- Әбудәуіт, алғаш сахнаға неше жасыңда шықтың?

- Негізі, ән айтуға бала кезімнен құштармын. Бойымда осындай бір өнер ұшқыны барын білген болса керек, бір күні нағашы атам домбыра сыйлады. Әнші болуды армандап жүрген мен үшін бұдан құнды сыйлық жоқ еді. Содан кейін бастауыш сыныпта оқып жүріп, өз бетім- мен домбыра тартуды үйрендім. Әсіресе, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы әндерге ерекше қызығатынмын. Соның түр-тұлғасына, ән орындау стиліне еліктеп өстім. Мектепішілік шараларда ән салып, аудан бойынша өтетін сайыстарға қатысып жүрдім. Аудандық, облыстық ән байқауларында жүлделі орындардан көріндім. Мектептен кейін Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, өзім таңдаған музыка мамандығы бойынша білім алдым. Қазіргі таңда Ақтоғай ауданында мәдениет саласында қызмет істеймін.

- Жақында аймақтық «Ертіс-star» бағдарламасына қатысқаныңды білеміз. Сенің өнерің қазылар алқасының көңілінен шықты ма?

- Бұл - қатысушылардың географиялық аумағы жағынан ең үлкен жобалардың бірі. Осы байқау арқылы ел ішінде көрінбей жүрген көптеген жас дарын сахнаға шықты. Яғни, ұйымдастырушылар тасада қалған таланттардың бағын ашып, жас өнерпаздардың үлкен өнер жолына түсуіне мүмкіндік берді. Жобаның алғашқы іріктеу сайысынан сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алдым. Ақтық сынға өткен өнерпаздар аудандар мен қалаларды және ауылдарды аралап, концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Мен «Ертіс-star» байқауының сахнасында алдымен «Неге солай?» және «Мы двоем» әндерін шырқадым, қазылар алқасының барлығы оң бағасын берді. Көрермендер де жылы қабылдап, ерекше қолдап-қолпаштап жатты. Мұндай сәт адамды одан ары арқаландырып, шабыттандырып жібереді екен. Жобаның қорытындысы, яғни ақтық кезеңі жазда болады. Қазір соған дайындалу үстіндемін.

- Жақында ғана «Сағындым ғой бәрін...» атты өзіңнің алғашқы авторлық әнің жарыққа шықты. Жаңа туынды көптің көңілінен шығып жатқанға ұқсайды ғой...

- Көптен бері авторлық ән жазсам деген ойда жүр едім. Бірақ сөзі арзан, әуені тым жеңіл әндерді айтуды қаламаймын. Ол менің дауысыма да, табиғатыма да сәйкес келмейді. Өңірімізге белгілі айтыскер ақын Қуанышбек Шарманов ағамыздың жақсы әні бар екенін өнерпаз ағаларымнан естідім. Әннің авторына қолқа салып, тыңдап көрдім. Бұл ән нағыз «іздегенге - сұраған» болды! Ән ұнады. Бірақ бірден айтып кете алмадым. Иірімдері күрделі, өзге әндерге ұқсамайтын туындыны орындауға біраз уақыт дайындалдым. Енді бұл әнді сазбен әрлеу үшін мықты маман іздестірдік. Қамқоршы ағаларымның бірі, кәсіпкер, қоғамдық істерге үнемі араласып, сауапты істен жақсылығын аямайтын Асылбек Туғанбай арқылы «МузАрт» ансамблінің музыкалық продюсері, белгілі композитор, талай хит әндердің авторы Арман Бексұлтанмен таныстым. Тырнақалды туындымды Арман ағамыздай мықты маманға өңдетіп, жаздыру – мен үшін үлкен жетістік. «Сағындым ғой бәрін...» әні жарыққа шыққаннан кейін бірден «Agugay» ән сайты арқылы тыңдарман назарына ұсындық. Қазіргі күні менің әнім қаралымы жағынан көш басында тұр. Көпшілік жылы пікірлерін білдіруде. Соған қарап алғашқы әнім халыққа ұнады деп түйдім. Сын, ескертулер де жоқ емес. Орынды айтылған сын болса, түзетуге тырысамын. Сондай-ақ, жаңа ән «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» радиосының ән қорына енгізіліп жатыр. Болашақта осы әуе толқындары арқылы да тыңдай аласыздар.

- Қазір әнінде әуен, мәтінінде мән жоқ даңғаза дүниелер қаптап кетті. Бұл өнердің туын құлатпаса, көтермейді. Өзгелерге еліктеп, арзан дүние қуып кетпейсің бе?

- Иә, өкініштісі сол, тойда айтылатын әндер сахна төріне шығып кетті. Бұл қазақ эстрадасының құнын түсіреді. Әнші талғамсыз болса, тыңдарман зардап шегеді. Ән таңдағанда ең алдымен өзімнің дауысыма және табиғатыма қалай сәйкес келеді? Сол жағына мән беремін. Одан кейін әрине, сөзіне назар аударамын. Мен, өзіңіз айтқандай, әнінде әуен, мәтінінде мән жоқ даңғаза музыканы сахнаға алып шығуға үзілді-кесілді қарсымын. Сондықтан, мұндай келеңсіздікке жол бермес үшін есер ән мен есті әуеннің аражігін ажырата білер кәсіби мамандармен жұмыс істеу керек.

- Өнер әлеміндегі жолың ақ болсын!

Сұхбаттасқан - Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz