Бүгінгі таңда Май ауданы әкімдігі мен Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті жанындағы «Әбу Ханифа» қоғамдық қорының өкілдері және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары бірлесіп, Ақбалық хазірет туралы ғылыми зерттеулер жүргізу және марқұмның жерленген орнына кесене тұрғызу жұмысын қолға алды. Аудандық кітапхана қызметкерлері хазірет туралы мәліметтер жинау жұмыстарымен айналысуда. Білім беру мекемелерінде осы бағытта сынып сағаттары мен көрмелер өткізіліп, аудандық музейде «Аты аңызға айналған - Ақбалық Хазірет» тақырыбында бұрыш дайындауда.

Жалпы, Май өңірінен облыстық қасиетті орындар тізіміне 6 нысан кірді. Соның бірі – Абылайтас. Бұл құрамында 500 батыр бар Абылай хан әскерінің демалу үшін қоныстанған әйгілі Шабанбай байдың жазғы жайлауы. Сондай-ақ, атақты би Бәкі Басардың жерленген жері, Қалмаққырылған тауы, Қайса Нұрғазыұлының кесенесі, ХІV-ХV ғасырларға жататын Калбасун мұнарасы, қола дәуіріне жататын Кемертұз көлінің маңындағы тау бетіндегі суреттер де осы киелі орындар тізіміне енді. Қазіргі таңда Май ауданының ішкі саясат бөлімі ауданның қасиетті жерлерінің картографиялық маршрутын әзірлеуде, Ақбалық хазірет кесенесі де кіретін болады. Биыл ауданға қасиетті жерлер туралы қысқаша ақпарат пен суреті бар конструкция орнатылатын болады.

- Май ауданынан шыққан танымал қасиетті адамдар өте көп. Емшілігімен танылған Санира Базарбаева, Шүкір молла Ахметұлы, Талас Мамырбайұлы, жылқы емшісі Төлебай бабаларымыз кезінде ел үшін қызмет еткен жандар. Ақбалық хазірет бабамыз да ислам дінін насихаттап, ағартушылықпен айналысқан. Міне, бүгінгі күні сол бабамыздың шөберелері Май ауданында тұрады. Ұрпақтарының қолында сақталған және басқа да әдебиет беттерінде жарық көрген ақпараттарды жинастырудамыз. Себебі, қасиетті адамдардың өткен өмірін, істеген ісін кейінгілерге жеткізу – біздің міндетіміз деп ойлаймын, - дейді Май аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Қарлығаш Түсіпбекова.

Хазірет туралы не білеміз?

Ақбалық хазіреттің (1833–1918) азан шақырып қойған есімі Әбділдә екен. Ол - Бытының алты баласының ең кенжесі. Жасы 20-ға жаңа толған кезде елде үлкен жұт болып, ол туған жерімен қоштасып, кетуге мәжбүр болады. Жаз бойы бір сартқа жалданып жұмыс істеп, Ташкентке мал айдайды. Сөйтіп жүріп Ташкенттің медресесіне оқуға түсіп, онда 3 жыл білім алған. Мал айдауды әбден меңгерген жас жігіт кейін Бұхарға дейін қой айдаған. Осы кезде Бұхар медресесіне оқуға түскен. Мұнда шамамен 21 жылдай білім алып, 44 жасында хазірет атағына ие болады. Үлкендердің айтуынша, хазіреттің алтын мөрі (алтын медаль сияқты) болған екен. Бұхарда 2-3 жыл қызмет атқарғаннан кейін жұмысынан сұранып, елге оралады. Бестаудың жанынан (Сарытауда) мешіт-медресе салдырып, сол өңірдегі ауылдардың балаларын оқытады. Елге ислам дінін жайып, имандылықты уағыздайды. Руы – Сырым ішінде Тоқсан, оның ішінде Қысырау.

1905 жылы ақ патшаға қарсы мұсылманның туын көтеріп, оларды біріктіру туралы уағыз айтқан. 1916 жылы 83 жастағы Ақбалық хазірет былай депті: «Түс көрдім. Иншалла, қазақ азаматтары әскерге алынудан аман қалар. Әлихан Алаштың қамын жеп жүр ғой».

Ақбалық хазірет қайтыс болар кезде алдына немересі Сапажанды әкелгенде: «Жерді сары алтынға толтырсаң, көзің шалмас күн болар» деп бұрынғылар айтқан уақытқа да жеттік қой» деген екен. Яғни, жанды-жансыз асыл қазыналардың керексіз болатын сәті келді дегені. Ақбалық хазіреттің зираты Сарытау өңірінде, Түндік өзенінің бойында Шыңырау деген жерде тұр. Бұл жер қазіргі Май ауданының Саты ауылдық округіне қарайды. Жалпы, хазірет туралы аңыз-әңгімелер көбіне ауызша тараған екен. Сондай-ақ, 1992 жылы «Дауа» газетінде біраз мәліметтер басылып шықты.

Ауылын сағынған аға

Бұхарда оқып жүрген кезінде Әбділдәні сағынып, арнайы іздеп ағасы Бөкетай келеді. Бір-екі күннен кейін Әбділдә ағасына: «Келуін келдің, енді сауап болсын десең, құдай оқуынан да бірдеңе үйреніп кет», - деп бастауыш оқуға береді. Бір күні қараса, Бөкетай аулаға кірген қойларға қарап: «Қайран шопан аталарым-ай!» деп кемсеңдеп жылап тұрғанын көреді. Содан кейін: «Сенен ештеңе шықпайды екен. Еліңе қайта ғой», - деп ағасын ауылға қайтарса керек.

Тазалық туралы

Мұса мырза өзінің екі жиен қарында-сының (Қадірбибі мен Сәменбибі) бірін қалыңмалсыз Ақбалық хазіретке бергісі келеді. Бірақ Жамакөт би: «Алдыр, мырза, үміткеріңді сынайық» деген соң шақыртады. Сонымен, Ақбалық хазірет сәлемдесіп, үйге кіріп келген бойда галошымен төрге шығып кетеді. Бұл жағдайды отырған билер өрескел әдепсіздік санайды. Сонда Ақбалық хазірет: «Ғалым – діннің уәкілі. Біздің галошымыз жұрттың мәсісінен таза болуы керек. Дін уәкілі басқадан бір елі артық болар», - депті.

Мұса мырза бұл уәжге тоқтап, кейінгі отырыстардағы әңгімелерге де риза болып, жиенін Ақбалық хазіретке қосқан екен.


Түйін:

Аузы дуалы, көріпкел хазірет туралы халық арасында аңызға айналған әңгімелер мен оқиғалар көп. Заманның қиын күнінде халықтың діни сауатын көтеріп, Алланың ақ жолымен жүруге шақырған ғұламаның аты ұмытылмас үшін кезінде елге сіңірген еңбегі мен еткен қызметі насихатталуда. Ұрпақтары мен жерлестері атамыздың жер-ленген жеріне кесене тұрғызып, кітап шығару жұмысын қолға алуда.


Әзірлеген - Шырын ҚАЙЫРБЕК, Май ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы.

saryarka-samaly.kz