Премьер-лиганың жаңа маусымында қатарынан үш рет сүрінген «Ертіс» олқылықтың орнын толтыру үшін ойын басында басымдықты қолға алуға тырысты. Кездесудің 12-минутында «Ертістің» жартылай қорғаушысы Илья Калинин қарсыластардың айып алаңына өтіп, Дору Пападюкқа допты сәтті жеткізді. Әуелеген допты басымен қақпаға бағыттаған футболшы есеп ашты. Бұдан соң ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Қос тарап та бір-біріне қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. Кездесудің бірінші кезеңінің соңғы минутында жерлестеріміз босаңдық танытып, қақпаларына бір доп жіберіп алды. Таразы басын теңестірген – «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Андрей Аршавин.

Ойынның екінші жартысында қонақ-тарымыздың басымдығы сезіліп тұрды. 63-минутта Чума Анене біздің қақпашының осал тұсын тапты. Осылайша «Қайрат» кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Ойын соңындағы баспасөз жиынында сөз алған «Қайрат» футбол командасының бас бапкері Карлос Алос: «Ертістің» кестедегі орны деңгейіне сай емес. Осы кездесу бізге де оңайға түскен жоқ. «Ертіс» ойын басында тамаша өнер көрсетті. Тек кездесудің соңына дейін қарқынды ұстап тұра алмады. Болашақта командаға сәттілік тілеймін», - деді.

Ал «Ертістің» бас бапкері Жерард Нус берген уәдесіне сай орнын босатты. Командамыздың бас бапкерінің міндетін әзірше Дмитрий Кузнецов атқарады.

Ел чемпионатының 8-туры ойындарынан соң «Ертіс» 8-ші орынға сырғыды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz