- Оның үстіне мұрным пұшық, нағашыма тартып кетіппін. Оны қалай өсірем? Көшеде жігіттер қара қыз, талтақ қыз, қомыт қыз, - деп мұрындарын шүйіреді. «Жығылып жатып, сүрінгенге күледі». Сол жігіттердің өздері оңып тұр ма? - дейді Сәндігүл қапаланып.

Нағашысы:

- Әй, ертең басқа үйдің босағасын аттасаң, атаң мен енеңе қандай ат қоясың? - деді әңгімені бұрып.

- Дедуля, бабуля буду говорить. Мало-мало қазақшаға там научусь, - деді ол шүлдірлеп.

- Ине ұстау білесің бе?

- Зачем шить. В магазине полно, - деді Сәндігүл.

- Баламды орысша оқуға берем деп бұзып алдым - дейді әкесі ызғарлы үнмен.

- Сәндігүл қағылған-соғылған орыс қыздарымен жүретін болды. Таңертең кетеді, кешке жатар орынға әзер келеді. Қайда болдың десем:

- Я же взрослая. Мені іздемеңдер, - дейтінді шығарды. Сені оқытамын, тоқытамын деп қаншама шашылдық. Қаңғыбас қыз болдың ғой! Біз күні-түні жұмыстамыз, сенің түрің мынау!

- Әй, қатын, мына қызға қандай тәрбие бердің?

- Е, сен қайда жүрсің, әкесі? Жалғыз менің балам ба? Екеуімізге ортақ емес пе? Әлде бұл менің төркінімнен келген қыз ба?

- Ойпырым-ай, не орыс емес, не қазақ емес, қалай өсірдік, - дейді әкесі. Жұрттың балалары қалай өссе, солай өсті. Көппен көрген - ұлы той, - деді шешесі.

Сөйтіп жүргенде Сәндігүлдің жасы 30-дан асты. Үйде айнаның алдында боянады, қабақты қырып тастап, қара бояумен ай қабақ сызады. Қабақтың астын көк бояумен көгертеді. Ерінді қызартады. Көйлек-көншектің түрлі модасынан қалмай, ашық-шашық киінеді. Бастағы қою қара шашы, ақ бас, сары шаш, көк шаштарға айналып, кейде өркеш бас, күрке тауық боп кетеді. Күнде ойын, күнде той. Азаматтық неке ме, күнделікті неке ме, ақшалы неке ме? Өзі де білмейді. Осылай босқа өмір өтіп, жүкті болып та қалды. Үйіне көрінуге беті жоқ. «Мен Астанаға жұмыс іздеп кеттім» деп, құжаттарын алып, танымайтын қалаға кетті. Баяғы жастық дәурен, аштық дәуренге айналды. Баласын балалар үйіне апарып тастап кетті. Енді міне, жасы 50-ге келген шағында ата-ана да, туыс-туған да, бала-шаға да жоқ, өзі жалғыз қу тізесін құшақтап қалды. Өкінішті-ақ!

Қайролла АЙТБАЕВ, зейнеткер, Екібастұз қаласы.


Дарвиннің Ілімі

немесе тек туралы өлең

Түзелер, қазақ, тұрмысың әлі,
Бәрі де тіпті әдемі.
Бірақ та бүгін сынға ұшырады
Дарвин көкемнің дәлелі.

Апыр-ау, қандай себебі дедім,
Сеніп келдік пе теп-текке?
«Бабамыз - маймыл» дегенін оның
Оқытқан бізге мектепте!

Шығыс пен мына батысқа қоса,
Осыған сендік бәріміз.
Бір ағам айтты: «Шатасқан о шал,
Қасқырдан - біздің қанымыз!»

Даласы да аман,
Бабасы да аман.
Дау айтам қандай сайлы ұлға?
Деді ағам сосын: «Қарашы маған,
Қай жерім ұқсас маймылға?!»

Демесін біреу: «Қандай халықсыз?»
Жеткізсін көзін бағама.
«Қасқырдан тіпті аумай қалыпсыз!»
Деп шынымды айттым ағама.

«Бәсе, - деді ағам, – сенім өшпесін,
Көнеден қалған мол аңыз.
Бөріні бабам еміп өскесін,
Қалайша жаман боламыз?!

Шығармай тіпті төріне ханды,
Ар-намыс болған бас құны».
...Есіктен сол сәт көріне қалды
Көкемнің әлгі бастығы.

Бастығы сірә, мәнді адам, керім...
Маңғаздау қарап сағатқа...
Бөрі боп тұрған әлгі ағам менің
Өзгеріп кетті заматта.

Сыйлайтындығын аңғартып олақ,
Құшағын аша жүгірді.
Бастығының сосын алды-артын орап,
Иілді, тұрды, бүгілді.

Жоғалып әлгі көңілдегі елес,
Жампаңдап ағам, жанықты.
Байқасам тіпті, бөріден емес,
Маймылдан аумай қалыпты.

Жайлап тұр еді санамды көрік,
Сенімге берік байланған.
Шошыдым, әлгі ағамды көріп,
Құйрықсыз маймылға айналған.

Болады-ау енді, әркімге шүбә –
Деп іштей ғана күрсіндік.
Ойладым сосын, Дарвинде сірә,
Рас-ау, бары бір шындық!

Алланың көкте айбары қолдап,
Алаш болыппыз (хабарым).
Үйге кеп сосын, айнаны қолға ап,
Бейнеме ұзақ қарадым!

Сайлау БАЙБОСЫН, Екібастұз қаласы.


Мектепте

Мұғалім:

- Ойпырмай, сен қашаннан бері есепті қатесіз шығаратын болғансың? деп таң қалды. Шамасы, саған әкең көмектескен болар, ә?

- Көмектескен жоқ.

- Шыныңды айт!

- Шын айтам, көмек- тескен жоқ. Бәрін өзі шығарды.

* * *

Жағырапия пәнінің мұғалімі тақтаға шыққан оқушыдан:

- Солтүстік полюске жіберілген экспедиция ғылымға қандай пайда әкелді?

- Қайдағы пайданы айтып тұрсыз? Жағырапия пәнін қиындата түскеннен басқа не бітірді дейсіз солар?..

* * *

- Бекен, сен неге беті-қолыңды жумай келгенсің, аузыңның айналасы сатпақ-сатпақ қой, - дейді мұғалім оқушыға. - Жаңа ғана үйден не жеп шыққаныңа дейін білініп тұр. Айтайын ба не жегеніңді?

- Айта қойыңыз.

- Жұмыртқа жегенсің.

- Таппадыңыз! - депті оқушы масаттанып. - Мен ботқа жеп шықтым. Ал жұмыртқаны кеше жегенмін...

saryarka-samaly.kz