Биыл Қарағанды мен Павлодар облыс-тары Бұқар жыраудың мерейтойын атап өтпек. Біз жыраудың туған-өлген жылдары туралы да бір тоқтамға келген жоқпыз. Облыс 350 жылдығын тойлаймыз дейді, яғни 1668 жылы туып, 1781 жылы қайтыс болған деген нұсқаны дұрыс көреді. Біреулердің баяғыда жорамалдап соға салғаны, Бұқар жырау 113 жыл жасады деген еш дерек жоқ. Менің есебім бойынша 1683 жылы туып, 1780 жылы өмірден озды, яғни 97 жасында. Барлық жағынан қисынды және өз толғауларымен дәлелденеді.

Негізгі тақырыпқа қайтып келейік. Бұқар шығармашылығында көне ұғымдар көп. Өкінішке қарай, бабамыздың мұрасын қайта жариялау кезінде орын алған қателіктер, түпнұсқадағы түсініксіз көне ұғымдарды бұзып жазу да орын алып отыр. Көне ұғымдарды талдау тек тілге ғана қатысты емес, тарихқа да көп жаңалық әкеледі. Сол себепті тарихшы, тілші ғалымдар, жалпы көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман өз пікірін білдіреді деп сенемін.

1) Бірінші толғау
Ашуланба Абылай,
Ашулансаң Абылай,
Көтерермін көрермін,
Көтеріп қазға салармын, - деген шумақтар бар. Осы жерде айтылатын «қаз» дегеніміз не дегенге жауап беріп көрейік. Қазақ саяси ой-пікірінің, этникалық санасы мен елдік қасиеттерінің қалыптасуында өлшеусіз еңбек атқарған Бұқар жырау бұл толғауды Абылай ханды қатерлі бір шаруадан тоқтатқысы келгенде айтқаны толғау контексінен анық сезіледі. Қаз дегеніміз - бүкіл елдің маңдай алды азаматтары жиналатын кеңес, жалпы халықтық жиын десек те болады. Жалпы, халықтық жиындарда мемлекеттің сыртқы саясаты, хан тағына мұрагерлік, жер мен ел билігі, т.б. аса маңызды мәселелер талқыға түседі. «Қаз» - қазақ ауызша дәстүріне қарағанда нағыз халықтық, демократиялық институт, ол ел басшыларын халық тілегімен санасуға мәжбүр қылатын, ел азаматтары сынға түсетін қасиетті жиын. Қай мәселені «қазға салу» халықтық жиындарда ірі мемлекет қайраткерлерінің, ру басы көсемдерінің қолдауымен шешіледі. Егер осы ұсыныстарды қаз қолдаса, онда бүкіл ел қырылып жойылса да сол шешімді орындайды. Біздің ойымызша қазақ идеясының негізі болған «қаз» ұғымы Еуразия халықтарының көне тарихына бастайды. «Қаз» ұғымы - ариан-түрік тайпаларына тән көнеріп кеткен ұғым. «Авеста» заманында Ұлы далада Иран және Түрік тайпалары қатар өмір сүрген, екеуара жаугершілігі де, бір-біріне ауысымы да көп болған. Тіпті басқаны айтпағанның өзінде зәрдүш дінін арийлердің қолдап, ал турлардың қарсы болғанын айтсақ та жеткілікті. Осы қарама-қайшылық ақыр соңында арийлердің қоныс аударуына себеп болғаны да қазір ғылым үшін жаңалық емес. Біздің ойымызша, «Қаз» - сол заманның мұрасы.

Кавказ таулы өңірін мекендеген осетин, шеркес және кабардин халықтарының нарт аталатын эпикалық жырларында «қаз» атауы ер жауынгерлердің кеңесі дегенді білдіреді: «Тот на хасе быть достоин, Кто мечом разрушил горы, Кто познал просторы мира, Кто прошел моря и сушу, Закаляя душу в битвах». Нарт эпосы қазға тек әскери сыннан өткен, жаугершілікте шыңдалған азаматтар ғана қатыса алады дейді. Қазға көп адам жиналады, оның шешімдері де дауыстың басымдылығымен шешіледі. Дау болып, ел екіге жарылса, қай жақтың дауысы басым болса сол жақ жеңеді. Солтүстік Кавказ халықтарының зерттеушісі Г.В.Новицкий 1829 жылы қаздың маңызы туралы: «Уничтожив власть князей, натухайцы, шапсуги и абадзехи подчинили себя суду присяжных. Земли сих народов разделяются на округи; в каждом округе находится общество избранных старейшин, и суд, который они производят, называется хасэ. Все предприятия и намерения обсуждаются на собраниях, решения коего почитаются законом», - дейді.

Қазіргі зерттеушілердің пікірінше, «Хасэ, как и столетия назад, является представительным органом власти народа, полномочным парламентом суверенного государства. На Хасэ периодически принимались решения, очень важные для общества».

Міне, осындай жерде билердің өнері сыналады, ол жерде шеберлік те керек, шешендік те керек, дауыстың да сынға түсетін жері осы. Бүкіл қазақ жиынын меңгеріп кету оңай емес. ХVІІІ ғасырдың атақты билерінің бірі Қазыбек Келдібекұлының «қаз дауысты» атанғаны қазақтың жауынгер азаматтары көптеп жиналатын жалпы халықтық жиындарға қатысты екені даусыз болса керек.

2) Екінші толғау
Хақтың үйі мешітті,
Ақты Құдай шешіпті.
Арамзада төкпенің
Уыз үйін кесіпті.

Бұл жыр шумағындағы түсініксіз сөз «Уыз үйі» болар, қалғандары ұғынықты сияқты. Уыз үй дегеніміз - қазақ ұғымында кәдімгі шаңырағы, керегесі, уығы бар киіз (кигіз) үй. Уыз аталатын себебі қазіргі классикалық киіз үйдің жасалу тарихын қазақ шежіресі Уыз ханмен, яғни шығыстың жазба нұсқаларындағы Оғыз ханмен байланыстырады. Енді осыны түсіндіру үшін біз Мәшһүр шежіресіндегі Уыз (Оғыз) әңгімесіне ден қоялық. Әңгіменің реті келіп тұрған соң Уыз хан туралы қазақ ортасындағы әфсаналар Рашид-ад-дин, Әбілғазы хан жазып алған нұсқалардан бір де кем еместігін, тіпті кейде оларға қарағанда тарихи мәліметі молырақ екенін ескерткеніміз жөн: «Уыз хан жетпіс екі жыл моңғол-татармен жауласып, жетпіс үш жылда бәрін өзіне бағындырып, Пұсырман қауымына кіргізді. Сонан соң жүріс қылып, Қытайды алды, Шүршітті алды, Таңғұтты алды. ...Уыз хан Итбарақ ханнан жеңіліп қашкандығын ар-намыс көріп, арада он жеті жыл өткеннен кейін қайта қам қылып, аттанып барып, ұрысып, Итбарақ ханды өлтіріп, елін жебір-жесір қылып шауып: «Пұсырман болдық» - дегеніне тимей, болмағанын қырып, қиратып, ордасына қайта келіп түсті. Сондағы «Орда» деп жүргендері - керегесіз ағаш шаншып, кигіз жапқан жолым үй. - ...(бұл жерде шағын шаңырақ пен уықтан ғана тұратын алашық туралы айтылып отыр - Ж.А.). «Бала-шағаммен, қоңсы-қолаң, құл-құтаныммен, аймақ-отаныммен көп жұртты аралап, жаманын жазалап, жақсысын саралап, аман-есен келгеніме той беремін!» - деп, ұлық зор той-тамаша жасамақшы болды.

Сонда сол тойда жұрт көзіне түсіру үшін, уық, шаңырақ, керегелі киіз үйді жасатты. Ағаш біткеннің басын алтынды қылып, аяғын күмістен жасатты. Лағыл, жақұт, зумурат, фируза, дүр. Бұл тастардан сол үйге қадалмай, орнатылмай қалғаны жоқ...Киіз үйді қолдан жасатып, жұртқа өрнек-өнеге қылған Уыз хан болғандықтан: «Киіз туырлықты, Уыз үйлі» - атанып қалды...Бір нәрсені біреу іздеп таба алмай келсе: «Осы уыз үйлі қалың елден таппағаның ба?» - дейді».

Енді Уыз хан қай заманда өмір сүрді деген мәселеге келейік. Шәкәрім қажы Әбілғазы шежіресіндегі Қара хан мен Уыз ханның әңгімесін баяндай келіп, Уыз ханның заманы туралы «мұның хан болғанын мұсылманша шежіре кітаптар біздің пайғамбарымыздан 3400 жыл бұрын дейді. Бұл Оғыз хан бек мықты хан болып, жер жүзінің талай жерін алған хан еді. Оғыз хан деген атақты хан болғанын барша шежіренің бәрі айтады». Шәкәрім «мұсылманша шежіре» деп Әбілғазы баһадүр ханның «Шаджарай түрік» кітабын айтып отыр. Сонымен қазақтың киіз үйінің, қасиетті Уыз үйінің тарихы біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2800 жылдардан бастау алады. Бұл - археологиялық кезеңдестіруде қола дәуірі аталатын, Ұлы далада бабаларымыз малды еселеп өсіп, металды игеріп, сауданы жүргізіп, әлемді билеген тамаша кезең.

3) Үшінші толғау
Ежелгі дос жау болмас,
Шернеуіште хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілде кір даты бар!

Бұқар жырау мұрасында небір көне және қызықты ұғымдар бар. Солардың ішінде шернеуіш (шірнеуіш) ерекше. Архив тарихына арналған Қарағанды қаласында шыққан еңбектердің бірінде «Архивное дело занимает важное место в нашей жизни.

Время течет неумолимо, одно поколение сменяет другое, летопись важных событий, достижений, воспоминаний хранятся в архивных документах. У народного жырау – Бухар жырау Калкаманулы есть такие строки: «Старый друг не станет врагом,

В ширнеуше есть письмо». У Бухар Жырау под словом «Ширнеуше» отмечен архив» делініпті.

Несі бар, қисынды! «Өтірікке де сенуге болады, егер қисыны болса» деген Абылай хан сөзі бар емес пе?!

Мәшһүр Жүсіптің өзінің Бұқар жырау толғауларын көшіріп отырып «Ілкі баста басына жазылған жазу бар дегені. Шернеуіш - басына жазылған тағдыр» деген түсініктемесі де бар. Бұл түсініктеме - шернеуіш ұғымының тым көне екеніне дәлелдің бірі, яғни ерте замандарда пайда болған сөз, қолданыстан шыққан соң тағдырдың бұйрығына айналған деген пікірдеміз.

Осы сөзді парсы тілінен енген деген болжамдар бар. Біз әйтеуір құлаққа бөтен естілген сөздің бәрін парсыға тели береміз, сол себепті ондай жорамалды қабылдамаймыз. Парсыда бұл сөз кездесетіні рас, бірақ ол - біздің жақтан ариандармен бірге барған сөз. Сонымен дұрыс жауабы қалай болмақ?

Біздің ойымызша, «шернеуіш» - расында да тым ерте заманның сөзі. Кейбір анықтамалықтардағы «тері басылым, яғни ақпаратты теріге (шірнеуіш, дифтер, пергамент) жазу арқылы жеткізу мақсатында пайда болған» дегенді қабыл көреміз. Оның нақты дәлелі үнді-еуропа тілдеріндегі баламалары, соның ішінде славян тілдеріндегі «чернила», «чернить», «чертить» сияқты «черн» түбірінен шыққан сөздер. Тағы бір қызығы, орыс тілінде «шор» - тері, «шорник» - терімен жұмыс істейтін адам, «шорная мастерская» - теріден ат әбзелдерін дайындайтын жер деген бар. Ал енді іш/ыш жұрнағына (суффикс) келетін болсақ, ол қазақ тілінде әлі де белсенді. Мысалы, елеу-іш, тырнау-ыш т.б. Қарап отырсаңыз, іш/ыш жалғанған уақытта етістік зат есімге айналып шығады. Қорыта айтсақ, шернеуіш (шірнеуіш) – теріге жазылған хаттарды сақтайтын арнайы қобдиша!

4) Төртінші толғау
Ағар дария су кешпес,
Қалмақтан алсаң маһи бір зайып,
Сүйегіңді жоғалтпас!

Бұл шумақтағы түсініксіз сөз – маһи! Бұл сөз парсы тілінен енгенге ұқсайды, бірақ Бұқардың маһиды батыл қолдануына қарап ертеде Ұлы далада қолданыста болуы әбден мүмкін деген пікірдеміз. Парсы тіліндегі нақты мағынасы көктегі ай дегенді білдіреді, осыдан келіп «Маһибану», «Маһикамал», «Маһинұр» сияқты атаулар шығады. Қазақтағы ауыспалы мағынасы - текті. Бұқар бұл шумақта қалмақтан текті бір қызды алсаң, сүйегің далада қалмас деп тұр. ХVІІІ ғасырдың ортасында Жоңғар (Қара қалмақ) мемлекеті құлады. Қытай әскерлері жүздеген мың қалмақты өлтірді, қырғыннан аман қалғаны қашып қазақ ортасына, Сібірге келді, бірталайы Еділдегі торғауыт қоныстарына да жетті. Міне, Бұқар жырау толғауының айтылған кезі осы болуға тиісті, яғни жүз мыңдаған қалмақты ассимиляция жасау керек болды. Қазақ өзінің бас идеологының нұсқауымен осы шаруаны абыройлы орындап шықты.

Жақында Өскеменде ат үстінде, жолаушы келе жатып бір үйге түстік. Үй иелері қонақжай, әңгімешіл адамдар екен, қыза-қыза сол үйдің бәйбішесі Қаратай ішінде қалмақпыз, Төлебай батыр атамызды бала күнінде, жетім қалған жерінен бауырына басқан екен, «Сұрасақ арғы атамды Нұсқа-қалмақ» деген өлең бар деп шырқап жіберсін. Маһи сөзінен еске түсіп отыр. Мұхиден атауының да түбірі осы маһи болмасын?!

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

saryarka-samaly.kz