Ислам діні бойынша өзге айларға қарағанда өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы болған, «Исламдағы абзал үш ай (ережеп, шағбан, рамазан)» деп аталатынын естен шығармауымыз қажет. Ислам дініндегі қасиетті күндер мен түндердің көбі осы айлардың ішінде. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ережеп - Алланың айы, шағбан - менің айым, рамазан - үмметімнің айы» – дейді. Бұл айлар ай күнтізбесі бойынша аталады. Сондықтан, жыл сайын аталмыш айлар 11 күнге кері шегеріліп отырады.

Ережеп айының артықшылығы жайында ғалымдар да деректер қалдырған. «Алла Тағала ережеп айындағы жақсы амалдарды көп еселендіреді. Бұл айда бір күн ораза тұтқан адам бір жыл ораза тұтқан сияқты сауап алады.
Жеті күн ораза тұтқан адамға жаһаннам есіктері жабылады. Сегіз күн тұтқанға жаннаттың сегіз есігі ашылады. Он күн тұтқан адамға Алла Тағала сұрағанын береді.
Он бес күн тұтқанға бір мунади (шақырушы) «өткен күнәларың кешірілді. Алла Тағала Нұх алейһис-саламды ережеп айында кемеге міндірді. Ол да ережеп айын оразамен өткізіп, жанындағыларға да ораза тұтуларына әмір етті» – делінген.

Біздің жыл санауымызға сәйкес, 2017 жылдың 29 наурызынан бастап Ережеп айы кіреді. Ережеп айы исламнан бұрын да қасиетті айдың бірі болатын. Осы ай кірген кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, қылыштарын қынына, жебесін қорамсағына салып, ешкімге тимеуге тырысатын. Өйткені харам айдың бірі болғандықтан өзгелерге қиянат жасау, қанын төгу, ұрып-соғу ісін күнә санайтын. Ал ислам діні келген соң да бұл айдың артықшылығы арта түсті. Осы айда «рағайып» түні мен «миғраж» түні бар. Адамзат тарихында қайталан-бас мұғжиза болған миғраж оқиғасы осы айдың 26-нан 27-не қараған түні жүзеге асты. Ол түн Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Құдысқа, ол жерден көк қабатына көтерілуімен ерекшеленеді.

Жыл күнтізбесі бойынша төрт ай харам айлар болып табылған. Құранда бұл жайында Алла Тағала: «Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап Алла айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі (Зулқағда, Зулхижжа, Мухаррам, Ережеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар», дейді.

Ережеп айы басталғанда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алла Тағалам! Ережеп пен шағбанды бізге мүбәрак еткейсің. Бізді рамазанға қауыштыра гөр» – деп дұға еткен. Харам айларға қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі - харам айлар.
Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді. Бұл айлар - зулқағда, зулхижжа, мухаррам. Төртіншісі болса – Ережеп» дегені барша мұсылмандар үшін құнды. Сондай-ақ, Алла елшісі үмбеттеріне «Харам айларда бір күн ораза ұстап, бір күн ауыз ашқанның артықшылығы көп», – деп бұйырды.

Ережеп айы барысында нәпіл ораза ұстауға болады. Бірақ бір ай бойы ораза ұстау дініміз бойынша бұйырылмаған. Себебі айлық ораза рамазан айында ұсталуы парыз. Ал нәпіл ораза ретінде бірнеше күн ұстауға рұқсат етіледі. Яғни, ережеп айының 13, 14, 15 күндері ораза ұстау дұрыс болады.

Ибн Аббас: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ережеп айында кей жылдары сондай ораза ұстайтын, біз күнде ораза ұстайды дейтінбіз. Ал кей жылы ішіп-жеп жүргенін көріп, әсте еш ұстамайтын шығар дейтінбіз» – деп айтып кетті. Демек, ережеп айында нәпіл ораза ұстасақ, жөн болады екен.

Осы айда жүзеге асқан Миғраж түнінің ерекшелігі мол. Миғраж сөзінің тілдік мағынасы – «көтерілу, биікке шығу, рухани дәреженің шыңына биіктеу». Осы түні екі дүние Сұлтаны (с.ғ.с.) Алла Тағаланың шексіз құдіретіне куә болып, Оның құзырына көтерілген киелі сапар еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихында ерекше назар аударатын осы бір түн - Жаратушының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берген сыйы. Бір түн ішінде Алла Тағала сүйікті құлын, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедті (с.ғ.с.) Меккеден Құдысқа, Құдыстан көкке, одан кейін ешбір періштенің жете алмаған мақамдарына көтерген. «Миғраж», яғни «Исра» оқиғасы өзге пайғамбарларға нәсіп болмаған, тек Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) ғана бұйырған ең үлкен мұғжиза еді.

Бұл жайында Құранда «Исра» сүресінің 1-ші аятында былай деп келтіреді: «Құлын (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрак қылған, Ақса мешітіне апарған Алла тағала әр түрлі кемшіліктен пәк. Шексіз Ол естуші, білуші».

Ережеп айының мұсылмандар үшін ең үлкен ерекшелігі Алла Тағала осы айда 5 уақыт намазды парыз етті. Сонымен қатар, осы түнде Алла Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Бақара сүресінің соңғы 285-286 аятын уахи етті және Аллаға серік қоспаған жанды кешіретінін сүйіншіледі.

Сондықтан сауабы үлкен бұл айдың жақсылығын иемденуге ниеттеніп, ізгі амалдарымызды арттырайық. Жақсы айда сауапты істерге ұмтылған кісіге Жаратушы мол несібе, береке, табыс, сәттілік беретіні де анық.

 

Нариман ИСЕНОВ, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы.

 

 

Қасиетті үш ай туралы не білеміз?

Дінімізде мүбәрак саналған үш айға да келіп жеттік. «Ере-жеп», «Шағбан», «Рамазан» барша мұсылман әлемінде қасиетті айларға жатады. Олардың діни ерекшеліктері жайында көптеген дерек бар.

Үш айдың қасиетті болуы Рағайып пен Миғраж түнінің Ережеп айына, Бәраат түнінің Шағбан айына, Қадір түнінің Рамазан айына дөп келуіне тікелей байланысты. Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Айдың алғашқы жұмасы Рағайып түніне, ал жиырма жетінші түні Миғраж түніне сай келеді. Рағайыптың сөздік мағынасы «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал рағибә «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарға келеді. Осыған байланысты
«Ләйлә Рағайып» тіркесін «жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз.

Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) бұл түні адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған. Шағбан айының маңыздылығы туралы: Әнас (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алла елшісінен «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?» деп сұралғанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айы», «Қай садақа абзал?» дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берді».

Мүбәрак шағбан айының 15-түні – Бәрағат кеші. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады. Пайғамбарымыз бұл түннің маңыздылығын былайша түсіндіреді: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді». Тағы бір хадисте: «Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәрағат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқасының бәрін кешіреді» (Сүнәни Ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191). Бұл түнді ислам ғұламалары «Мүбәрак», «Кешірім», «Сақ» (кешірім, пәрмен, рахмет) секілді атаулармен атайды. Берекелі, рухани, шуақты, құтты түн болғандықтан «Мүбәрак», күнәлардан тазаруға ерекше мән берілсе, рахымы мол Ұлы Жаратушының кешіруі мүмкін екендігі тарту етілгендіктен «Барағат», мағынасына сай амалдар жасаса, Жаратушы сүйікті құлдарын ерекшелей-тіндіктен «Сақ» (кешірімді), есіркеуші, жарылқаушы Ұлы Жаратушыға мойынсынар шақ болғандықтан «Рақым» атаулары берілген. Қай жағынан алып қарасақ та, құттылық пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Барағат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.

Пайғамбарымыз кейбір сахабалардың Шағбан айының ортасында ораза тұтпағанына орай, сол күндердің қазасына Рамазан айынан соң екі күн ораза тұтуларын абзал көрген. Бұл мүбәрак айларда өзі келіп тұрған сауаптарды мүмкіндігінше жіберіп алмаған абзал. Мәңгілік өмірде бақытты болуымызды осы фәни дүние белгілейді. Егер де Алла тағаланың әмірлері мен тыйымдарына құлақ асып, пайғамбарымыздың жолымен жүрер болсақ, нәтижесі жұмақ болмақ. Ұлы Раббымыз режеп пен шағбан айларын мүбәрак етіп, рамазанға амандықпен жетуімізді нәсіп етсін.

Мұсылман күнтізбесі бойынша:
29 наурыз - қасиетті 3 айдың басталуы
23-24 наурыз - Миғраж түні
27 сәуір - Шағбан айы басталады
10-11 мамыр - Бараат түні
27 мамыр - Рамазан айы басталады
21-22 маусым - Қадір түні
25-27 маусым - Ораза Айт мерекесі

 

Бетті әзірлеген - Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.

 

saryarka-samaly.kz