Наурыз мерекесін тойлауға қала тұрғындарымен бірге облыс әкімі Болат Бақауов та қатысты. Әкім алаңда бой көтерген әр киіз үйге бас сұғып, павлодарлықтарды мерекемен құттықтады. Болат Жұмабекұлы «Тілектер ағашына» лента іліп, символикалық қамшыға түйін түйіп, Наурыз мерекесінің қорытынды іс-шараларын тамашалады.

Шат-шадыман күй кешіп, мәре-сәре болған халық орталық алаңда бас қосып, мерекеге орай ұйымдастырылған концертті тамашалап, ұлттық тағамнан дәм татты. Тойшыл қауымға бір тоннадан астам наурыз көже, палау мен бауырсақ таратылды. Орталық алаңда бой көтерген 8 ауылда қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көріністер қойылып, түрлі көрмелер ұйымдастырылды. Ал қалған 62 киіз үй қонақтарды күтуге арналды.

Биылғы Наурыз мерекесінде қазақтың ұлттық киіміне байқау жарияланған болатын. Ұлттық киімнің сән-салтанатын асыруға 100-ден астам өтініш келіп түскен. Соның ішінен іріктеуден өткен 20 адам ынталандыру сыйлығына ие болды. Байқауда киімімен дараланған баянауылдық Жеңісбек Қадырұлы «Үздік ер адам киімі», ал журналист Құралай Рақымжанова «Үздік әйел киімі» аталымында жеңіске жетіп, «Жадо» сән үйі ұсынған қамзол мен күмістен жасалған алқаға ие болды.

Тойшыл қауымның назары ерекше түскен ауылдың бірі - «Көктем гүлдері». С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың жанында жұмыс істейтін «Фиалочка» әуесқой гүл өсірушілер клубы көрмеге гүлдің 120-дан астам түрін қойған екен.

- Клуб мүшелері ай сайын бас қосып, өз тәжірибелерімен және бөлме гүлдерін өсіру агротехникасы бойынша құпияларымен бөліседі. Үнемі шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Бүгінгі шараға шегіргүлдің жүзден астам түрі мен қынагүлдің жиырма түрі әкелінді. Жалпы, клубта шегіргүлдің 200-ден астам түрі бар. Клуб бөлме гүлдерін өсірумен әуестенетіндер мен жаңадан бастап жүргендердің, таңғажайып гүлдерді өсіру бойынша көпжылдық тәжірибесі бар адамдардың басын біріктіреді, - дейді облыстық кітапхана өндірістік әдебиет секторының меңгерушісі Бақытжамал Омарова.

Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының төрт бөлімінің үш тарауы бойынша «Рухани жаңғыру» атты кітап экспозициясы таныстырылды. Көрмеге қазақ және орыс тілдеріндегі 100-ден астам кітап қойылған. Келушілерді ерекше қызықтырған латын қарпіндегі кітаптар болды.

- Мереке қарсаңында мұндай құндылықтармен танысамыз деп ойламаппыз. Бұл мереке өткен мен бүгінгі күнді байланыстырып тұрған тамаша күн болды. Бір киіз үйде қазақ хандығынан сыр шертетін көрме тұрса, бірінде Күләш Байсейітова, Роза Бағланова тәрізді даңқты жұлдыздарымыздың үні әуелеп тұр. Енді бірінде ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз көрініс тауып отыр. Біз Наурыз тойынан көңіл көтеріп қана қайтпаймыз, рухани азық алып, үлкен әсерге бөленіп тұрмыз, - деп ризашылығымен бөлісті қала тұрғыны Биғайша Берікова.

Қонақтар биыл мерейтойлары өтетін М.Ж.Көпеев, С.Торайғыров, Е.Беркімбаев сынды бірқатар аңыз адамдардың жеке заттарымен танысты.

Сонымен қатар, бұл күнге аудандар да ерекше дайындықпен келген. Мәселен, Лебяжі ауданы әкелген биіктігі 5 метр болатын сәукелені тамашалағандардың қатары көп болды. Ұлттық бас киім инсталляциясының авторы - Лебяжі ауданы мәдениет үйінің меңгерушісі Самат Момынжанов.

- Бұл идеяны ұлым екеуіміз ойлап тауып, неге жасап көрмеске деген шешімге келдік. Сәукеленің өзі үш метр болса, тұрғызылған корпусы екі метрді құрайды. Бас киімді бір аптаның ішінде Жанат Меденов деген қолөнер шебері жасап шықты. Жалпы, ұл мен қыз өсіріп отырған әрбір қазақтың отбасында қамшы мен сәукеле болуы керек. Бұл сәукелені жасардың алдында тарихқа үңіліп, біраз зерттеулер жүргіздік. Металл мен ағаш, түрлі оюлар қолданылды. Алдағы уақытта «Ұлы Дала Елі» фестиваліне орай жігіттерге арналған бөрік жасап шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл кейінгі ұрпақ осындай құнды мұраларымызды ұмытпаса екен деген мақсаттан туындап отыр, - дейді С.Момынжанов.

Сондай-ақ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерінің қолымен жасалған биіктігі - үш метр, ұзындығы алты метрден тұратын қамшы да осы күні көрермен назарына ұсынылды.

Наурыз мерекесі кішкентай қала тұрғындары үшін де тосынсыйларға толы болды. Балаларға арналған 8 алаңда түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, оларға сыйлықтар үлестірілді. Онда «Шығыс базары», «Достық шеберханасы», «Білім-инновация» көрмесі, «Көктемнің шуағы - Наурыз!», «Бала барысы», «Арқан тарту», «Алтын сақа», «Тоғызқұмалақ», «Ойын алаңы» сынды алаңқайларда бүлдіршіндер мәз-мейрам болды. Облыстық оқушылар сарайының балалар шығармашылық ұйымдары, музыка мектеп-интернаты, ұлттық жаңғыру мектебінің оқушыларының қатысуымен өткен «Көктемнің шуағы – Наурыз!» атты Қыдыр ата және халық ертегілер кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған концерт қойылды.

Атаулы мерекеде Арқа, Жетісу, Батыс, Шығыс, Сыр өңірлеріндегі дәстүрлі ән мектептерінің өкілдері де өнер көрсетті. Дәстүрлі әншілер қонақтардың делебесін қоздырып, ұлттық өнерді ел ішінде насихаттауға мүмкіндік алды.

- Жерлестерімізбен бірге Ұлыстың ұлы күнін тойлауға еліміздің түкпір-түкпірінен дәстүрлі әншілер келіп, өнер көрсетті. Олардың қатарында атыраулық Манарбек Дәулетов, қарағандылық Меруеш Башай, өскемендік Қуаныш Оралбаев, талдықорғандық Төлеутай Серіков, көкшетаулық Сәрсенбай Хасенов, қызылордалық Мұхаммедәлі Бекпейісов, петропавлдық Жанат Айтбаев, оралдық Күләш Қуанышқалиева, қостанайлық Хыдырбек Хийсхандар бар, - дейді И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның музыка бөлімінің меңгерушісі Сәуле Мұқаева.

Айта кетейік, бұл мерекелік кеште Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының шығар-машылық ұжымдары, соның ішінде Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, джаз оркестрі, «Нұр», «Шернияз» би ансамбльдері «SAMIYAN» вокалдық тобы өнер көрсетті. Ал қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Диана Шарапова, Парвиз Назаров пен Қуандық Рахым да осы кеште өнер көрсетіп, павлодарлықтарға әдемі кеш сыйлады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz