ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Сонымен қатар, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын» деген еді. Елімізде дәл сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын.

Жолдауда жүктелген тапсырманы іске асыру мақсатында Ұлттық банк ипотекалық несиені қайта қаржыландыру бағдарламасын әзірледі. Соған сәйкес, шетелдік валюта арқылы баспаналы болғандарға мол мүмкіндік жасалып отыр. Айта кетелік, ипотекалық несие – баспана сатып алу, ал ипотекалық тұрғын үй несиесі – баспананы салу немесе жөндеу үшін үшін банк беретін қарыз. Арнайы бағдарлама екеуіне де қатысты. Бұл туралы толығырақ ҚР Ұлттық банкінің Павлодар филиалының директоры Баян Мергенбаева айтып берді.

- Бағдарламаға сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін ипотекалық немесе ипотекалық тұрғын үй несиесін алушылар осы жылдың 15 желтоқсанына дейін қарыз алған екінші деңгейлі банкке қайта қаржыландыруды қарастыру жөнінде өтініш жазуы тиіс. Егер тұрғынның өтініші қанағаттандырылса, оның ипотекалық несиесі 2015 жылғы 18 тамыздағы валюталық курсқа байланысты қайта есептеледі. Атап айтқанда, АҚШ долларының бағамы – 188,35 теңге, еуро – 209,26 теңге, Ресей рублі 2,87 теңгеге теңестіріледі. Енді бұл бағам нарықта шетелдік валюта қалай өзгерсе де, тұрақты болады. Тағы бір басымдық – несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесінің 12 пайыздан, әлеуметтік әлжуаз топтарға 3 пайыздан аспауы әрі несиенің 20 жылға дейін берілуі. Яғни, бұған дейін тұрғын ипотекалық несиені 15 немесе 16 пайыз бойынша алса, ол 12 пайыз бойынша саналады. Егер жылдық пайыздық мөлшерлеме 12 пайыздан төмен болса, сол қалпында сақталады. Сөйтіп, ай сайынғы төлем көлемі айтарлықтай азаяды, - дейді Б.Мергенбаева.

Шетелдік валютамен алған қарызын уақытылы өтей алмай, ісі сотқа жолданған тұрғындар да бар. Оларға да аталмыш бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беріліп отыр. Ал екінші деңгейлі банк басшылары, бас бухгалтерлері, басқа да лауазымдық тұлғалары мен олардың жақын туыстары қатыса алмайды. Егер банк өкілдері қандай да бір себепті алға тартып, қайта қаржыландыруға қатысты өтінішті қанағаттандырмаса, облыстық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссияға өтініш білдіруге болады. Оның жұмысына байланысты да өзгеріс енгізіліпті.

- Бұған дейін аталмыш комиссия екінші деңгейлі банкке тек ұсыныс білдіре алатын. Ендігі ретте комиссияның шешімі міндетті түрде орындалуы керек. Демек, комиссия «тұрғынның ипотекалық қарызын қайта қаржыландыру қажет» деген шешім қабылдаса, банк оны орындауы тиіс, - деді Б.Мергенбаева.

Енді бұл бағдарламаның қалай жүзеге асатынына тоқталсақ. Екінші деңгейлі банктер қарыздың қомақты сомасын оңай «кешіріп», есесін жібермейтіні түсінікті. Олардың тоқырап қалмай, әрі қарай жұмыс істеуі үшін «қалтасынан қағылып қалған» соманың орнын толтыру керек. Ал бұл қалай болмақ? Банктер осы жылдың 30 желтоқсанына дейін валюталық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландырады, ай сайын қайта қаржыландырылған несиелер мен валюталық айырмашылық шығындары туралы акт тапсырады, соған сәйкес «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ай сайын 0,1 пайыздық мөлшерлемемен банкке транш аударады, банк өз кезегінде сол соманы 2038 жылдың соңына дейін қорға тапсыруы тиіс.

- Ипотекалық немесе ипотекалық тұрғын үй несиесін қайта қаржыландыру бағдарламасы мемлекетке, банкке, бастысы тұрғындарға тиімді болмақ. Атап айтқанда, қарыз алушылардың төлемі 40-50 пайызға дейін төмендейді, төленбеген берешегі үшін есептелген пайыздық үстемеақыны өтемейді, баспанасы сақталып қалады. Дегенмен, бұл ипотекалық несие елеусіз қалады дегенді білдірмейді. Қарыз қайта қаржыландырылса да оны уақытылы төлеп тұруы тиіс, - дейді Б.Мергенбаева.

Айта кетелік, еліміз бойынша бұл бағдарлама аясында 136 млрд. теңге қарыз «кешіріледі» деп жоспарланып отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz