Бұл туралы облыстық әкімдікте алғашқы тоқсанды қорытындылаған жиында айтылды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Өкінішке қарай, бірқатар көрсеткіш көңіл көншітпейді. Айталық, Павлодар ауданында ет, Павлодар, Ақсу қалалары мен Баянауыл ауданында сүт өндірісі едәуір азайған. Өңірдегі ірі кәсіпорындар – Ақсу ферроқорытпа зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, «Каустик» және «Казэнергокабель» акционерлік қоғам-дарында да өндірілген өнім көлемінің төмендеуі байқалады.

- Бір ғана жобаға байланып қалуға болмайды. Белгілі бір шаруашылық жоспарланған істі биыл жүзеге асырмады делік. Сонда бұл жайт тұтас облыстың экономикасына кері әсер етуі керек пе? Әр аудан-қалада әруақытта қосалқы жобалар болуы тиіс, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Осы орайда белгіленген инвестициялық индекстің де орындалмағанын атап өтпеске болмас. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбетовтің айтуынша, бұған кейбір өндіріс орын-дарының инвестициялық бағдарлама-лардың орындалу мерзімін кейінге шегеруі, кәсіпорындағы құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігерлердің салғырттығы басты себеп. Сайып келгенде, жыл соңына дейін негізгі капиталға құйылған инвес-тиция көлемін толтыру үшін қосымша 90 млрд. теңге керек. Ал мұндай қомақты қаржыны қайдан таппақ? Нұрболат Жеңісұлы тығырықтан шығар жол – жүзеге асырылуы жылдам болатын инвестжобаларды қолға алу деп пайымдайды. Мәселен, биыл арақ-шарап зауыты қайта іске қосылып, «Рубиком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тағы бір ферма салса, Қалқаманда диірмен ашылып, «АNSA Silicon» кәсіпорнының алғашқы қазығы қағылып, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бірнеше жоба басталса жағдай біршама жақсарады. Десе де, шетелдік инвесторлардың «Павлодар» АЭА-да іс бастауы үшін алдымен мұндағы инфрақұрылымды оң жолға қою қажет. Мәселен, польшалық кәсіпкерлер бұл аймақта алюминийден бағаналар жасау, тағы бір кәсіпорын «қанатты» металдан жасалған құрал-жабдықтарға қызмет көрсету орталығын ашуға ниетті. Олардың бұл ойын жүзеге асыру үшін алдымен шамамен 30 млн. теңгеге тиісті желілерді тарту керек.

Осы орайда Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов те облыс орталығында биылға жоспарланған ауқымды инвестжобалардың барын айтты.

- «НұрҚаз-ПВ» кәсіпорны құны 1 млрд. 100 млн. теңге болатын жоба – шиналарды утилизациялауды, ресейлік «Инмарт» сауда желісі 860 млн. теңгеге тағы 5 дүкен ашуды ойластырып отыр. Оған қоса, сүт өндірісін дамытып, диірмен салу, тұрмыстық қалдықты өңдеу, қонақ үй салуға қатысты жобалар бар. Осылайша, барлығы 5 млрд. теңге болатын жобаларды ұсына аламыз, - деді Н.Әшімбетов.

Түптеп келгенде, жоғарыда аталғандарды қоса алғанда 90 млрд. теңге инвестицияның орнына тек 30 млрд. теңге табылып отыр. Облыс әкімі Болат Бақауов бұл тізімге «Гринвич» сауда орнының кеңеюі бойынша жобаны, биыл сатып алынған ауыл шаруашылығы техникаларын да қосу қажеттігін айтып, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруді жүктеді.

Орындалмай қалған тағы бір индекс құрылыс саласына қатысты. Былтырғы қаңтар-наурыз аралығында физикалық көлем индексі 12,6 млрд. теңге болса, осы жылдың алғашқы үш айында 10,5 млрд. теңгені құраған. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисовтың айтуынша, әсіресе қала құраушы кәсіпорындар құрылыс қарқынынан қалып келеді. Мұндай кемшіліктердің барына қарамастан, биыл 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілетінін айтты.

- Екібастұз, Ақсу қалалары мен Павлодар қаласындағы әуежай қалашығы аймағында жеке үйлерді салу мықтап қолға алынуы тиіс. Бірақ, құрылыс басқармасы тарапынан болжамдық жұмыстардың жүргізілмейтіні байқалады. Биыл ғана емес, 2019-2020 жылдары облыс аумағында қандай құрылыстардың басталатынын, қандай баспаналар мен ғимараттардың алғашқы қазығы қағыларын жақсы білуі қажет, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, жиын барысында Качир ауданында туберкулезге шалдыққандардың, Баянауыл, Железин, Успен және Шарбақты аудандарында көшеде жасалған қылмыстардың саны артқаны белгілі болды. Аймақ басшысы жауапты басқарма басшылары мен аталған аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz