Жалпы, Ұлыстың ұлы күні аталмыш білім мекемесінде барынша сән-салтанатымен өткізілді. Шараны оқушылар, ата-аналар ерекше белсенділік танытып ұйымдастырғаны байқалды. Киіз үйлер қалашығы алыстан мен мұндалап, мерекенің сәнін келтірді. Атап айтқанда, жезтаңдай әнші Майра Шамсутдинова, Жаяу Мұса Байжанұлы, Иса Байзақов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, тағы басқа тұлғалардың есімдерін иеленген барлығы 12 киіз үй тігілді. Оқушылар сондай-ақ танымал тұлғалардың өмірінен сыр шертетін көрмелерді ұсынды. Мәселен, «Қаныш Сәтбаев ауылының» тәлімгерлері ұлы академиктің қол шабаданы мен жол сөмкесін көрсетіп, ғалым туралы аңыз-әңгіме, мәліметтерді әңгімелеп берді. Ал Жаяу Мұсаның ұрпақтары аталарының шежіресін тарқатып, латын қарпіне негізделген кітапша шығарыпты.

Ауылдардың ішіне кірген мейманға қазы-қарта, құрт, наурызкөже секілді қазақтың небір ұлттық тағамы тартылды. Бәрінен де оқушылар өздерінің бойына дарыған өнерлерімен тәнті етті. Асық ату, тоғызқұмалақ, қошқар көтеру секілді ұлттық ойын түрлері бойынша сайыс- тар өткізіліп, театрландырылған көріністер көрермендерді таңдай қақтырды. Осының бәріне куә болған адамдар шын мәнінде қазақтың иісі бұрқыраған, ата-дәстүрі жарқыраған заманды еске түсіріп, бойы рухтанғаны шүбәсіз.

Ұлыстың ұлы күнімен облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы арнайы келіп құттықтады.

- Қазақтың ежелгі мейрамы бәрімізге құтты болсын! Атап өтерлігі, шараны ұйымдастыруға ата-аналардың да белсенді түрде қатысып жатқаны. Осылайша, ата-аналар өз балаларына деген махаббатын, жан жылуын танытып отыр. Бұл «Білім-Инновация» лицейінде оқушыларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие берілетінін көрсетеді. Осындай тамаша тәжірибені кеңінен басқа да мектептерге тарату керек деп ойлаймын, - деді ол.

Өткен жылдың желтоқсан айында лицей басшылығы өз қызметкерлері, педагогтар мен оқушылар арасында кітап оқу бойынша байқау жариялаған екен. «Алтын орда» атты тарихи кітап оқу бойынша өткен байқауда үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар анықталды. Оларға облыстық білім беру басқармасының басшысы Д.Болатханұлы арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Нұрбаеваның сөзінше, жеңімпаздар тестілеу арқылы анықталды. Бірінші орынға 50 мың теңге мөлшерінде сыйақы тағайындалды. Осылайша, білім ордасы өз оқушыларын кітап оқуға баулуда. Айта кетерлігі, лицей тәрбиеленушілері күн сайын екінші сабақтан кейін 20 минутты кітап оқуға арнайды екен. Бұл - өте жақсы, өзгеге үлгілі бастама.

Мерекелік сахнада Астананың 20 жылдығына орай күні ертең еліміздің тірегіне айналатын 20 сәбидің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Ол да болса, жақсылықтың ырымы, Наурыздың шарттарына сәйкес келетін бастама.

Сахнадағы концерттік шарадан кейін қазылар алқасының мүшелері киіз үйлерді аралап, ең үздіктерді анықтауға кірісті. Шарт бойынша, киіз үйлердің безендірілуі, ауылдардың өз-өздерін таныс-тыру өнері, дастарқан, қазақы дәстүрден көрініс қою секілді талаптар орындалды. Бұл жағынан да киіз үйлер бір-бірінен асып түсті.

- Наурыз мейрамында паш етілетін «Бұлақтың көзін ашу» секілді қазақтың танымал дәстүрінен көріністер қоюмен қатар, ұмыт қалған салт-дәстүрлерден де үзінділер назарға ұсынылды. Ата-аналар да, оқушылар да ізденістерін байқатты. Жалпы, барлық қатысушыларға Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге үлес қосқандары үшін ризашылық білдіреміз. Біз жыл сайын түлектерімізді де шақыруды дәстүрге айналдырдық. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деп тілейміз, - деді Павлодар қаласындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-мектебінің директоры Эльмира Нұрлықұлова.

Айта кетелік, аталмыш оқу ордасында бүгінде 7-11 сыныптарда 280 оқушы білім алуда. Оқушылар тек Павлодардан ғана емес, Өскемен, Семей, Астана қалаларынан да қабылданған.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz