Көрме - ел тарихының айқын көрінісі. «Мұндай көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат - тарих қойнауындағы қазақтың алтын қолды ұсталары мен зергерлерінің асыл мұраларын насихаттау, мұражай қорында сақталған этнографиялық жәдігерлерді көрермен назарына ұсыну» дейді ұйымдастырушылар.

- Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұсталық кәсіп, зергерлік өнерін музей қорындағы жәдігерлер негізінде түсіндіруді мақсат еттік. Бүгінде ұлттың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін сақтап, болашаққа жеткізу - ата-баба рухы алдындағы мәңгілік борышы ретінде сезініп, әрбір жәдігерді көрме арқылы көрсетіп, ұрпақ зердесіне сіңіру басты назарға алынған. Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса, кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сондықтан ел жастары оларды ұмыт қалдырмай, қадірін түсініп, қасиетіне жете білсе дейміз, - дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бөлім меңгерушісі Ербол Қайыров.

Көрмеге келушілер ерекше бір ынта-құрметпен әрбір экспонатқа үңілуде. Этнографиялық көрмеге мұражай қорында сақталған қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмысын танытатын жәдігерлер қойылды. Ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық заттар, түрлі тәсілмен жасалған қолөнер бұйымдары, музыкалық аспаптар, бейнелеу өнері туындылары және тағы басқа жәдігерлер көрермендер назарына ұсынылды.

 

Мереке АМАНТАЙ

 

saryarka-samaly.kz