Орталық алаңда 70-тен астам киіз үй құрылып, 1 тоннадан астам наурыз көже таратылды. Осымен екінші жыл Павлодар облысының тұрғындары Наурыз мерекесін 40 күн тойлауда. Мерекенің соңғы күні орталық алаңда бой көтерген 8 ауылда қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көріністер қойылып, көрмелер ұйымдастырылды. Қонақтар осы жылы мерейтойлары атап өтілетін М.Ж.Көпеев, С.Торайғыров, Е.Беркімбаев сынды бірқатар аңыз адамдардың жеке заттарымен танысып, К.Байсейітова, Р.Бағланова сияқты қазақ ән өнері жұлдыздарының дауысын тыңдауға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар әр ауылдың жанынан ашылған балалар алаңқайы да мерекенің ең кішкентай қонақтарының көңілін көтерді. Бұл күні 10 мыңнан астам бала мерекелік сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, көшеге ұлттық киіммен шыққан павлодарлықтар да назардан тыс қалмады. Ең үздік ұлттық киім киген 20-дан астам қонақ ынталандыру сыйлығына ие болса, «Жадо» сән үйі осы аталым бойынша күміспен зерленіп тігілген алқа мен қамзолды бас жүлдеге ұсынды.

Әні мен сәні жарасқан ұлық мейрамда Ертіс жағалауында Сыр, Жетісу, Арқа, Шығыс пен Батыстың дәстүрлі әндері әуеледі. Сондай-ақ, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Диана Шарапова, Парвиз Назаров пен Қуандық Рахым да осы кеште өнерін көрсетті. Ал павлодарлық палуандар болса «Павлодар барысы» атағы үшін өзара белдесті.

Мереке туралы толығырақ газетіміздің бейсенбілік нөмірінен оқыңыздар.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz