«Армысың, Әз Наурыз» деп аталатын мерекелік шара қала қонақтарына ерек- ше көңіл-күй сыйлады. Игі бастаманы қолға алған Естай атындағы мәдениет сарайының директоры Асылбек Сапарбекұлы бұл мерекені тойлау араға жылдар салып қайта жалғасып отырғанын атап өтті.

- Соңғы 7-8 жылда Естай атындағы мәдениет сарайы Ұлыс күнін осындай сипатта алғаш рет тойлап отыр. Ұжымымыз- да 100-ден астам адам қызмет етеді. Оның ішінде 68-і - өнерпаздар. Бәрінің өнерін тамашалау мүмкін бола қоймас, дегенмен қонақтарымыз әсем ән тыңдап, би тамашалап, мерекелік көңіл-күймен тарқасады деген ойдамын, - деді Асылбек Сапарбекұлы.

Шара барысында қаланың мәдени өміріне белсене араласып, БАҚ арқылы ақпараттық насихат жүргізіп, мәдениет сарайының іс-қызметіне қосқан үлесі үшін бірқатар журналистер мен қызметкерлер марапатталды.

Айта кетелік, биыл Павлодар өңірінде 40 күн тойланатын Наурыз мерекесі 30 сәуірде түйінделеді. Қорытынды шарада ең әдемі ұлттық киім киген тұрғындарға сыйлықтар табыс етіледі. Мерекеге орай Астана қаласындағы «Жадо» сән театры, «Нұр», «Томирис», «Шаңырақ», «Шернияз» бишілері және жылдың 12 айын бейнелейтін хайуанаттар кейпіндегі қуыр-шақтар өз өнерлерін көрсетеді. Орталық алаңда жас суретшілердің және шеберлердің ұйымдастыруымен ұлттық дәстүрден сыр шертетін декоративті «Тайқазан», «Сәукеле», «Бөрік» сияқты инсталляциялар орнатылады. Еліміздің әр облысы және Астана, Алматы қалаларынан арнайы мерекемен құттықтауға келетін әншілер «14x16» немесе «Өңірлерден сәлем» форматында басты сахнада өнер көрсетіп, облыс тұрғындарын мерекемен құттықтайды. Ұлыстың Ұлы күніне Парвиз Назаров, Қуандық Рахым, Диана Шарапова сияқты эстрада жұлдыздарын, «Аюми» тобын шақыру ұсынылған.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz