Бұл ретте Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да елдегі маңызды істердің өтуіне атсалысып, аймақтағы 80-нен астам этнос өкілдерінің басын біріктіріп, тұрақтылықтың туын биік көтеруде.

Мамырдың алғашқы күні - Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2011 жылы көтерген болатын.

- Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бірінші мамыр - бірлік пен тұрақтылықтың мерекесі. Ал тұрақтылық болмаған жерде дамудың болмайтынына қазіргі таңда жер-жаһанда орын алып жатқан оқиғалар дәлел бола алады, - деген еді Елбасы.

Әрбір ұлттың тегіне, дініне, көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің бұлжымай сақталуын қамтамасыз етіп отырған Ассамблея еліміздегі халықтардың тұрмыстық деңгейдегі ұлтшылдықтың пайда болуына жол бермейтін, бір-бірін төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбие-леуді дәріптейтін ең маңызды ұйымның бірі болып саналады. Осының нәтижесінде әрбір қазақстандық кең ауқымды ойланып, достық пен өзара түсіністікті бағалауға жетелеу жолында жемісті еңбек етуде.

- Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдерге үлгі көрсетіп қана қойған жоқ, бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды. Қазақ жерін мекен еткен әрбір адам үшін ең басты жетістігіміз – егемен ел болғанымыз. Тіпті, бізге келген өзге елдің өкілдері ұлттар арасындағы тұрақтылық пен татулықты көріп, сүйсініп кетіп жатты. Оның бір дәлелі Астана төрінде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болды. Осындай айтулы шарада ел болып бірігіп, ұлттар достығының қандай болатынын әлемге паш еттік деп ойлаймын. Өткен жылда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған жұмысы аз емес. Жыл сайын алдымызға қойған мақсат-міндеттерімізді орындап келеміз. Сонымен қатар биыл Астана қаласының 20, Павлодар облысының 80 жылдық мерейтойлары бар. Атаулы шараларға біздің Ассамблеяның да қосары мол, - дейді Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшысы Сейсенбай Жетпісбаев.

Жыл бойы аталып өтетін мемлекеттік және жалпыхалықтық мерекелерді тойлауда облыста тұратын барлық этнос өкілдері белсенді. Қоғамдық келісім мен этносаралық татулыққа байланысты мәселелер бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жиындар, дөңгелек үстелдер үнемі ұйымдастырылып келеді. Биыл украин, әзербайжан этно-мәдени бірлестіктерінің 25, ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің 15, қырғыз этно-мәдени бірлестігінің 10 жылдығы мен «Қоғамдық келісім» КММ жанынан шығатын «Достық шаңырағында» газетінің 5 жылдық мерейтойы тағы бар.

- Былтыр Ресейдің Алтай өлкесімен бірлесіп Шарбақты ауданында өзге ұлт өкілдерімен бірге қазақтың ұлттық мейрамы - Наурызды тойлатып келдік. Мұндағы мақсатымыз - ұлтаралық келісімді сақтай отырып, татулықты нығайту. Осы тәрізді шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мәселен, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық «Бірлік. Единство.KZ» форумына биыл Астана қаласы айрықша назар аударып отыр. Бізбен бірлесіп, аталмыш форумды кең көлемде атап өтуді ұсынды. Соңғы бірнеше жылдың ішінде қарқынды түрде өткізіліп келе жатқан республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясында да өзге ұлт өкілдерінің жастары қазақ тілін үйреніп қана қоймай, қатысуға ниеттілердің саны жыл санап көбейіп келе жатқанын айтып өту керек. Өзге ұлт жастарының қазақ тілі мен салт-дәстүріне деген қызығушылығының артқанын байқаймыз. 2017 жылы «Серпін» бағдарламасымен облысқа келіп оқып жатқан студенттермен бірлесіп, Ассамблеядағы жастар арасында «Қазақша сөйлеу оңай» жобасын қолға алған едік. Өткен жылы осы жобаға 20-дан астам жас қатысса, биыл олардың саны 40-тан асып отыр, - дейді С.Жетпісбаев.

Көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әр тарапта дамуына үлес қосып келе жатқан әр ұлт пен ұлыс өкілдеріне Қазақстан азаматы ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Сонымен қатар, оларға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасауда.


Керек дерек:

• 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойды;

• Бұл мереке 1996 жылдан бастап аталып келеді;

• Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында 24 этно-мәдени бірлестік бар;

• Биыл украин, әзербайжан этно-мәдени бірлестіктеріне - 25, ұйғыр этно-мәдени бірлестігіне - 15, қырғыз этно-мәдени бірлестігіне - 10 жыл.


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz