Аудандық жастар орталығы ұйымдастырған шараға қатысушылар «Ел қорғаны – жастар», «Ел тірегі – жастар», «Жастар және заң», «Жастар және құқық», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Ел ертеңі – білімді жастар», «Қазақстанның асқақ рухты жастары» тақырыптарында ой бөлісіп, әңгіме өрбітті.

Кездесуде Баянауыл аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Асыл Шадиев болашақ Отан қорғаушыларға өз мамандығының қыры мен сыры туралы айтып берді.

- Түлектердің әскери оқу орындарына түсіп, оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Киім-кешек, тамақтану, білім беру сапасы - толықтай мемлекет бақылауында. Тек қана төрт немесе бес жыл бар күш-жігерлерін салып оқу - міндет. Ал оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттің қамтамасыз етуімен кез келген жерде, кез-келген шенде қызмет жолын өтетін боласыңдар, - деді. Асыл Жамбылұлы еліміздегі әскери жоғары оқу орындарының тізімін және артықшылықтарын айтты.

Сонымен бірге көктемгі әскерге шақыру маусымының жүріп жатқанын, азаматтық басты борышты өтеуден қашпау керектігін тілге тиек етіп, Отанымыздың ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға шақырды.

Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қылмыс жасауының алдын алу мақсатында жаза түрлері мен таныстырған аудандық пробация қызметінің бөлімше басшысы, әділет майоры Еділ Шайхин пробациялық қызметте жазаның сегіз тармағы барын санамалап берді. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстарына тарту, белгілі бір лауазым иесі болу немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру, бас бостандығын шектеу, шартты түрде сотталғандарды бақылау, жазаны өтеуі кейінге қалдырылған жүкті әйелдерді, жас балалары бар әйелдерді, жалғызбасты ер адамдардың мінез-құлқын бақылау, мерзімінен бұрын босатылған адамдардың мінез-құлқын бақылау секілді тармақтармен қадағаланған адамдардың пробация бөлімінде есепте тұратынын айтты.

Аудандық ішкі істер бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция лейтенанты Дидар Нығмет жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу керектігін баса айтты.

- Еліміздегі қазіргі уақытта ең қауіпті қылмыстар жасөспірімдер арасында тіркеледі. Олардың үлкен қылмысқа жол бермеуі үнемі қадағаланып отырады. Себебі өз өмірлеріне балта шабатын сондай әрекеттерден балаларды аулақ ұстау керек, - деді Дидар Қайроллаұлы.

Жиынды қорытындылаған жастар орталығының директоры Ренат Ильдин Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңін оқып беріп, жастар саясатын дамытуда Елбасы ұсынған бағытта жұмыс жасауға шақырды.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz