Берік Әлібайдың қолынан шыққан зергерлік бұйымдардың ерекшелігі бағалы металдар мен тастарында ғана емес, бұл бұйымдар қазақ халқының үздік дәстүрлерінен сыр шертеді.

Зергер әшекей заттарды жасау барысында бедерлеу, тегістеу, асыл тастармен көмкеру секілді әртүрлі әдістерді қолданады.Көрмедегі заттардың ішінде асыл тастармен безендірілген сақина, білезік, түйме, сәукеле секілді әйел адамдардың бұйымдары ерекше көз тартады. Сонымен қатар, айбалта, қанжар, қылыш, кездік, пышақ секілді күміспен күптелген қару-жарақтар да сөреден орын алған.

- Жастайымнан осы кәсіппен айналысамын. Жұмыстан қолым қалт еткен кезде шеберханаға баруға асығамын. Ұлттық қолөнермен айналысу маған рухани азық сыйлайды. Қолөнермен қоса көне ғасырларда ата-бабаларымыз жасаған зергерлік бұйымдарды жинақтаумен айналысамын. Бабалардың жүріп өткен жолын, сан қилы тағдырын мирас етіп қалдырған көне жәдігерлерінен байқауға болады, - дейді зергер Б.Әлібай.

Көрмеде XVIII ғасырдан бастап біздің заманымызға дейінгі ұлттық қолөнер бұйымдары көрермен назарына ұсынылды.

Берік Әлібай Қазақстан дизайнерлері Одағы және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері. 2014 жылы «Мұсылман әлемінің құрметті зергері» орденімен марапатталған. Оның авторлық жұмыстары «Тәуелсіздік сарайындағы» этнография және қолданбалы өнер галереясында, ҚР Тұңғыш Президентінің музейі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейі мен ҚР Ұлттық музейі қорларында, сондай-ақ жеке коллекционерлер мен шетелдік галереяларда сақтаулы. Қазіргі уақытта Берік Әлібай ҚР Ұлттық музейінде консервациялау және қалпына келтіру орталығының жетекшісі болып қызмет атқарады.

Шараға жергілікті қылқалам шеберлері, қолөнершілер, зергерлер, студенттер және мектеп оқушылары қатысты.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz