Тектілік

Аманолла Ғабдолқайұлының бойындағы асыл қасиет ата-бабасынан дарыса керек. 1928 жылы 1 маусымда Павлодар қаласынан 40 шақырымдай жерде атамекені – Жамба жайлауында дүниеге келген. Ырымшыл халықпыз ғой, сол жылы Кеңес Одағына достық сапармен келген Ауғанстанның ханы Аманолланың құрметіне әкесі Ғабдолқай осы есімді ұлына беруді ұйғарыпты. «Арыстың мықтылығы – ағашынан, баланың бір мінезі - нағашыдан» демекші, Аманолланың анасы Зейнел - кезінде өңірімізде болыс болған Оспанның қызы. Ал ол атақты жерлесіміз Аймауыттың інісі екенін көпшілік біледі. Яғни, есімі елімізге мәшһүр Жүсіпбек Аймауытов Аманолланың нағашысы болып келеді. Аманолла отбасында жеті қыздан кейін дүниеге келген. Сондықтан, оған деген ықылас та бөлек болса керек. Кейін соңынан інісі Бақұстар еріпті...

Аманолланың балалық шағы өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Ертіс жағасындағы Қаратоғай атты ата қонысты тастап, жан сақтау қамымен 1932 жылы ата-анасы, туыс-туғанымен бірге Алтай өлкесіне аттанады. Ол кезде төрт жаста. Араға үш жыл салып, елге оралыпты. Кейін әкесі Ғабдолқай қазақ балаларының сауатын ашуға араласқаны үшін «халық жауы» атанып, 10 жылды арқалайды. Бірақ, ол жазықсыз екенін дәлелдеп шығыпты...

Аманолла ерте ержетті. 13 жасында Ұлы Отан соғысы кезінде ауылда еңбекке араласты. Соғыстан кейін ұлының биікке самғағанын қалаған әке Аманолланы қиындықтарға қарамастан Алматыға оқуға жібереді. Мұнда ауыл шаруашылығы институтының агрономдық факультетінде білім алады. Әкесі ұлын аттандырарда елге оралуын құлағына құйып жібереді. Әкенің сөзін екі етпейтін Аманолла білім ордасын тәмамдап, жары Гүлназбен қол ұстасып, туған жеріне оралады.

Ақкөлдің алғысы

Ауылына келген Аманолланы Павлодар облысының басшылығы бұрынғы совхоздар тресіне аға агроном етіп қалдыруды жөн санайды. Бұл кез тың игеру жылдарымен тұспа-тұс келді. Содан соң жастың іскерлігін ескеріп, басшылық Аманолла Рамазановқа «Ақкөл» совхозының тізгінін ұстатуды ұйғарады. Мұндай жауапты қызметтен алғашында тосырқап қалғанымен, сенімді ақтауды азаматтық міндетіне балайды. Сөйтіп, жиырма бесіне жетпей білдей бір іргелі елді мекенді басқаруға кірісіп кетеді. Бұл ауылдағы 10 жылдай атқарған абыройлы қызметі жайында үзеңгілестерінің естеліктерінен жиі кездестіруге болады. Мәселен, Оралбек Қожанов Аманолла жайындағы естелікте былай дейді: «Ақаң «Ақкөл» совхозының директоры болған кезінде ерте тұрып, кеш жататын. Барлық жасалып жатқан істің басы-қасында жүретін. Қаншама жұмыс орнын ашып, ауыл адамдарының еңбек етуіне жақсы жағдай жасаған. Осы жылдары Өлеңті мен Шідерті өзендерінің суын пайдалану жақсарып, жем-шөп қоры молайып, мал басы көбейе түскен. Мемлекетке өткізетін мал өнімдерінің сапасы артып, ұжым рентабельді шаруашылық қатарына қосылды...».

Аталмыш ауылдың тумасы Әбілқақ Түгелбаев та Аманолла Рамазановтың бітім-болмысы, басқару қабілеті жайында жерлестерінен көп естігенін айтады.

- Ақкөлдіктердің Аманолла десе көңілі алабөтен. Бір емес, екі рет ауылымызға директорлық етті. Екінші ретінде ақкөлдіктер арнайы хат жазып, Аманолла Ғабдолқайұлын қайтаруды сұраған еді. Қалауымыз орындалып, екінші рет елді мекен тізгінін ұстады. Мұндай сенім артуының артында халықтың үлкен бағасы жатқаны сөзсіз. Бұл басшы бұған дейінгілерге қарағанда оқыған, арнайы білімі бар маман еді, - дейді Әбілқақ Түгелбаев.

Айтуынша, жиырманың бесіне енді келген жас жігіттің үлкендермен етене араласып, басқарып кетуі оңай емес. Бірақ, Аманолла ағаның қолынан келді. Ақкөлге қарасты бөлімшелердің меңгерушілерінің барлығы дерлік Аманолла ағаның әкесімен шамалас адамдар еді. Ал өзінен үлкен азаматты жұмсап, сөзін өткізу үшін іскерлік қажет қой, дейді Ә.Түгелбаев. Мұны да ақылға салған Аманолла жүзеге асыра білді. Барлығының басын бір мақсат төңірегіне тоғыстыра алды.

- Ерекше жан болғанын ауылдың ақсақалдары жиі айтатын. Жас болған соң спортпен де шұғылданатын. Көпшілік ол кезде «директор волейбол ойнап жүр» деген түсінікті қабылдай алмайтын. Бірақ, Аманолла ағамыз бұл ұғымды да өзгерте алды. Спортпен де айналысты, жұмысын да жасады. Тың игеру кезінде ауылға басшылық жасағандықтан Кеңес одағының түкпір-түкпірінен келген тың игерушілер мен таза қазақ ауылының тұрғындары арасын дұрыс байланыстыра білді. Бұл да басшының біліктілігі, шеберлігі деп білемін, - дейді ақкөлдік азамат.

Әбілқақ Түгелбаев Аманолла Ғабдолқай-ұлының ауылдағы шаруашылықтың бағытын ғылыми негізде өзгерткенін де айтып берді:

- Ақкөлде соғыстан кейін 8 мың қара мал болатын. Сүтті сиырларға басымдық берілген еді. 4-бөлімшеде май қорытатын зауыт болды. Бірақ, сиырларды жем-шөппен қамту және басқа да қиындықтардың көптігін, осы өлкенің ерекшелігін ескере отырып, министрлер кеңесінен қой шаруашылығын дамытуға рұқсат алады. Ұсынысын ғылыми негізде талдап, дәлелдеп береді. Сөйтіп, қой шаруашылығы құрылды.

Ал екінші рет директорлыққа келгенде ауылға клуб, балабақша сынды әлеуметтік нысандар салған екен. Бұл істі қазіргідей арнайы құрылыс фирмаларының көмегімен емес, ауылдың ақсақалдарымен бірлесіп, жұмысты ұтымды ұйымдастыра білудің арқасында атқарыпты. Сондай-ақ, ақкөлдік біраз азаматтың қызметте жолын ашып, соңынан ертіп, тәрбиелеген екен.

Міне, Ақкөлдегі осындай ілгерілеушілік жоғары жақтың да назарына ілігеді. Сондықтан, билік Аманолла Ғабдолқайұлын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы етіп тағайындайды. Одан кейін Баянауыл ауданына басшылық етуге жіберілді. Облыс орталығынан шалғайдағы, экономикалық тұрғыдан кенжелеп жатқан өңірді өрге сүйреу міндеттелді. Алдымен шағын ұжымшарларды кеңшарларға айналдыруға кіріседі. Әйтпесе, үкіметтен көмек аз көрінеді. Сөйтіп, Аманолла Рамазановтың күш салуымен іріленген елді мекендер қатары артып, ауылдарға техникалар мен материалдық ресурстар ағылады. Павлодардан аудан орталығына дейін автомобиль жолы тартылыпты.

Аманолла Ғабдолқайұлы әр тұрғынның ауласында төрт түліктің көбейгеніне қуанып жүргенде одақтың шаруаларға тиімсіз тағы бір талабы шығады. Яғни, Хрущев аулалардағы малды жою қажеттігін бұйырады. «Бірақ, қашан да халықтың қамын ойлайтын Аманолланың бүйрегі ауыл ағайынына бұрып тұрады. Шамасы жеткенше қорғауға тырысады. Себебі, ол мал қоғамдық қарауға өтсе, әр тұрғынның күнделікті сүт-майын айыру қиынға соғады деп есептеді. Көреген басшы уақыт өте төрт түлікті қайтаруға тура келетінін де айтқан. Айтқаны айнымай келді. Бірақ бұрынғыдай мал басына жеткізу мүмкін болмады» делінген қатарлас еңбек еткен азаматтардың бірі Алексей Петровскийдің естелігінде.

Шымкентті шыр айналдырды

Павлодар облысындағы еселі еңбегі, іскерлігі ескеріліп, 1967 жылы Аманолла Ғабдолқайұлы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалады. Бұл қызметке де күш-жігерін салудан аянбады. Елдің ауыл шаруашылығы саласын алға сүйреуге барынша талпынды. Нәтижесі байқалады. Содан соң жоғары жақтағылар тәжірибелі басшыға еліміздің оңтүстігін оң арнаға бұруды сеніп тапсырады. Нақтысы, 1970 жылы Аманолла Ғабдолқайұлы шырайлы Шымкентке аттанды. Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Жиырма жылдай бұл өңірдің тізгіні өзге ұлттың қолында болған. Билікке қазақ келгенде шымкенттіктер ерекше қуанып, еңсесі бір көтеріліп қалғанын сол кезді көзі көрген қариялар қазірге дейін еске алуда.

Шымкентте өнеркәсіпті дамытуға да ден қойғанын Аманолла Рамазанов өзінің ғұмырбаяндық хикаятында еске алыпты. Айтуынша, өндірістік саладан хабары аз болғандықтан, осы бағытта білімін жетілдіріп, әр кәсіпорынның басшысымен кездесіп, ары қарай қадам басудың қамын жасайды. Технологиялық процестерінің сырын түсінуге терең үңіледі. Яғни, осы тұстан осалдық жібермеу керектігін жақсы түсінеді. Кеңінен пішетін әдетімен бұл істі де кемшін кетірмеді...

Оңтүстік Қазақстанға қарасты ірі қалалардың әрқайсысын әрлендіруді де қолға алады. Түркістан, Шымкент, Кентау қалаларына көрік кіргізді. Айта берсек, іргелі іс жетерлік.

Өзге өңірге сіңісіп кету де - көпке бұйыра бермейтін бақ. Бұл тәжірибелі басшының ғана қолынан келеді. Аманолла Рамазанов шымкенттіктердің көңілінен шықты. Қарапайымдылығымен, іскерлігімен елді тәнті етті. Ал көп ұзамай төккен терінің нәтижесі көрінді. Үзеңгілестері елімізде айтарлықтай ауқымды істерімен дәл осы Шымкенттегі қызметі кезінде көзге түсті деседі. Мәселен, кезінде ҚР вице-премьері болған М.Ахметова Аманолла жайында: «Аманолла Шымкент облысының партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезде осы өңірде мақта өнімділігі едәуір еселенді, жүзім алқабы артты, облыс республикада өсірілетін күріштің үштен бір бөлігін өндірді. Дәл осы басшының кезінде Шымкент облысы экономика мен әлеуметтік салада толағай табысқа жетті...», - дейді.

Семейге тиген септігі

Оңтүстіктен кейін Аманолла Ғабдолқайұлы шығысқа жол тартты. Оған жүктелген ендігі міндет Семейге серпін әкелу еді. Осылайша, 1978 жылдың наурызында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Өңірді басқару кезінде облыс өміріне тың өзгерістер әкелді. Ауыл шаруашылығына жаңа серпіліс берді. Басшылыққа келген жылы облыста бұрын-соңды болмаған құрғақшылық орын алып, егін өспей, малды алдағы қыстан аман алып шығу міндеті тұрған. Семейдің азаматы, замандасы Дүйсен Сұлтанов халықты осы ауыртпалықтан Аманолланың аса іскерлікпен алып шыққанын естелігінде сөз етеді. Алдағы уақытта басқаша әрекет ету керектігін түйеді. Сөйтіп, суармалы жерлер алқабын ұлғайтуды ұйғарады. Мал азығын дайындайтын арнайы шаруашылықтар құрады. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытта «шағын революция» жасады десе болады. Нәтижесінде Семейде жем-шөп мәселесі түбегейлі шешіле бастайды. Қалалықтарды қымызбен қамтуға қарекеті де ел есінде сақталған. Одан бөлек, Семейдің сәулетіне көңіл бөледі. Аманолла Рамазановтың кезінде шаһарда Неке сарайы, Абай атындағы драма театрының жаңа ғимараты салыныпты. Өзге де әлеуметтік-мәдени нысандар, көп қабатты тұрғын үйлер көбейіпті.

Жақсыдан - шарапат

Семейден соң да жоғары лауазымдар атқарды. 1983-1989 жылдары Қазақ КСР Астық өнімдерін дайындау министрінің бірінші орынбасары болды. Негізгі қызметінен бөлек, Аманолла Ғабдолқайұлы Жоғары кеңес қатарынан табылды. Мәселен, Павлодар, Шымкент, Семей облыстық кеңестерінің, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің, КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты ретінде де елеулі еңбек етті. Аманолла Рамазанов еліміздің біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевпен жұмыс бабымен жиі жолы түйіскен. Қиналған сәттерінде қолтығынан демеу болған жайсаң жандардың көп кездескенін де бағына балаған. Бұл көрген қамқорлығын өзінен кейінгі буынға көрсетуден жалықпады. Естеліктерде қызметтес інілерінің Аманолланың ағалық демеуін көргені жайлы жиі айтылады. Осындай ағалық ақылын алып, абырой биігіне көтерілген азаматтардың бірі ҚР Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров тұлғаның тағылымын алу мүмкіндігін өмірдің сыйы деп есептейді.

Аманолла Рамазанов айналасындағы азаматтардың алғысынан бөлек, билік тарапынан да еленді. Қошеметке бөленді. Екі мәрте «Ленин» орденімен, төрт рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, Кеңестер одағының көптеген медальдарымен, Қазақстан Республикасының төрт медалімен марапатталған. Ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі де еш кетпеді. КСРО Ауыл шаруашылығы көрмесі Бас комитетінің медалі он рет кеудесіне тағылды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын екі мәрте алды. Семей қаласының Құрметті азаматы.

Аманолла Ғабдолқайұлы 2009 жылы өмірден озды. Көзі тірі болса, биыл 85-ші көктемін тойлар еді. Амал нешік... Десе де, ол соңына өшпес із қалдырды.

Адамның байлығы – бала. Аманолла Ғабдолқайұлы жары Гүлназбен Нұрлан, Қуандық, Еркін, Аманғали есімді төрт ұл және Бақыт есімді қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі бүгінде іргелі іс басында еңбек етуде. Алды елге танымал дәрежеге жеткен. Немере-жиендері де ата атына кір келтірмей алысқа қарап келеді...

Биыл - қоғам қайраткері А.Рамазановтың туғанына - 90 жыл.Білуімізше, Аманолла ағаның ізгі істерін кезінде қызмет еткен Шымкент, Семей өңірлері ту көтеріп, жергілікті зиялы қауым шаһарларда тұлғаның атымен көшелерді атауды ұсынып отыр. Есімі елге мәшһүр жерлесіміздің еңбегін бағалау, оның ұлық істерін паш ету – біздің өңір үшін үлкен сын. Осы орайда жергілікті ел ағалары мен билік өкілдері ағамыздың атын ұрпаққа таныту үшін өрелі істерді қолға алады, өзге өңірлердегідей бастамалар бізде де жүзеге асады деп сенеміз.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz