Белгілі қаламгер Дихан Әбілевтің соғыс жылдары жазған өлеңдері музей қорында тұр. Әсіресе, «Майданбек» поэмасының шоқтығы биік. Бұл шығармада бұрынғы дала шопанының қатардағы жауынгер-қазаққа айналуындағы шабытты-жалынды істері бейнеленген. Сондай-ақ, Д.Әбілев көзі тірісінде майдан даласында қолына ұстаған портфелін аталған музейге тапсырған.

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музей қорында Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысты 2000-ға тарта жәдігер бар. Осынау құнды дүниелердің 600-ден астамы облыс орталығындағы Әскери даңқ музейінде сақталған.

Зұлмат кезеңнен сыр шертетін жәдігерлердің ішінде Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Махмет Қайырбаевтың әскери киімі, шапаны, қойын дәптері мен қалам, сауыты секілді заттар бар.

Соңғы жылдары облыста құрылған «Майдан жолы» іздестіру жасағы нәтижелі жұмыстар атқарып, музей қорын толықтырған. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын аталған жасақ Ресейдің Невель қаласы маңынан Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың самауырын тауып, осы музейге тапсырған. Сондай-ақ, музей қорындағы көне заттар қатарында ұрыс даласында қолға түскен неміс әскерлерінің тапаншасы, оқ қалтасы, темекі сауыты, дулығасы секілді заттары да бар.

Соғыс уақытында қазақ тілінде басылған «Отанды қорғауда» қызыл әскер газетінде жарияланған жауынгер журналист жерлесіміз Ақмұқан Сыздықбековтің құнды материалдары да сөреден орын алған. От пен оқтың арасында жүрген жауынгерлердің өмірін бейнелеген басылымдағы деректер қан кешкен батырлардың тірі жылнамасы іспетті.

Батыр бабалардың сұрапыл жылдарда тұтынған әрбір заты келмеске кеткен күндерден сыр шертіп, жас ұрпақтың бейбіт күнге деген құрметін арттырары сөзсіз.

Алпысбай ХОНЖ

 

saryarka-samaly.kz