«Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС бүгінде бұл бағытта жергілікті билікпен және шаруашылықтармен бірлесіп, нақты жобаларды қолға ала бастағанға ұқсайды. Агроөнеркәсіп кешеніне тың тәжірибелер мен цифрлы технологияларды енгізу нәтижесінде саладағы даму көрсеткіштері жақсарады деген сенім артылып отыр. Жаңа тәсілдердің жөн-жосығы жайында серіктестік директоры Бақыт Ермұратовтан сұрап білген едік.

- Агросекторда жоғары механи-каландырылған АҚШ, Канада, Голландия, Жапония секілді елдер «ақылды технологияның» қызығын көріп отырғанын жақсы білеміз. Мемлекет басшысы бізге, осы саланың қызметкерлеріне озық технологияларды трансферттауды, яғни, енгізуді жүктеп отыр. Агросекторымен мақтана алатын елдерде жүргізушісіз комбайндар, егіс алқаптарын ғарыштан бақылау, «дәл егіншілік» сынды жаңа тәсілдер кеңінен қолданылады, - деп бастады әңгімесін Б.Ермұратов. - Қазір Қазақстанда «дәл егіншілікке» айрықша көңіл аударылуда. Себебі бұл тәсіл тікелей ғылым мен интеллектуалды жүйелердің нәтижесінде көптеген шаруашылықтарды пайдаға кенелтіп отыр. Мәселен, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Қазақстанның солтүстігіндегі көптеген ірі шаруашылықтармен бірлесіп, пилоттық жобаларды қолға алуда. Ендігісін ондай жобалар біздің стансаның көмегімен павлодарлық шаруаларға да қолжетімді болатынын айтайық.

Дәл егіншілік - егін алқабынан мол өнім алудың тәсілі. Дамыған елдер біз секілді өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін егіс алқаптарына тыңайтқыштарды аямай септі. Бірақ нәтиже тым қатты өзгере қоймаған соң, зерттеу- лер басталса керек. Сөйтіп, «дәл егіншілік» қолға алынған. Бұл тәсілдің жүйесі былайша: тыңайтқыш көп енгізгеннен кейін топырақ бойына химиялық элементтерді көп жинап алады. Сөйте тұра, көңілден шығатындай өнім бермейді. Сондықтан әр алқаптың топыра- ғының ерекшеліктері, тыңайт-қыштарды сіңіру қабілеті және өзге де факторлары зерттеледі. Яғни бір гектар жердің аумағында фосфор, азот, калий секілді пайдалы заттардың орналасқан шоғыры әр метрде әртүрлі болуы мүмкін. КСРО кезінен бастап біз тұтас алқапқа тыңайтқыштарды бір нормамен сеуіп келеміз. Ал «дәл егіншілікте» тыңайтқыштың таралу ерекшелігі ескеріледі. Яғни топырақтың қандай да бір бөлігіне жетіспей тұрған элемент көбірек себіледі. Енді бір жерге аз қолданылады. Осылайша әлгі бір гектар жердің құрамы бірдей байытылады. Біз болсақ, топырақтың әртүрлігін ескермей келгенбіз. Бәріне бірдей тыңайтқыш себе бергенбіз. Сөйтіп, топырақтың құнарсыз жері құнарсыздана береді де, түрлі элементтерге бай жері байи береді.

«Ақылды технология» бұған жол бермейді. Ол әр жерді ескеріп, қажет элементтерді ғана береді. Нәтижесінде бір гектар жерге бұрын 100 келі тыңайтқыш қолдансақ, жаңа технология бойынша ол 80 келіге дейін азаюы мүмкін. Бұл – шаруашылықтар үшін үлкен үнем. Тұқымды да солай себеді. Трактордың тұқым сепкіші бір рет сеуіп кеткен жерге ешқашан қайта түспейді. Техникаларға орнатылған GPS-тердің көмегімен дән егудің өзінен 25-30 пайыз үнем жасайды.

- Облыста «ақылды технологияны» нақты тізгіндеп жатқан- дар бар ма?

- Бар. Мәселен, қазір Ертіс ауданындағы «Нива» шаруашылығы біздің ғылыми негіздемеміз бойынша пилоттық жобаны қолға алды. Олардың иелігінде толық циклға көшетін техникалар жеткілікті. Ендігісін сенсорлы технология- лар, түрлі компьютерлер мен GPS-құрылғылар сатып алу қажет. Бұл «ақылды технологиялар» мемлекет тарапынан қаржылай қолдау табады деп отырмыз. Егер ондағы минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері талапқа сай жүзеге асатын болса, астықтың шығымдылығы 30 пайызға артып, тұқымды үнемдеу тиімді бола түседі. Жоғарыдағы «дәл егіншілік» тәсілінің пайдалы болатынына бұл шаруашылық кәміл сеніп отыр.

- Көктемгі егіске қатысты шаруаларға қандай ақыл-кеңестер бере аласыз?

- Көктем салқын әрі жаң- бырлы болып тұр. Биыл қыста қар жылдағыдан аз түсті, салдарынан көктемде ылғал аз бола ма деген қорқыныш болған. Бірақ оның орнын қазіргі жаңбыр толықтыратынына дау жоқ. Ылғал жеткілікті болуда. Әсіресе бұл жағдай көпжылдық шөп пен күзгі бидайға жақсы. Десе де, салқын ауа райының егістікке тигізетін қырсығы аз емес. Бүгінде күннің жеткілікті қызбауынан арамшөптердің шығуы кешігіп жатыр. Кейбір арамшөптер тұқым себілгенше шығып кетуі тиіс еді. Енді олар себу науқанында бой көрсетіп, егіс танаптарында қиындық тудыруы мүмкін. Дегенмен, гербицидтердің арқасында оларды жеңіп шығуға әбден болады.

Мамыр айының ортасынан бастап күнбағысты, эспарцет секілді көпжылдық шөптердің тұқымын себе берсе болады. Одан соң диқандар бидай, сұлы, арпа өнімдерін қолға алады. Үшінші кезек - жарма өнімдерін себу. Біздің өңірде ең соңғысы қарақұмық тұқымы егіледі. Оны себу жұмыстарын маусым айының 5-іне дейін толық аяқтаған абзал. Әйтпегенде күзде жетілуі қиындау.

- Тәжірибелік стансаның арқасында өңірде жаңа астық сорттары пайда болуда. Олардың өнімділік деңгейі көңіл көншітіп отыр ма?

- Біздің облыста шығарылып жатқан бидай, жарма өнімдерінің, көпжылдық шөптердің сорттары қуаңшылыққа төзімді болуымен ерекшеленеді. Жазда құрғақшылық орын алып, ылғал аз болғанның өзінде павлодарлық тұқымдар тұрақты өнім береді. Оған талай тәжірибеде көз жеткіздік. Алайда көптеген шаруашылықтар әлі күнге Ресейден тұқым тасымалдауды қояр емес. Ресейлік сорттар ылғал сүйгіш. Қуаңшылыққа шыдамайды. Мысал үшін біздің Павлодарская Юбилейная, Ертіс-7, Кондитерская Яровая секілді бидай сорттары, Павлодарская, Павлодарская-4 тары сорттары мен судан шөптері өзінің шығымдылығын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Алайда бизнес өкілдерінің біздің өнімге қызығушылық танытпай отырғаны таңқалдырады. Бұл шындығына келгенде үлкен проблема болып тұр.

Шаруашылықтар арасынан Шарбақтыдағы «Победа» ЖШС-інің белсенділігін айрықша атауға тұрарлық. Олардың егіс алқаптарында біз селекциядан өткен тұқымдарымызды егіп, тәжірибе жүзінде сынадық. Былтыр серіктестік бізбен бірлесудің арқасында жаздық бидайдың «Победа» атты сортын шығарып, гектарынан 26 центнер астық жинады. Мұндай шығымдылық ілуде бір кездеседі емес пе?! Арпаның «Орловская» атты сортын шығарып, қазір ол мемлекеттік сынақтан өтуде.

Негізі облыста суперэлиталы тұқым шығаратын біз ғана. Біздің өнімдерімізді Успендегі «Галицкое» ЖШС, Ертістегі «Абай» ЖШС және Железиндегі «Бақауов» ШҚ элиталы тұқым шаруашылықтары әрі қарай көбейтіп, өзгелерге сатады. Тұқым бойынша өңірде проблема болмауы тиіс. Себебі былтыр астық жеткілікті жиналып, қамбаларға тұқым артығымен құйылды.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz