90 келіден жоғары салмақтағы палуандар белдескен бәсеке жауырынды жігіттер үшін оңай болмады. Жан алысып, жан беріскен бәсекені спортсүйер қауыммен бірге облыс әкімі Болат Бақауов тамашалады.

Турнир қорытындысы бойынша қарсыластарын асықша иірген екібастұздық Арман Махамбетов «Павлодар барысы» атанды. Ал жүлделі екінші орын Павлодар қаласының үміткері Серік Сәлменовке бұйырып, 300 мың теңге сыйақыға ие болса, үшінші орынды тағы бір екібастұздық Әділет Нұрпейісов иеленіп, 100 мың теңгені қанжығалады. Осылайша маусым айында өтетін республикалық «Қазақстан барысында» аймақ намысын Арман Махамбетов пен Серік Сәлменов қорғайтын болды.

- Менің ақтық мәредегі қарсыласым дзюдошы еді. Біз көптен бері күресіп келеміз. Оның салмағы менен жоғары. Мен 90 келі салмақта болсам да одан айламды асыра білдім. 2015 жылы «Павлодар барысы» атанып, кейін салмақтың жетіспеуіне байланысты шеттеліп жүрдім. Енді міне, араға 2 жыл салып қайта келіп, күресте салмақтың маңызы аз екенін дәлелдедім деп ойлаймын. 2015 жылы «Қазақстан барысында» үш айналымнан өткен едім. Биыл жеңіл салмақтағы палуандардың да жеңіске лайық болатынын үлкен сында дәлелдегім келеді, - дейді «Павлодар барысы» Арман Махамбетов.

Жеңімпазға 500 мың теңгелік сертификатты облыс әкімі Болат Бақауов табыс етті. Айта кетелік, қазақ күресінен өткен турнирге Лебяжі ауданы қатыса алмады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz