Сандар сөйлесін...

Сөзіміз дәлелді болу үшін сандарды сөйлетейік. Мәселен, 2015 жылы 4279 қазақстандық түлек Ресейге білім алуға аттанған. Бұл сол жылы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқандардың 11 пайызын құрайды. 2016 жылы еліміздің 4528 мектеп бітірушісі аталмыш қатарды толықтырды. Ал өткен жылы 3723 қыз-жігіт шекаралас елге бет алған. Аталған санның 16 пайызы Павлодар облысына тиесілі екен. Түлектердің басым бөлігінің таңдауы Омбыдағы оқу орындарына түскен. Бұл жағдайды халық қалаулылары жиі көтергенімен, мәселе «баяғы жартас - сол жартас» күйінде қалуда.

Жуырда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы осы мәселе бойынша ойын білдірген болатын. Оның сөзінше, Павлодар облысында 2015-2016 оқу жылында 3 түлек шетелдің жоғары оқу орнына түсуге тілек білдірген. 2017-2018 оқу жылында бұл сан 412- ге жеткен. Ал 2016 жылы Ақмола облысынан 62 мектеп бітіруші аталмыш қатарды толықтырса, былтыр бұл көрсеткіш 6 есеге артқан. Бұл жағдай Ресеймен шекаралас орналасқан Батыс және Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алып отыр.

- Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Мемлекет әр баланың 11 жыл бойы білім алуына 3 млн. 200 мың теңге жұмсайтыны, бір тұлғаның қалыптасуына әлденеше адамның тер төгетінін ескерсек, бұл - ел үшін үлкен шығын, шашылған дарын екеніне көз жеткіземіз, - деді депутат.

«Көштің» негізгі себептері

Адами ресурс – күллі байлықтың бастауы. Ал ел ертеңі - жастар екені даусыз. Ұл-қыздарымыз елден жыраққа аттанып, өзге елде білім алуға неге құмартады? Мәселені тізбектеп талдап көрейік.

Біріншіден, ұлттық бірыңғай тестілеуден айналып өтеді. Екіншіден, көрші елдің жоғары оқу орындарының біздің мектеп бітірушілерімізді «магнитше» тартып жатқанының басты артық-шылығы – жұмыспен қамтуында. Үшіншіден, Қазақстандағы оқу ақысын бәрінің қалтасы көтермейді. Өте қымбат. Әрине, Ресейдің оқу орындары беріп жатқан білімді қазақстандық университеттер де бере алады. Еліміздегі облыс орталықтарынан бөлек, Астана, Алматы қалаларында небір мықты білім ошақтары жетерлік. Өкінішке қарай, барлық мәселе оқу бағасына тіреліп тұр... Сөзіміз дәлелді болу үшін еліміздегі алдыңғы қатардағы 2 жоғары оқу орнындағы оқу бағасына көз жүгіртейік. Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде заң факультетінің бір жылдық ақысы 730 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта сұранысқа ие халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алғысы келетіндер жылына 780 мың теңге төлеуі тиіс. Экономика факультетіне түскісі келетіндер де осы соманы төлейді. Журналист болғысы келетіндер бір жылдық оқу үшін 710 мың теңгені санап беруі тиіс. Енді бұл соманы 4 жылға көбейтейік. Студент маман атанып шығу үшін 4 жылдың ішінде 2 миллион 840 мың теңге төлеуі тиіс(!). Бұл - тек оқу ақысы үшін ғана кететін шығын. Жатақханадан орын бұйырмағандар пәтер жалдайды. Елордада баспана құны қымбат екенін ескерсек, балаларын Астанада оқытам деген ата-аналар үшін салмақ түсетіні - анық жағдай. Бір жылда пәтерге де аз қаражат кетпейді-ау. Одан қала берді, тамағы, киім-кешегі, жол ақысы деген тағы бар...

Ал енді Алматыдағы талай дарындыларды оқытқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқу ақысын есептейік. Бұл білім ошағының бағасы бәрінен асып түседі екен. Жоғарыда аталған заң факультетінің бір жылдық оқу ақысы - 1 миллион 69 мың теңге! Халықаралық қатынастар мен экономика факультетінде де осы сома болса, журналистика саласында білім алғысы келетіндер жылына 885 мың теңгені санап береді.

Ал енді Омбы мемлекеттік педагогикалық университетін алайық. Ғаламтор бетіндегі сайтын ақтара отырып, оқу ақысына қатысты мынандай деректерді таптық. Филология факультетіне өтініш білдіргендер жылына 95800 рубль төлейді. Ол дегеніңіз теңгемен есептегенде 514 мың теңгеге жуық. Психология және педагогика факультетіне түсетіндер де осы қаражатты төлейді. Ал Новосібір мемлекеттік медициналық университетіне орташа есеппен жылына 300 мың теңгеге жуық ақша кетеді екен. Новосібір мемлекеттік техникалық университетінде білім алғысы келетіндер 250 мың теңгеге жуық ақша төлейді. Осыдан-ақ, жастарымыздың Ресейге бет алуының негізгі себебін түсінуге болады. Ресейдің Томск қаласындағы университеттің заң факультетіне түсетіндері де жылына 350-400 мың теңге төлесе жеткілікті.

Өткен жылы елімізде жалпы саны 127 414 түлек оқу бітірген екен. Ресми деректерге сүйенсек, оның 92827-сі ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Қалғанының көпшілігі шетелге оқуға кетіпті. Жалпы, жыл сайын Ресейдің университеттері еліміздегі мектептер мен лицейлерде халықаралық байқау деген желеумен білімді оқушылар арасында түрлі жарыстар өткізіп, марапаттайды. Бұл біздің балаларымызды өздеріне тартудың әдісі екені жасырын емес. Әсіресе, мұндай додаларды математика, химия, физика сынды пәндерді мықты меңгергендер арасында өткізуге құштар.

Ұтымды ұсыныс

Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар Бейсенбаев та қолдайды десек қателеспейміз. Себебі депутат осы мәселе төңірегінде былай деген болатын: «Оқу ақысын арзандату қажет. Жастарымыздың көбі Ресейдің оқу орындарына түсуде. Ресейліктер көктем мезгілінде еліміздегі мектептерді аралап, ең дарынды түлектерді оқуға шақыруда. Ол жақта оқу бітірген маманды жұмысқа орналастыру мәселесі шешілген. Ресейде қоғамның қартаюы деген мәселе бар. Ауылдарын айтпағанда, қалада да жастар саны аз. Көп мекемелерде жұмыс істейтіндердің дені – зейнеткерлер. Сондықтан олар басқа елдің жастарын тартуда. Бұған жол бермеу керек. Біріншіден, отандық жоғары оқу орындарының сапасын көтеру керек. Екіншіден, гранттар есебінен дарынды жастарымызды елде алып қалу қажет. Үшіншіден, жұмыс мәселесін шешу керек», - дейді Асқар Бейсенбаев.

Осы мәселені ҚР Парламенті Мәжілі-сінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов та көтерген болатын. Оның сөзінше, Ресейде білім алатын түлектердің көпшілігі Қазақстанға оралмай, сол елде еңбек етеді. Демек, Қазақстан мемлекеті басқа елдің экономикасы мен әлеуметі үшін қаржы шығындап, орта білім беруде.

Аталмыш жағдай Павлодар облысында да өзекті болып отыр. Жуырда облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары аймағымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Артур Платоновтан жоғарыдағы мәселені шешуге көмектесуін сұрады. Мәжіліс депутаты бұл ретте қазақстандық студенттер үшін жағдай жасау керектігін алға тартты.

- Осыдан бірнеше ай бұрын ҚР Білім және ғылым министрлігіне осы жағдай бойынша ресми сауал жолдаған болатынмын. Аталмыш жағдайды зерттеу барысында еліміздегі оқу жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі төмен деңгейде екеніне көз жеткіздім. Осының өзі талантты жастардың өзге елде білім алып, еңбек етуіне себеп болып отыр. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінде көтеруге уәде беремін, - деді депутат.

А.Платонов еліміздің талапты, білімді жастарын сақтап қалу үшін бірнеше ұсыныс тастаған болатын. Түлектерге жоғары оқу орнына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден тыс басқа балама әдісті ұсыну. Білім гранттарын әр аймақтың экономикалық қажеттілігіне қарай бөлу. Сонымен қатар, кәсіпорындардың өздері де маман дайындау үшін өз гранттарын жариялауы тиіс. Нәтижесінде өздері оқытқан маманды жұмысқа алады.

ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов елімізде жоғары білім алуға ниетті жастарға барлық жағдай қарастырылғанын айтады. Өткен жылы ҰБТ-ның форматына өзгеріс енгізілді. Оқуға түсе алмаған түлектерге емтиханды 2-ші, 3-інші рет тапсыруға мүмкіндік бар. Тіпті, 1 семестр оқып, қаңтар айында қайта тапсыра алады. Бұл мүмкіндікті бір жылда 30 мың жас пайдаланған. Биыл тағы да жағымды жаңалық орын алған. Бұған дейін басқа елдің жоғары оқу орындарынан ауысқандар ҰБТ тапсыруға міндетті болған. Енді ауысуға ниет білдірген студенттің мамандығы мен оқу ақысы сәйкес келсе болғаны. 2018 жылдың қаңтар айында Ресейден және өзге елдерден Қазақстанның университетіне 2 мың студент ауысқан.

«Жұмыспен қамтылады...»

Облыс орталығындағы Инновациялық Еуразия университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Ақмарал Қадырова еліміздегі жоғары оқу орындары жастарды жұмыспен қамти алмайды деген түсініктен арылу қажеттігін айтады.

- ИнЕУ-де білім алған студенттердің 90-95 пайызы жұмысқа тұрады. Бұл ретте оқу орны 150-ден астам кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Біріншіден университеттер болашақ мамандарды қызметке орналастыра алмайды деген түсінікті ұмыту қажет. Екіншіден, бұл патриоттық тәрбиеге байланысты. Өз елінде білім алған бала туған жерінің болашағы үшін еңбек етуі тиіс. Бұл ретте, жеке кәсіппен айналысып, бәсекеге қабілетті бола білуі тиіс. Елімізде білім аламын, кәсіп ашамын деген жастарға барлық жағдай жасалуда. Мұндай мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланған жөн. Тіпті, қашықтықтан оқу жүйесі де енгізілген. Студенттердің кез келгені Ресейдің жоғары оқу орындарынан онлайн режимде білім ала алады. Сондықтан өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болған дұрыс деп ойлаймын, - дейді ол.

Ардагер ұстаз Мақаш Жылқыбаев өзге елде білім алуға ниетті жастардың ұлтжандылық қасиеттен жұрдай екенін айтты.

- Елімізде осындай жағдайды естігенде жүрегім ауырды. Облыс орталығының өзінде 3 жоғары оқу орны бар. Ол аз десеңіз, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларындағы оқу орындарын қосыңыз. Назарбаев университетінің өзі бір төбе ғой. Аталмыш шаһарлардағы білім ошақтары дарынды қыз-жігіттерді тәрбиелеуге қауқарлы. Жастарымыз білім алу үшін Ресейге ағылып жатқаны дұрыс емес. Ата-аналар мен мектептегі ұстаздар да бұл мәселемен бірлесіп күрескен жөн. Елбасымыздың өзі жыл сайын білім аламын деген студенттерге барлық жағдай жасауда. Өзге елде білім алып, сол елде еңбек ету – ұлтты сатқанмен тең деп білемін.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы жаста-рымыздың шетелдің жоғары оқу орындарында білім алуына қарсылық білдірмейтінін айтады. Бұл - әркімнің жеке таңдауы, құқығы.

- Біздің еліміздің демократиялық принциптері бар. Кез келген тұлға таңдаған жоғары оқу орнына түсуге құқы бар. Біз оған қарсы бола алмаймыз. Жастарымыздың бәсекеге қабілетті сапалы білім беретін шетелдік жоғары оқу орындарына түсуін қолдап, білім алған соң, елімізге оралып, мықты маман ретінде еңбек етуін қалаймыз. Егер жергілікті жоғары оқу орындары түлектеріміздің көңілінен шықпай жатса, бұл – жоғары оқу орындарына қатысты мәселе, - дейді басқарма басшысы.

Жақында аймағымыздың түлегі Әмір Мұхаммед Әли әлемдегі үздік деп саналатын 7 оқу орнының қатарына енген АҚШ-тың Принстон университетіне грант жеңіп алған болатын. «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сыныбында білім алатын жас математиктің есімі Қазақстанға ғана емес, шет елге де кеңінен танымал. Жуырда ғана Бразилияда өткен халықаралық математика олимпиадасында Қазақстанның намысын қорғап, алтын медальға ие болды. Әмірдің білім додасындағы жеңісі мұнымен шектелмейді. Ол былтыр Қытайдың Гонконг қаласында өткен дәл осындай халықаралық олимпиадада жеңіс тұғырынан көрінді. Енді міне өз білімінің арқасында болашағына жол ашты.

- Елімді, туған жерімді ерекше жақсы көремін. Объективті ойланатын болсақ, қазақстандық жоғары оқу орындары АҚШ университеттеріне қарағанда көш соңында. Бойымдағы қабілетім мен білімімді одан әрі шыңдай алатын оқу орнында білім алғым келеді. Дарынды азаматтар елімізде қалсын десек, оларды қызықтыратын жағдай жасау қажет. Соның бірі – жалақы, - дейді жас математик.

Әмір қазір АҚШ-та білім алуға дайындалып жүр. Жерлесіміз бағдарламалау және инжиниринг факультетін таңдаған. Дарынымызға сәттілік тілеп, үздік университетте алған білімін Қазақстанның даму жолына жұмсайтынына сенгіміз келеді.

Биыл Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жылда бөлінетін 54 мың оқу грантына тағы 20 мың грант қосылатын болды. Яғни 74 мың түлек тегін білім алуға мүмкіндік алмақ. Жоғарыдағы 20 мыңның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінген. Қалған 9 мыңы қай мамандықтарға бұйыратыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Бұл ретте ҚР Білім және ғылым министрлігі бағдарламаның нәтижелерін халыққа ашық жариялағаны жөн. Жоғарыдағы техникалық мамандықтарды бөлуде ауыл балалары қалыс қалмаса екен дейсіз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz