Мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін өнерпаз - бірқатар облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Атап айтсақ, 2015 жылы халықаралық «Ақкөгершін» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 2016 жылы Ресейдің Барнауыл қаласында өткен «Серебряные струны» халықаралық байқауында 3-орынға ие болды. Биылғы жылы Павлодар қаласында өткен халықаралық «Арт-Созвездие» байқауында жүлделі 1-орыннан көрінген. Талабы таудай қыздың болашағынан ұстаздары да үлкен үміт күтеді.

- Дарина біздің мектепте 1-сыныптан оқиды. Мектепке қабылданысымен қобыз үйірмесіне келген еді. Мінезі ашық-жарқын. Адамдармен тез тіл табысып кетеді. Қазақ тілінде таза сөйлейді. Тіпті кейбір сөздердің орысша аудармасына қиналып қалатыны бар. Алдына қойған мақсаты да мығым. «Әлемдік сахналарға шығып, қобыз үнін дүние жүзіне тыңдатсам» дейді. Даринаның дарыны асқақ арманын орындауға жететініне сенімдімін, -дейді ұстазы, ҚР мәдениет саласының үздігі Айнұр Қанаева.

Д.Мельникова қазақ клсассиктерінің туындыларын ойнауға құмар. А.Жұбановтың «Көктем», Х.Тастановтың «Алтай аясында», Л.Хамидидің «Романс» секілді күрделі композицияларын нақышына келтіре орындап жүр.

- Қобыз үнін ерекше ұнатамын. Оның үні маған шабыт сыйлайды. Біз - Тәуелсіз Қазақстанның ұланымыз. Мемлекеттік тілді, қазақтың салт-дәстүрін білуге тиіспіз. Өнер ұлтқа бөлінбейді. Менің аққанат арманымның орындалуына себепкер болған ұстаздарыма алғысым шексіз. Мені ел алдына алып шыққан – қобыз, - дейді Д.Мельникова.

Бояуы басым, үнінен қазақтың иісі аңқитын қасиетті қобызды насихаттап жүрген қаршадай қыздың өнері - көпке үлгі.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz