Жаяу Мұса Байжанұлы - қазақ халқы- ның композиторы, ақын. Ол Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасындағы Ақшоқы алқабында 1835 жылы дүниеге келген. Әкесі Байжан кедей болған. Анасы Нақыш ертеректе дүние салып, Мұса Байжанның ағасы Тайжанның қолында тәрбиеленеді.

Болашақ өнерпаз домбыра, қобыз, сырнай тартып, талантты әнші, ақын адамдардың қасына еріп жүріп, олардың ән-жырын, әңгімесін тыңдап, көкейіне түйіп, ержетеді. 7 жасында ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Кейін өнер-білім қуып өскен жас ақын Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқып жүріп, қала өнерпаздарымен араласып, әртүрлі аспаптарды - домбыра, сырнай, скрипка тартуды игеріп, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады, Омбыдағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді тамашалайды, тыңдайды. Қаланың думанды өмірі, өнерпаздармен кездесу, өнер кештері Жаяу Мұсаның арманына қанат байлағандай болады, Мұндай шаралар, сөз жоқ, Жаяу Мұсаның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастырады, енді ол өзі де көпшіліктің алдында өнер көрсете бастайды. Сол жылдарда ол Шоқан Уәлихановпен кездеседі, қасында болады. Шоқанды Баянауылдағы Қоңыр әулиеге апарады. Абайға өлең арнап, Омбы кітапханасындағы Санкт-Петербор, Мәскеу, Қазан, Орынбор, басқа да қалаларда шығатын газет-журналдарды, кітаптарды оқып, танысады.

Өзінің өткір тілі мен бойына дарыған ақындығының арқасында халық арасына кең тараған «Ақсиса» әнін жазды. Осы әнге арқау болғандай, атақты би Мұса Шорманов Мұсаның мініп жүрген жалғыз атын тартып алып, сол себептен Жаяу Мұса атанған екен.

Билігі жүріп тұрған Шормановтар Жаяу Мұсаға түрлі жала жауып, ақыры 1860 жылы оған «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағып, Тобылға жер аудартады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Осылайша, оның әскер қатарындағы әр қиырды шарлаған күрделі өмірі басталады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербор қалаларында, Полония, Литва жерінде болады. 1863-1865 жылдары Черняев басқарған отрядтың құрамында Шымкент, Әулие-ата, Верный жорықтарына қатысады. Алайда патша қолбасшысының қарапайым халыққа жасаған зорлығына наразы болып, туған ауылына оралады. Елге келгеннен кейін айрықша өнерімен қазақтың жалпақ даласына аты мәлім болды.

Ол ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне тарай бастайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды. Сол тұста өмір сүрген Тоқсанбай, Жанақ, Түбек, Көтеш, Жаңабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтып, жаңалыққа құлаш ұрды. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», туған жер табиғатын суреттейтін «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»; аңшылық-саятшылық туралы «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», «Құлбай», «Қазан қыздары», махаббатты жырлайтын «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім», өмірлік серігі Сапарға арналған «Келдім, Сапар, басыңа» атты әндері бар. Сондай-ақ, ол - лирикалык сипаттағы «Қыз күйі», «Қызбала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлердің де авторы. Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары - халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ, қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Жаяу Мұсаның «Ақсиса», «Ескендір», «Тұрымтай» атты әндерінде қазақ халық әндерінде аса сирек кездесетін құбылыс - классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер байқалады. Жаяу Мұса - композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңдерімен қатар «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр» атты мысалдары да бар. Бір атап өтерлігі, дауылпаз өнерпаз көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Оның колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған. Әндері мен күйлерін Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Михаил Лалинов нотаға түсіріп жазып алса, әндерін Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин, кейін Ермек Серкебаев, Қайрат Байбосынов орындады. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бекет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланды. Әнші бейнесі көркем шығармаларда және Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында тамаша суреттелген. Ақсу қаласындағы музыка колледжі және Павлодар қаласындағы бір көше Жаяу Мұсаның есімімен аталады.

Жаяу Мұса Байжанұлы 1929 жылы қайтыс болды. Ол Баянауыл ауданының Мұрынтал ауылынан 10 шақырым қашық-тықта жерленген. Бұл жер облыстағы сакралды орын тізіміне енді.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz