Жолаушыларға жайлы

- Әңгімеден әріден бастайын. Әлі есімде 1980 жылы 23 сәуірде Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бюросына есеп беруге шақырды. Басты мәселе Екібастұз отын-энергетикалық кешенін дамыту турасында болды. Негізі, 1977 жылы бұл істі жүзеге асыру жөнінде қаулы шыққан болатын. Онда 1990 жылға дейін көмір өндірісін жылына 170 млн. тоннаға жеткізу, 4 бірдей ГРЭС салу айтылған еді. Міне, осы ауқымды жұмыстарды жүзеге асырылатынын ескеріп, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевқа ұсыныс жасаған еді. Онда Екібастұз қаласының құрылыс алаңына айналатыны, соған теміржолдың сай келуі қажет екені айтылған болатын. Сол кездің өзінде қазіргі Елбасымыз «теміржол – егемен еліміздің күретамыр, экономиканы көтерудің басты құралы» деген еді. Содан бері 38 жыл бойы Президент Нұрсұлтан Әбішұлының жүрген жолын, айтқан сөзін назарымнан жібермеймін. Жаңылысқан емес. Байқап отырсақ, еліміздегі әрбір кәсіпорынның құрылысында Елбасының қолтаңбасы жатыр.

Естеріңізде болар, Президент елорданы Алматыдан Астанаға көшірерде қаншама адам қарсылық білдірді. Шешімді қате қадамға балағандар аз болмады. Ал қазір ше? Қазір кезінде келіспегендер Астанаға ағылып жатыр. Жайлы болғандықтан болар бүгінде бас қала халқының саны 20 жылдықта 1 млн. адамнан әлдеқашан асып кетті. Ал Алматы тұрғындарының саны өткен ғасырдың басынан бері 2 млн.-ға енді жетіп жатыр. Елордамыз дүниежүзіне танылып келеді. Ол үшін де қазынадан қаржы бөлінеді. Оған да түсіністікпен қарау қажет.

Иә, бас қаламыздың халқының санының өсуімен қатар қатынайтын жолаушылар саны да еселеніп келеді. Мұны ескерген Елбасы – Астананың бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаев айрықша вокзал салуды қолға алып, былтыр бұл ғимарат қолданысқа берілді. Шаһар шырайына көрік берген зәулім ғимарат қала меймандарын жайлылықпен қарсы алуда. Тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алатынының өзі қандай керемет. Күніне Астанаға 90 пойыз келіп-кетеді. Вокзалдың ашылу салтанатына бардым, сонда Елбасымыз Астана вокзалы еуропалық талапқа сай келетін, Еуропаның өзінде сирек кездесетін сапаржай екенін айтты. Ол рас, көргенде көз қуанады. Кең, жолаушыларға жайлы. Президентіміз алдағы уақытта теміржол вокзалы мен әуежайды байланыстыратын рельстік көлік қарастыру қажеттігін де сол ашыл салтанатында айтты. Алысқа көз тігу деген - осы. Жаңа вокзалдың орналасқан жері де қолайлы. Әйтпесе, ескісінің айналасында кеңейетін жері жоқ. Ал жаңасы қала шетіне жайғасты. Бастысы, алдағы уақытта оның айналасын әлем-жәлемге айналдырмай, теміржол қызметіне қажетті орындармен толықтыру керек.

Бір сөзбен айтқанда Астанамызда теміржол көлігінің тұтынушылары, яғни, жолаушылар үшін жағдай жасалған. Қызмет сапасы да артып келеді. Ендігі кезде еліміз бойынша вагондарды алмастыратын кез келді деп ойлаймын. Себебі республика көлемінде 2100 вагон болса, соның елу пайызы ескірген. Соларды ауыстыруға Үкімет көңіл бөлсе деген тілек бар. Бір қынжылтатыны, Парламент бюджетті қабылдағанда «теміржол» деген бір сөз айтпайды. Меніңше, осы мәселені ескеруі тиіс. Тағы бір қалайтыным, вагондарды жуып өтетін станциялар қарастырылса деп ойлаймын. Бұл да жолаушылардың таза вагонмен қатынауына мүмкіндік берер еді. Себебі, шаңды, жаңбырда лай жермен өткен пойыздардың сырты да, іші де былғанады. Ал жуатын станциялар болса, бұл мәселе шешілер еді.

Станция салынса...

Астанамызда жолаушылар тасымалына тағар мін жоқ. Енді жүк тасымалында шешімін күткен түйткіл бап дер едім. Ең алдымен елордада жүк тоқтайтын жаңа, жоғары технологиялы станция салу қажет. Өйткені, бүгінде жан-жақтан Астанаға келетін жүк көлемі жыл санап еселеніп келеді. Мына бір ғана мысалды қараңыз, Астана болғалы алғашқы он жылда Қазақстан мен ТМД елдерінен жеткізілетін жүк мөлшері 549 пайызға өсті. Одан кейін қаншама құрылыс жүргізілді. Көрсеткіш тіпті көтерілгені сөзсіз. Мәселен, 1997 жылы Астана атанған кезде жылына 3 млн. тонна жүк келсе, 2007 жылы 17 млн. 180 мың тоннаға жеткен. Оның 67 пайызы - құрылыс материалдары. Бұл - түсінікті жағдай. Себебі бас қалада зәулім ғимараттар бірінен соң бірі бой көтерді. Мұндай жүк ауқымын қабылдау үшін станция да астаналық мәртебеге сай болуы тиіс. Әйтпесе, әрбір жерге жүкті үйе салғаннан қала көркіне де сын келеді. Оған қоса, жүк таситын вагондар жетіспеушілігі орын алуда. Өйткені, орынның аздығынан вагондар тұрып қалады. Кері қайтпайды. Ал жүк жөнелтетін тарап вагон күтіп уақыт жоғалтады. Сондықтан қазіргі билік елордалық мәртебеге сай келетін станция салуға кіріскені жөн. Ол станцияда жүктер сұрыпталатын орын қарастырылуы қажет. Мәселен, ағаш жүк бір бөлек, сусымалы заттар бір бөлек, бір ғана данамен жеткізілетін жүк тағы бөлек сұрыптала жиналса, Астананың ажарына әр қосып, тап-тұйнақтай іс тындырылар еді.

Бұл ретте, жаңа станция салу үшін темір жол саласының жобалаушы мамандарын Ташкент, Ленинград, Мәскеуден шақырса, жөн болады. Жоба жан-жақты зерделеніп, қолға алынғаны абзал. Әйтпесе, асығыс жасалса, кейін қала кеңіп, станция тағы қысылып қалуы ғажап емес. Бүгінгі күні станцияның тарлығынан вагондардың жартысы тұрып қалады. Мысалы, 1997 жылы тәулігіне жеткен жүктің 45 пайызы түсірілсе, бүгінде көрсеткіш әлдеқайда төмен. Бұл дегеніңіз, вагондардың кері қайтуында қиындық көп. Ал ол станцияның да жұмысын күрделендіріп жібереді. Сондықтан жүкті кедергісіз қабылдау үшін алып шаһарға заманауи жүк станциясы салынуы тиіс.

Менің ойымша, мұндай станция теміржол кәсіпорнының емес, министрліктің құзырында болуы шарт. Мәселен, ҚР Индустрия және даму министрлігінің қолына берсе, олар инвестор тартуға күш салушы еді. Инвестор станция салып, кейін иелігіне алса, табысы да жаман болмасы анық. Жүктің 60-70 пайызы - құрылыс алаңына жеткізілетін материалдар. Инвестор жүктерді тиісті орнына жеткізу қызметін де қатар атқарып, біраз мәселені шешетін болады. Нәтижесінде, вагондардың станцияда қаңтарып қалуына жол берілмейді. Жолаушылар пойыздарының да емін-еркін қатынауына, алдағы жолға әзірленуіне де кеңістік көбейеді. Әйтпесе, қазіргі кезде вагондарды арлы-берлі жылжытып әлек болады. Әлбетте, бұл жұмыстар, әсіресе, станцияның орналасатын жері Елбасымен тікелей келісілуі қажет. Бастысы, асығыстық танытпаса игі.

Ескерілуі тиіс

Жуырда «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ басшылығына хат жаздым. Астананың 20 жылдығында теміржолшылардың ерен еңбегі елеусіз қалмауы қажеттігін ескертіп, жаздым. Басшылық ұсыныс ескерілетінін айтып, жауап берді. Бүгін елордамыз адам танымастай өзгерді. Бұл өзгеріске қажетті құрал-жабдығын, материалдарын уақытылы жеткізіп тұрған теміржолшылардың да қосқан үлесі зор. Мен кез келген жетістікке жету жолында әр сала маманының өзіндік үлесі барын ескерілгенін қалаймын. Адал еңбекті бағалау кім-кімге де жігер береді. Жалпы, елімізде темір жол Қазақстан экономикасының драйвері екенін дәлелдеп келеді. Енді соған сай қолдау да артса деген ниет бар.

Жазып алған – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz