Бұл 1968 жыл болатын. 22 қараша күні редакцияда ақынмен кездесу өтті. Біз Баянауыл ауданының Мойынбұлақ қыстауында туған ақын ағаны қарсы алу үшін лездеме өтетін бөлмеге жиналдық. Газет редакторы Сұбыхан Шошанов өте кішіпейіл, елпілдеген, елгезек, жеңіл жүретін адам еді. Бұйра шашын бес саусағымен салалап қойып, келе жатқан қонақтарды даладан қарсы алды. Бес-алты адамды ерітіп кабинетке кіргенде бәріміз орнымыздан тұрдық. Дихан ағамыз сұлу өңді, жүзі жылы, жайдары адам екен. Қасына зайыбы мен ұлы және жерлес ақын Мұзафар Әлімбаев пен Тұманбай Молдағалиевті ертіпті. Газет редакторы жерлес ақын-жазушыны мерей жасымен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Келген қонақтармен таныстырды. Әдеттегідей мерейтой иесі сөз алып, туған жеріне деген сүйіспеншілігін, еліне деген махаббатын өлеңмен жеткізді. Бүгінгі күнге дейін жеткен шығармашылық жетістігін айтты. Қазақ халқының ой дүниесінде аз жасап, көп іс тындырған, өмірбаяны өте қызық біртуар аяулы перзентіміз Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы «Ақын арманы» атты бірінші кітапты оқырман жылы қабылдағанын, таяуда «Арман жолында» деген екінші кітабы баспадан шыққалы жатқанын айтты. Осы сапарда трилогияның үшінші кітабына деректер жинап, көптеген тың дүниелер тапқанын жеткізді. Сұлтанмахмұттың жас жүрегін жаралаған Гүлайман деген қыз болғанын, сүйген қызын әкесі Жарқынбек Қаражан деген шалға ұзатып жіберген соң, Сұлтанмахмұттың сары уайымға салынғанын әңгімеледі. Сол кездері «Жарқынбек» деген дастан жазып, оны өзі ұнатпай, жыртып тастапты. «Мен сол дастанды жатқа білетіндерді де іздедім. Сұлтанмахмұт жүрген жерлердің бәрін араладым. Семейде, Қатонқарағайда, Зайсанда, Шідертіде, Томскіде болдым, ақын іздеген шындықпен кездестім. Өзімен қатарлас шыққан ақын-жазушылардан шоқтығы биік ақын туралы әдеби шығармаға үш кітап аз болатын шығар. Болашақта жазатын адамға, әсіресе жастар, Сіздерге де жетерлік тарихи дүние жетеді, - деп отырғандарды шолып шықты. Ақынды зерттеп жүріп,

Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде мың-мың ыстық қаным бар.
Туған тілде әнім менен сәнім бар!
Туған тілім – жүрек үнім, наныңдар,
Нанбасаңдар,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар, - деп,

Сұлтекеңе еліктеп өлең жаздым,-деді.

Бұдан кейін сөз алған Мұзафар Әлімбаев Ертіс өңірі, өскен жері өзіне қуат беретінін, «Естай-Қорланның» бір өзі - кір жуып кіндік кескен елін шет елге дейін танытқанын мақтанышпен айтты. Ал ақын Тұманбай Молдағалиев бұл кезде сыршыл лиризмді дамытып, «Құстар қайтып барады» (Н.Тілендиев), «Бақыт құшағында,» «Әнім сен едің (Ш. Қалдаяқов) сияқты белгілі әндерімен республикаға танылған болатын. Осы сапарда «Ертіс вальсі» (Б.Жамақаев) әнінің тұсауы кесілді. Ол кісі «Дихан ақынға атқосшы болып келдім, киелі Ертіс-Баян өңіріне Тұманбай болып келіп, Тұмекең деген абыройға ие болып барамын», - деп жымиды. Жүзінен шуақ шашып тұрған ақынның оқыған өлеңдері де жүрекке жылы тиді. Атақты ақындардың алдында екі-үш кітабы баспа бетін көрген белгілі балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалинов Жазушылар одағына өте алмай жүргенін, Қажымиден Айтжанов өлеңдерін баспадан шығара алмай отырғанын айтты. Бақи Әбдіқадыров астаналық ақындарға мені таныстырды. Сол кезде Тұмакең «Қыздарды көңілім сүйеді» деп маған көз қиығын тастаған еді... Тұманбай Молдағалиев - Алматы облысының тумасы. Ойлап отырсам, лирик ақын Тұманбайды еске алып ұлықтайтын небір көше, не бір мектептің атауы жоқ көрінеді. Ал Сұлтанмахмұттай жалынды ақынға романымен ескерткіш орнатып кеткен Дихан Әбілев ше? Иә, менің шығармашылық жолымның темірқазығы болған ақын-жазушы ағаларыммен өткен күндердің бедерлі ізі өшпейді.

Шолпан БАЙҒАЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Павлодар қаласының Құрметті азаматы.

saryarka-samaly.kz