Жомарт КӘРІМОВ, Павлодар облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Павлодар облысында 700 мыңнан астам адам өмір сүреді. Егер әрқайсысысы бір талдан ексе, 700 мың ағаш өсіп шығады деген сөз. Сондықтан аймағымызда ірі зауыттар көптеп шоғырланғандықтан, экологиямызды тазарту үшін ағаштарды көптеп отырғызу - маңызды әрі құптарлық іс. Өткен аптада жұртшылық жаппай сенбілікке қатысты. Усолка шағын ауданында 500-ге жуық ағаш егілді. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бастамасымен Жетекші ауылында екі жылдық 40 мың қарағай отырғызылды. 5-6 жылда олардың биіктігі 50 сантиметрге жетеді деп күтілуде. Бұл жұмыстар мемлекеттік орман қорының аумағын кеңейту мақсатында қолға алынып отыр. Мәселен, Шымкент – жасыл желекке бай өлке. Ондағы саябақтар қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Мұндай жұмыстарды павлодарлықтар да жүргізе алады. Себебі тазалық – саулық негiзi, саулық – байлық негiзi болса, ағаш егу де - адам өмiрiндегi аса бiр сауапты iс. Кезiнде ата-бабаларымыз ешкiмнiң нұсқауынсыз аумақты өз ерiктерiмен ретке келтiрiп отырғанын ойласақ, павлодарлықтарға да осындай азаматтық сана қажет деп білемін. Тазалықты тек сенбiлiкте ғана ойлау дұрыс емес. Көшедегi кiр-қоқыстың көбi көлiктерден болатынын жүргiзушiлер де естен шығармаса екен дейміз.


Светлана МОГИЛЮК, «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Біріншіден, ағаш ауаны зиянды газдар мен шаң-тозаңнан қорғайды. Жағымды энергия бөліп, микроклиматты жақсартады, ауадағы ылғалды реттейді. Жол бойында отырғызылған ағаш-талдар қала маңындағы шуды азайтады. Жалпы, тұрғындардың денсаулығына физиологиялық, психологиялық тұрғыдан жағымды әсер сыйлайды. Сарапшылардың мәліметінше, ұзындығы орташа ағаш бір тәуліктің ішінде 3 адамның тыныс алуына қажетті оттегіні бөледі екен. Бір ғана гектарды алып жатқан жасыл желек бір сағаттың ішінде 8 литр көмірқышқыл газын сіңіріп, атмосфераға қажетті көлемде оттегі бөледі. Бұл көрсеткіш 30 адамның өмірін жақсартады. 25 жылдық терек көмірқышқыл газын сіңіру мен оттегіні бөлу жағынан шыршадан 7 есе басым түсетінін көпшілік біле бермейді. Сондықтан ауаны қалыпқа келтіру үшін 7 шырша немесе 4 қарағайдың орнына 1 ғана теректі отырғызса жеткілікті. Бір автокөліктен бөлінетін зиянды газдың алдын алуға кем дегенде 10 ағаш қажет екен. Осындай деректерден-ақ қаланы жасыл желекке ораудың маңызын түсінуге болады. Сондықтан экология жылы өңірдегі қоршаған ортаны қорғау мәселесіне назар аударуға мүмкіндік беруі тиіс. Жаңа шағын аудандардың құрылысы кезінде экологтардың пікірі ескерілсе екен дейміз. Сондықтан қоғам болып бірлесіп, табиғатымыздың көркеюіне қатысты мәселені бірге талқылап, бір кісідей атсалысқан жөн.


Сайлау ОРАЗБАЕВ, облыстық мәслихат депутаты:

- Күн жылынып, қаламыздың тіршілігі жанданған тұста абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Себебі көшедегі ағаш-талдар шаһар келбетін келтіреді. Жасыл белдеу қаламыздың климатын өзгертіп, ауасын әрлейтіні белгілі. Ағашты-бұталы өсімдіктер атмосфераны оттегімен байытады. Жаңадан өсіп келе жатқан ағаш ауаны шаңнан қорғайды. Алып зауыттар мен өндіріс ошақтары молынан шоғырланған Павлодар үшін мұның маңызы жоғары. Сондықтан экология жылында осы мәселені ескерген жөн. Облыс орталығында тұрғын үй құрылысының қарқын алуы қуантады. Өкінішке қарай, баспана құрылысын жоспарлау кезінде төмендегі жағдайды ескере бермейміз. Қазіргі жаңа тұрғын үйдің ауласы тұрғындардың емін-еркін демалуына тарлық етеді. Себебі бір бұрышта балалар ойын алаңы орналастырылса, басқа бөлігі көлік тұрақтарымен шектеледі. Тіпті, көлік иелері техникаларын подъездердің алдына қоюға мәжбүр. Егер тұрғын үй аулаларында ағаш отырғызуға орын қарастырылып, тұрғындар тал егіп, күтім жасаса, қалдықтан көз ашпайтын ауамызды тазартуға титтей болсын үлес қосар еді деп ойлаймын. Жуырда тұрғындар жаппай сенбілікке қатысып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жұртшылық ағаш отырғызуды тек аталмыш шара барысында ғана қолға алмай, өз еріктерімен атқарса екен деймін. Бір кісідей жұмылғанда ғана шаһарымызды жасыл қалаға айналдыра аламыз.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz