Елбасы елімізде халықтың бірлігін сақтап қалуымызды үлкен бақытқа балады. Бұл ретте, тұрақтылықтың басты кепілі – Ассамблея екенін атады. Ірі бастамалардың қасында әрдайым аталмыш институт өкілдерінің қолдау көрсететініне ризашылық білдірді. Сессияға өзек болған бес әлеуметтік бастаманың әлеуметтік бірлікті бекемдеудің тетігі екенін де мәлім етті. Ал бұл бастамалар жемісті жүзеге асса, қоғамда халықтың мемлекетке және адамдардың бір-біріне деген сенімі артады, деді Президент. Сондай-ақ, мұндай бастама бұрын-соңды болмағанын да жасырмады. Жиында Елбасы ел дамуына әрбір Қазақстан азаматы үлес қосып жатқанын бөле-жара атады. Олардың еңбегін бағалайтынын да айтты.

Президент бес бастаманы жүзеге асыруға 2,6 трлн. теңге бөлу жоспарланып отырғанын мәлім етті. «Бұл – азаматтарға, болашаққа салынған инвестиция. Бұл қаражатты азаматтарымыздың игілігіне жұмсау үшін жылдар бойы жинадық. Оны халық лайықты бағалайтынына сенеміз. Осы саясат жалғасады», деді Елбасы. Енді жобалардың жүзеге асуын «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, Ассамблея мүшелері де қадағалауы тиіс.

Н.Назарбаев мұндай бастаманың қолға алыну себебін де түсіндірді. Яғни, әлеуметтік және мәдени капитал өсімнің тұрақты драйвері саналады.

Президент алдағы уақытта Ассамблея қалай жұмыс істейтінін де айтып берді. Нақтысы, бұл институттың қызмет ауқымын кеңейту көзделіп отыр.

- Ассамблея өзекті жаңғырту міндеттерін атқаруда азаматтық тұрғыдан қатысуын кеңейтуі керек. Өйткені, Ассамблеяның әлеуеті айтарлықтай. 1000-нан астам этно-мәдени бірлестік, 5000-ға жуық қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңестері жұмыс істейді. Міне, осы әлеуетті барынша белсендендіру үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгертулер енгізілуде, - деді Президент.

«Ассамблея - жаңғыру жолы» жастар қозғалысына да үлкен үміт артылатынын, оларға қолдау көрсету керектігін айтты. Елбасы әрбір қазақстандық отбасыны дамыту үшін әлеуметтік капиталды арттыруға көңіл бөлінетінін атады. Мемлекет басшысы әкімдерге адамдардың қажеттіліктеріне жылдам жауап қатуды ескертті.

Сессияда бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі - Астананың 20 жылдығын ауқымды түрде атап өту қажет, деді. Н.Назарбаев тілдік саясатты да сөз етті. Яғни, үштілділік - жаһандық қажеттілік екенін тағы бір мәрте еске салды. Сессияда Елбасы әр ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген құрмет бұрынғыша сақталады, деді.

Алқалы жиында Ассамблея «Қазақтану» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Мұнда қазақ халқының құндылықтары, тарихы, философиясы, мәдениеті жайында айтылмақ. Сессия соңында Президент жүргізіп отырған саясатына әрдайым қолдауын аямайтын Қазақстан халқына алғысын білдірді.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz