Павлодар облысының 2018- 2019 жылдарға арналған кешенді даму жобасы шеңберінде аймағымызда бірқатар жұмыс атқарылмақ. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, Павлодар және Ақсу қалаларында индустириялық аймақ құрылып, Екібастұз қаласындағы индустриялық аймақты одан әрі дамыту көзделуде. Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» шағын ауданында алдағы 2 жылда аумағы 70 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй бой көтермек. Денсаулық, білім беру және спорт салалары да назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта 4 жеке меншік балабақша ашылады. Бұдан бөлек, мектеп асханаларында сапалы тамақтануды ұйымдастыру мақсатында жабдықтарды жаңарту, футбол алаңдарын қайта жабдықтау көзделуде. Тұрғындар үшін демалыс орындарын абаттандыру, Павлодар және Екібастұз қалаларындағы көшені автоматты түрде жарықтандыру жүйесін енгізу, «Бұлтты бейнебақылау» жобасын дамыту жоспарлануда. Сондай-ақ, 2018 жылы Баянауыл ауданының туристік аймағында әуе қатынасын дамыту қолға алынуда. «Бизнестің жол картасы - 2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша шаралар жалғасатын болады.

Облыс әкімі Болат Бақауов этноауылдарды салу, туризмді дамыту, экология мәселелеріне ерекше мән беруді жүктеді. Инвесторларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айтты.

- Әр жиында инвестор тарту мәселесін жиі көтеремін. Осы жағдайда аудан-қала әкімдері бақылауға алып, инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізгені жөн. Әзірше бұл бағытта ауыз толтырып айтатын жұмыс жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуды көздеген германиялық «Шнайдер Эдензи» компаниясы Павлодарға 4 мәрте келді. Оның сауалына әлі күнге дейін 100 пайыз жауап бере алмай келеміз. Әрбір аудан жол бойындағы бизнесті дамытуды қолға алуы керек. Мәселен, Павлодар мен Омбы қаласының арасы 400 шақы-рымды құрайды. Өкініштісі, жол-жөнекей тоқтап, демалуға арналған бірде-бір дәмхана жоқ. Салдарынан жолаушылар Железин ауданындағы Башмачное ауылына бұрылып баруға мәжбүр. Бұл жағдай қашанға дейін жалғаспақ? - деді Б.Бақауов.

Биыл Павлодар облысында экология жылы деп жарияланғаны белгілі. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс-тары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев аймағымыздың экологиясын тазарту мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алын- ғанын айтты. Оның сөзінше, жасыл алқап-тарды көбейту үшін аймағымызда 160 мың қарағай көшетін отырғызу жоспарлануда. Оның басым көпшілігі Павлодар қаласы мен Качир және Железин аудандарында енгізілмек. Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр және Жасыбай көлдерінде балықтарды көбейту жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

Жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов жылу маусымы 23 сәуірде аяқталғанын атап өтті. Әлеуметтік нысандар сәуір айының соңына дейін жылумен қамтамасыз етілмек. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткішіне сәйкес, облысымызда коммуналдық қызмет бойынша қарыз 2 954,2 млн. теңгені құрайды. Өкінішке қарай, бюджеттік мекемелерде қарыз көлемі артып отыр. Оның ішінде коммуналдық қызмет берешегінің жартысы Павлодар қаласының бюджеттік мекемелеріне тиесілі. Аймақ басшысы бұл тым жоғары көрсеткіш екенін айтып, қордаланған қарыздан мейлінше тез құтылуды тапсырды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz