Албасты басқыр
Қасқыр
Тілі салақтап,
Жалақтап,
Жан-жағына алақтап
Келе жатыр еді,
Алдынан ай мүйізді
Текенің кездесе кеткені!
Е, құдай,
Аштан өлтірейін деп пе еді?!
Жарылқады!
Енді қайтарып алады
Бір кездегі атасы үшін
Жіберіп алған қарымтаны.
Қазір-ақ таңынан іледі.
Өйткені, оның
Бұтының арасындағының
Үзіліп түспейтінін біледі!
Ендеше, текені
Қазір-ақ құлатады.
Шұрылдаған ішегін жұбатады!
Бірақ, құрысын!
Текенің мойнындағы
Жібінің бір ұшын
Қолына ұстап,
Бала жүр мылтық асынған.
Ол да әбден басынған!
Қасқыр сорлы мүдірді.
Амалсыз кідірді.
Жоқ, көп кідірген жоқ,
Әрі-бері жүгірді.
Баланың назарын
Басқа жаққа аударып жібермек.
Бірақ, қулығы өтер емес.
Мылтық асынған жүгірмек
Текенің жанынан кетер емес!
Кеш болды.
Қасқырдың еңбегі еш болды.
Бала текені алып қайтты.
Қасқыр сорлы
Олжаға жете алмады.
Ішегі шұрылдап,
Торғайы шырылдап,
Түнімен тісі қақсап шықты.
Қызық болғанда,
Теке ертеңіне
Қоралы қойды бастап шықты!
Құдай берді!
Бұратылған қасқырдың
Көз жасын көрді!
Көз алды бұлдырап біртүрлі,
Текені қойып,
Тура семіз қойға ұмтылды.
Бірақ,
Оған жетпеген күйі
Түсті де сұлап,
Тынысы тарылып қылқынды!
Бұлқынды,
Жұлқынды...
Бір сәтте шәңгекке ілініп,
Қарыны тілініп,
Қара басты.
Контейнердің бойымен
Жайыме-ен
Сырғып бара жатты.
Сөйтсе, әлгі теке
Қасапханада
«Арандатушылық» қызмет
Атқарады екен.
Қоралы қойды бастап,
Соятын тұсқа ап барады екен!
Ал бар кінә –
Тигенмен шекеге,
Қазіргі текеге
Баяғы атасының көзімен
Қараған
Қасқырдың өзінен!

Кемелбек ШАМАТАЙ.

saryarka-samaly.kz