Павлодар қаласындағы Қанат Даржұманұлы атындағы ұлттық жаңғыру мектебі де, міне, осыдан жиырма жыл бұрын осы мақсатта ашылған болатын. Мұндағы 18 ұлттық бөлімшеде 18 түрлі ұлт өкілдерінің балалары өз тілдерін үйреніп, салт-дәстүрі мен өнерді меңгеруде.

Кеңестік тоталитарлық саясат өткен ғасырдың 30-шы және 50-ші жылдарының басында көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халық, этникалық топтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар қудаланып, туған жерінен алысқа көшірілді. Олардың басым көпшілігі сталиндік аласапыран кезеңде қазақ жеріне қоныстанды. Пейілі кең қазақ елі арып-ашып келген өзге ұлт өкілдеріне достық пейіл танытты, олар біздің елде тұрақтап қалды, түтін түтетіп, ұрпақ өрбітті. Тәуелсіздіктен кейінгі уақыт ағымында өзге ұлт өкілдерінің арасынан тарихи отандарына оралғандары да, Қазақстанды туған жеріндей көріп, қоныстанып қалғандары да баршылық. Елімізде қазір 130-дай ұлт пен ұлыс өзара достық пейілде, қанаттаса өмір сүруде. Бүгінде Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде оны мекендейтін 130-дай халықтар мен ұлттардың өз Отанына айналды.

Елімізде бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін жер-жерде құрылған ұлттық мәдени орталықтар соның айғағы болса, олардың балаларына да өз тілін, дәстүрін үйретуге қамқорлық жасау қолға алынды. Бұл ізгілік ең бірінші болып 1997 жылы Папвлодарда жүзеге асты. Сол жылы «Тіл үйрену арқылы - бейбітшілік пен ынтымаққа» деген ұстаныммен облыс орталығында ұлттық жаңғыру мектебі ашылды. Білім ордасының іске қосылуына белгілі қоғам қайраткері, облыс Ассамблеясының құрылуы мен дамуына Қанат Болатұлы Даржұман айрықша үлес қосты.

Туған тілінде сөйлеп, ата-тегін біліп, достығы жарасқан этностардың ортақ құндылықтарына қызығушылық білдірген екі жүз бала мен жасөспірім бір шаңырақ астына жиналды. Жаңғыру мектебі Ассамблеяның мәдени білім беретін қанатына айналды. Қосымша білім беру жүйесінің қатарындағы білім ордасы 20 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, көптеген балаларға өз тілдерін, мәдениет, салт-дәстүрдің толық оқу курсын меңгергені туралы сертификаттарын табыс етті. 2012 жылы мектеп негізін қалаушы Қанат Болатұлы Даржұманның есімі жаңғыру мектебіне берілді. 20 жыл ішінде білім ордасында оң өзгерістер болды, білім мен тәрбие ісі уақыт талабына сай дамып, өркендеді. Бастапқыда 10 ұлттық бөлім болса, қазір оның саны 18-ге жетті, армян, әзербайжан, корей, шешен-ингуш, еврей, украин, неміс, татар-башқұрт, поляк, чуваш, болгар, грек, белорус, қарашай–черкес және қабардин–балқар, өзбек, румын-молдаван және орыс, қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейді, оқушылар саны 600-ден асты.

Б.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі түлектерінің арасында білім, өнерімен, талабымен елге танылғандары баршылық. Атап айтқанда, еврей ұлттық бөлімшесінің түлегі Наталья Нефедова – Павлодар облысы жастар саясаты басқармасының сұрақтар жөніндегі басшысы, татар–башқұрт ұлттық бөлімшесінің түлегі Элина Иванова – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық Ассамблея жастар қанатының төрайымы. Бір атап өтерлігі, украин, болгар, неміс бөлімшелерінің түлектерінің арасында жоғары оқу орындарын тәмамдағаннан кейін осы мектепке ұстаз болып оралғандары бар. Қазіргі уақытта мектепте 18 оқу сыныбы, компьютерлік сынып, интербелсенді тақта, кітапхана, электронды оқу құралдары бар. Жыл сайын кітапхана қоры толықтырылып, ұлттық киімдер де жаңартылып отырады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен педагогтардың тарихи отандарында өткізілетін курстар мен семинарларға қатысып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік жасалған. Мұнда еңбек ететін мұғалімдердің 85 пайызы жоғары білімді болса, олардың 40 пайызы - жоғарғы және бірінші санаттылар қатарында. Олардың арасында тарихи отандарынан арнайы келіп, бала оқытып жатқандар бар. Мәселен, поляктар бөлімшесінде ҚР Білім және ғылым министрлігі және Польша мемлекетімен өзара келісіммен шақырылған Дронг Мария, болгар бөлімінде Болгар Мемлекетінің маманы Г.Йорданова қызмет істеп жүр. 18 ұлт тілін үйрету ісі жалпы тұжырымдама және авторлық бағдарламалар арқылы кешенді жолдармен іске асырылып келеді. Әр бөлімшенің оқу бағдарламасына қазақ халқының әдет-ғұрпын үйрету енгізілген.

- 2014 жылы мектеп педагогтары «Көпұлтты Қазақстандағы мәдениетаралық байланыс» атты жоба аясында Қазақстандағы этникалық топтардың тілді меңгерудегі инновациялық полилингвилді оқыту әдістемесін әзірлеу ісіне белсенді атсалысты. Бұл курс тәрбиеленушілердің мәдениаралық қарым-қатынастың үйлесімділігін, оқушылар арасындағы тұрақты толерантты қарым-қатынас орнату мақсатында биылғы оқу жылында оқыту және тәрбиелеу жоспарына енгізілді, басқа да жетістіктеріміз баршылық дейді, - мектеп басшысы Ербол Айтқұлов.

Мектеп оқушылары мемлекеттік тілді терең білу бағытында шығармашылық сайыстарға, салт-дәстүр мерекелеріне, салтанатты жиын, әдебиеттік оқулар, «Бірлік» этнофестивалі сияқты дәстүрлі шараларға жиі қатысады. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз», «Шырқа, домбыра мен бандура!», «Достық шеңбері», «Әлем гүлдестесі», «Әр халықтың тілі ұлы да айбынды», «Біз әр түрліміз, бірақ біргеміз», т.б. әр түрлі тілдерде, мазмұнды өтетін шаралар балаларды қызықтырады, олардың тарихи отандарын тануға ықпал етеді. Сонымен қатар, тәрбиеленушілер білім сапасын қала, облыс, республика тіпті халықаралық деңгейде көрсетіп, танымал болуда. 300-ден астам ұл мен қыз облыстық «Үлкен ел - үлкен отбасы», «Менің елім», «Мәңгілік ел», «20 қайырымды іс», «Ғасырлар тереңінен» атты жобаларға қатысуда. Мектеп Павлодар қаласындағы №1, 2 көркемсурет мектептерімен бірлесіп «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында «Ғасырлар тоғысында» атты жобаны құрастыруда. Жоба Ертіс өңірі этностарының рухани құндылықтарын, салт-дәстүрлерін үйрену арқылы қалыптастыруға бағытталған. Мектепте бірнеше шығармашылық топ, атап айтқанда: «Достық» домбырашылар ансамблі, бандуристер ансамблі, вокалды ән айту студиясы, «Бірлік» мектеп хоры, «Арай», «Мөлдір», «Учтаулар» атты би ансамбльдері және сәндік-қолданбалы өнер орталығы бар. Әрине, бұл игіліктердің қай-қайсысы болмасын қазақ тілін, өнерін және әр ұлт баласының өз тілі мен ділін үйренуге мүмкіндік беретіні айқын.

Қорыта айтқанда, біздің елде 18 ұлт пен ұлыстың ұрпақтары бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай, әрқайсысы тіл сындырып, ұлттық дәстүр-салтын үйренуде. Оған барлық жағдай жасалып отыр. Б.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі біздің өңірдегі барлық этностардың рухани байлығын дамытуға бағытталған үлкен аудиторияға айналған.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz