың бірінші қабатын коммерциялық жобалар үшін қарастырғандарыңыз жөн. Осы орайда Достық шағын ауданының құрылысына қатысатын павлодарлық үй салу комбинатының жұмыс барысымен танысуды ұсынамын, - деді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы оңтүстік кореялық компания өкілдеріне Павлодар қаласында салынатын 1500 орындық концерттік залдың құрылысын жүргізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz