Болыстың жиені

«Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы», бұрынғы «Қызыл тудан» едім» дегенде дауысы жарқын шыққан Тәуекел аға: «Бұрынғы «Қызыл ту» ма? Бұл менің бала кездегі сырласым ғой!» деп, туған жерінен іздеу салып жатқанына риза болып, елпілдеген көңілін танытқан.

Шын мәнінде, Сламбек ағаның Ертістің бойынан Алатау баурайына арман қуып кеткеніне де 50 жыл болған екен. Одан бері Қарт Ертіс қаншама тасыды...

- Туған ауылым - Павлодар облысының ең бір шалғай жатқан Жаңабет ауылы. Ертеректе Михайлов ауданы, Амангелді колхозының, кейін Железинка ауданы, «Озерный» совхозының бөлімшесі болған.

Ауылымызда жеті жылдық мектеп бар болатын. Оны аяқтаған соң, Талапкер мектебінде интернатта жатып оқыдым. Бірақ бұл мектептің де жоғарғы кластары жабылды. Аудан бойынша тек Еңбекші ауылында ғана қазақ орта мектебі қалды, бірақ онда интернат болған жоқ. Сөйтіп, әуре-сарсаңға түстім. Ағам Павлодарда жұмыс істеуші еді, соны пана тұтып, Абай атындағы №10 мектепке 9-шы сыныпқа бардым. Бірақ мұнда интернаттан орын табылмай, Железинка ауданына қайтып, «Веселый труд» орыс орта мектебіне ауыстым. 9-шы класты Новосібір облысының, Шылым ауданының Ужаниха орта мектебінде оқыдым. Мұнда әкемнің кіші інісі тұратын. Бірақ бұл жер де маған тұрақты мекен бола алмады. Қазақ балаларының кейбір мұғалімдер тарапынан көретін әділетсіздіктеріне төзе алмадым. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімен ара қатынасымыз шиеленісіп, алғашқы каникулдан кейін-ақ бұл мектептен қол үзуге тура келді. Оқуға бармай қалғаным, әсіресе, анамның жанына қатты батты. Ол кезде сол жеті класпен оқуды аяқтаған ауылдас достарымның қатарында қалып қояды деп қорықты, деп еске алады балалық шағын режиссер.

Әңгімелеуінше, ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болған. Өз әкесі дүниеден ерте өткен соң, өгей деуге болмайтын, аруағы шат болғыр, Көпей әкесінің тәрбиесінде болады. Ол - кезінде колхоз төрағасының орынбасары болған, Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Анасы Мағыпира қолөнерін әспеттеуші, суретші деуге болады, өте шебер адам болған екен. 93 жасқа келіп дүниеден өтті.

- Бүгінгі Железин ауданының солтүстік-шығысы кезінде Қаугөл болысы болып есептелген. Болыс болған нағашы атамыз Мұқаметжан Едігеұлы елге танымал ақыл иесі, дана, шешен адам екен. Ағам Ескен екеуіміз осы атамыз бен Ырысалды әжеміздің қолында тәрбиеленіппіз. Ел сыйлаған дана ақсақал 1951 жылы дүние салған. Кейін есейген шағымызда әке-шешеміздің атын айтып танысқаннан гөрі «Едігенің Мұқаметжанының жиеніміз» деген тіркес танымайтын жұртқа ерекше әсер ететін...

Ұлтқа қызмет - мінезден

Оқу үлгерімі жақсы баланың болаша-ғынан әсіресе анасы көп үмітті еді. Арада бір жылды егіншілер бригадасында күрек ұстап өткерген бозбала қиқар мінезімен де танылып үлгерген. Сурет салуға да машықтанып бастаған. Анасының айтуымен көп ұзамай оқуға түсуге бел буады. Ағаш чемоданын қолына ұстап, Алматыға бір-ақ тартады. Н.Гоголь атындағы сурет училищесіне барса, салған суреттер жинағың жоқ деп кері қайтарады. Көше аралап келе жатып КСРО Мемлекеттік банкінің Алматы есеп-кредит техникумы деген оқу орнына тап болады...

1967 жылы осы техникумды қызыл дипломмен тәмамдап, Кейін Мәскеудің Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының киноөндірісін ұйымдастыру (продюсерлік) факультетіне бару ұсынылады.

«Міне, осылайша тағдырдың жазуымен кино өнеріне деген құпия сүйіспеншілігім қайтадан оянды. 1971 жылы институтты қызыл дипломмен тәмамдап, «Қазақфильмге» жолдама алып, Алматыға жас маман ретінде оралдым», дейді өмірлік бағытын айнымай тапқан Сламбек аға.

С.Тәуекел өзінің еңбек жолы сәтті өрілгенін айтады. Жеті жыл Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары, 10 жыл Мемлекеттік кинематография комитеті төрағасының орынбасары – киностудия директоры қызметін атқарған. Киноөнері бойынша көркемдік кеңестің төрағасы болған.

-Санамда ыстық болып сақталған бұл жылдарымды өмір мен өндіріс, шығармашылық пен өнер университеттері деп атауға әбден болады. Қазақ киноөнерінің хас шеберлері Сұлтан-Ахмет Қожықов, Мәжит Бегалин, Әзірбайжан Мәмбетов, Абдолла Қарсақбаев, Ораз Әбішев, Әмен Қайдар, т.б. суреткерлерден тәлім алдым. Өзбекәлі Жәнібеков пен Михаил Есенәлиевтей қоғам қайраткерлері, Камал Смайылов, Лейлә Ғалымжанова, Олжас Сүлейменов сияқты кинокомитет төрағалары-министрлермен қызметтес болуым қанат бітірді. Қалтай Мұқаметжанов, Әбіш Кекілбаев, Әкім Тарази, Төлен Әбдіков, Мұрат Әуезов сынды әдебиет және мәдениет қайраткерлерімен бірге атқарылған істер кино өнерінің қыры мен сырын мейлінше тануға, тәжірибе салмағын көбейте түскенін айтпауға болмайды, - дейді өмірлік баспалдағын есіне алған өнер иесі.

Жүректен шыққан «Жерұйық»

С.Тәуекелдің атағын аспандатқан еңбегі – мақала басында атап өткендей, «Жерұйық» драмасы болды. Зорлықпен көшірілген ұлт өкілдерінің қазақ топырағынан пана тауып, мұндағы жұрттың жанашырлығы арқасында ұрпағын сақтап қалғанын бейнелейтін трагедияға толы, нағыз халықтық кино болып шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да жоғары бағасын алды.

Режиссердің өзі «қазіргі кино Тәуелсіздігіміздің қажеттілігіне қызмет ету керек» деп есептейді. Әсіресе, ұлтаралық қатынас - өте нәзік материя! «Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар туралы фильм жасасақ» деп, ұлты кәріс әріптесім Лаврентий Сонға хат жазып, ұсыныс жасадым. Тез арада сценарийдің алғашқы нұсқасын көркемдік кеңеске ұсындық. Бірауыздан қолдау тапты. Бізге жұмысты жеделдету туралы талап қойылды. Сөйтіп, 2010 жылдың аяғында фильм дайын болды. 1,5 жыл өндірісте болды.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясында жасаған баяндамасында фильмге оң баға бергені, әрине, еңбегіміздің зая кетпегенін сипаттайды. Шешенстанның астанасы Грозный қаласында болған көрсетілімнен кейін бір шешен ақсақалының: «Қазақ халқының бақыты үшін бір шешеннің басы керек болса, мен қазір беруге дайынмын» деп қазақша айтқанда, бүкіл зал тік тұрып, қол соқты, - дейді майталман маман.

Режиссердің айтуынша, қазақтың талантты актері Болат Әбділманов сомдаған Орынбай Берсүгіров образы - қазақ халқының қиын-қыстау кездерінде топты жарып шыққан нағыз жанашыр, біртуар қайраткерлердің жиынтық бейнесі. Жанбаев, Алдабергенов, Бердіқұлов секілді халық ішінен шыққан көптеген шаруашылық басшылары ел жадында берік сақталып қалған..

Әрине, Сламбек Тәуекел «Жерұйық» фильмін дүниеге әкелгенге дейін де бірталай мазмұнды туындылар түсірген.

Жалпы алғанда, өмірінің 40 жылы кино өнерімен байланысты. Осы аралықта көптеген түйткілді дүниелерді бастан кешірді. «КСРО кезінде кино мәселелері толығымен Мәскеуде шешілетін еді ғой. Тәуелсіздік алғаннан кейін, басқа Қазақстанның киноөндірісі тоқтаусыз дамып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев- тың назарынан түспейтін салаға айналды. Кеңес заманында киноөнерінің шешуші мамандарын тек қана Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты оқытатын. Квота деген шешілмейтін мәселе болатын. Жылына 4-5 адам ғана қабылданатын. Міне, осы күрделі проблема Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік Өнер академиясының құзырына тапсырылды. Осының арқасында қазір Мәскеуде де кадрлар даярлау жалғасуда. Киноөнерінің дамуын қаржыландыру мәселесі де өз шешімін тапқанға ұқсайды», дейді келешектің кілті туралы толғанып.

18 миллионнан сәл ғана асатын халқы бар Қазақстан үшін кино өнері тек қана мемлекеттің қамқорымен ғана дами алатындығы туралы мәселе – аксиома екенін түсінуіміз керек дейді тағы.

- Кезінде қазақтың майталман режиссерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мәжит Бегалин мен Сұлтан-Ахмет Қожықов өздерінің армандарын орындай алмай кетті. Мәжекеңнің «Артымызда Москва», «Мәншүк туралы ән» фильмдері одақ бойынша ресми түрде «Отан соғысы туралы ең таңдаулы фильмдер» қатарына жатқызылды. Қырғыз режиссері Болот Шәмшиевтің «Снайперлер» фильмі Әлия Молдағұлованың ерлігіне арналған болатын. Ендігі біздің және кейінгі ұрпақтың алындағы үлкен парыз - ол жаңағы ағаларымыздың тақырыптарын жалғастыру екені көркемдік және сарапшылар кеңестерінде жиі айтылады, - деп сөзін түйіндеді сұхбаттасымыз.

Жерлестері жараса...

Биылғы сәуір айында 70 жылдық белесін қарсы алған танымал кино өнерінің қайраткері, жерлесіміз Сламбек Тәуекелдің өнері мен өмірі туралы республикалық газеттер мен телеарналар жарыса жазып-көрсетуде. Жоғары оқу орындарында да тұлғаның шығармашылығына арналған кештер мен кездесулер өткізілуде. Өкінішке қарай, С.Тәуекелдің туған жері – Павлодар өңірі тым-тырыс.

Осы орайда еске түседі...

2013 жылы мамыр айында облыс әкімі Ерлан Арынның қолдауымен облыстың кинотеатрларында С.Тәуекел фильмдерінің апталығы өткізілді. Үлкен кездесу өткізіліп, оған кинорежиссер Сламбек Тәуекелдің өзі арнайы шақырылды. Қолпаштап келгендердің қатарында Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, «Құрмет» орденiнiң иегерi, «Жерұйық» фильмiнде Орынбай ақсақал рөлін сомдаған актер Болат Әбділманов жүрді. Бұл кездесу С.Тәуекелдің 65 жылдық мерейтойына арналды. Оның өзімен Достық үйінің концерттік залында кездесіп, әңгімелесудің сәті де түскен еді.

Биылғы жылы да танымал өнер адамы, кинорежиссер С.Тәуекелдің 70 жылдық мерейтойына орай жерлестері қарсы алып, өнерін құрметтеп, өзін төбемізге көтеріп жатса, өрісіміз кеңейетін еді деп ойлаймыз.

Қазақ киносында Сламбек Тілеуғабылұлы Тәуекелдің өнер жолы сайрап жатыр.

Газет оқырмандары атынан ұзақ ғұмыр тілейміз, аға!


Сламбек Тілеуғабылұлы Тәуекел – кино- режиссер, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет белгісі» орде- нінің иегері. 1948 жылы 2 сәуірде Павлодар облысы Михайловск (қазіргі Железинка ауданы Жаңабет ауылында) дүниеге келген. 1971 жылы Бүкілодақтық Кинема- тография институтының экономика факультетін бітірген, 1971-91 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында әртүрлі қызметтер атқарды. 1991 жылдан бастап шығармашылық жұмыстармен айналысады. «Батыр Баян» (1993), «Махамбет» (2008), «Махамбеттің қылышы» (2006), «Жерұйық» (2011) фильмдерін түсірді. Бірқатар деректі фильмдердің авторы.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz