«Қазақстан кәрістері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрағасының орынбасары Раиса Афанасьева-Кимнің сөзінше, қазіргі уақытта аймағымызда 1000-ға жуық кәріс өмір сүруде. Бұл ретте жастардың басым көпшілігі Астана, Алматы қалаларымен қатар, Ресейдің жоғары оқу орындарына оқуға түсуде.

- Қазақстан кәрістері ассоциациясы» облыстық филиалы өңірдегі ең үздік 10 этномәдени бірлестіктің қатарына енеді. Себебі біздің ұжым қала, облыс деңгейіндегі барлық іс-шараларға белсене қатысады. Бұл ретте жастардан құралған «Анен» би ұжымы, «Кымпитсори» (алтын дауыс) вокалдық тобы, заманауи би билейтін жастардан құралған топтар республикалық жарыстарда бақ сынап жүр. Қазіргі уақытта қауымдастық Қазақстан-Корея білім беру орталығымен тығыз байланыс орнатқан. Олар көп жағдайда біздің бірлестік мүшелеріне кітап, оқулықтар жолдайды. Сонымен қатар, ҚР-дағы Корея елшілігінің мәдени орталығымен жұмыс істеп келеміз, - дейді ол.

Раиса Афанасьева-Кимнің айтуынша, қазақтар мен кәрістерде ортақ дүние өте көп. Мәселен, қазақтың домбыра, жетіген сынды ұлттық аспаптары кәріс халқында да бар. Сонымен қатар, кәрістер де баланың тұсауын бір жасқа толғанда кесіп, туыстарды дастарқан басына жинайды екен. Қазақ халқының үлкендерге құрмет көрсету тәрбиесі бұл ұлтта да бар. Бүгінде қауымдастық құрамында кәрістермен қатар, қазақ, орыс, грузин сынды ұлт өкілдері бар. Оларды кәрістердің мәдениеті, ұлттық тағамдары қызықтырады.

- Қазақстанда тұрған әрбір ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрін білуі тиіс деп есептеймін. Бұл – сыйластық белгісі. Өзгеге деген құрметтің, ынтымақтың арқасында ұлттар арасында достық қарым-қатынас сақталып келеді. Елдегі бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытудың бірегей тетігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы - ел бірлігінің ең басты тұтқасы. Бастысы - бейбітшілік пен келісім. Жастар тәрбиесіне көп мән беруіміз керек. Олардың оқуы, жұмыспен қамтылуы басты назарға алынуы керек. Мемлекеттік тіл, барлы-ғымызды байланыстырушы басты құндылық та қазақ тілі болуы тиіс. Еліміздің жетіс-тіктерін жоққа шығармай, Тәуелсіздікті баянды етуіміз керек, - дейді Р.Афанасьева-Ким.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz