Менің Қабекеңе арнап мақала жазуыма себепкер болған – Қазақстанның Халық жазушысы, әйгілі қаламгер ағамыз Мұзағаң – Мұзафар Әлімбаев. Әдеттегідей «кісінеп» қоя беретін телефонда Мұзағаңның дауысы естіледі. Сәлем соңынан-ақ төтесінен кетті.

- Әу, Сен Қабдыкәрімді жақсы білесің ғой?

- Е, білгенде қандай!

- Онда «Ұлан» газетіне арнайы мақала жаз. Олай дейтін себебім, Қабдыкәрім Алматыға келіп, қаламгерлікті қолға алғанда, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде өз қызметін бастаған ғой...

- Білем, білем, Мұзаға, өзімнің де ойымда жүр еді...

Осымен телефон арқылы айтылған сөз тәмамдалып, мен көз алдыма орта бойлы, ақ жарқын ақын азаматты елестеттім. Жаңылмасам, Қабдыкәрім аталарың 1952 жылы, яғни, осыдан жарты ғасырдан астам бұрын «Қазақстан пионері» газетінде бөлім меңгерушісі болатын.

- Қайдан келдіңіз? – дедім.

- Павлодардан. Ауылдық кеңесте, кейін Павлодар облыстық атқару комитетінде аға нұсқаушы болып істедім.

- Жөн-жөн. Бір топ өлеңдеріңізді «Лениншіл жаста» әнеукүні жарияладық. Тәп-тәуір өлеңдер екен. - Ол балаша қуанып, қолымды қаттырақ қысты. Ол кезде мен «Лениншіл жас» қазіргі «Жас Алашта» әдебиет бөлімінде қызмет атқаратын едім. Таныстығымыз осылай басталды да кетті. Екі бірдей газет, «Пионер» журналының бас редакторы қазіргі Ұлттық Ғылым академиясының академигі, сыншы Серік Қирабаев ағамыз-тұғын. Жазушы Мұқан Иманжанов журналдың проза бөлімін, Мұзағаң поэзия бөлімін басқарады. Қабдыкәрім екеуіміздің өлеңдеріміздің кем-кетігін қайта жөндеттіріп, ақыл-кеңесін аямайтын, ұстазымыз да Мұзафар Әлімбаев еді.

Қабекең көбіне жасөспірімдерге арнап жазатын. Өлеңдері ойлы да ойнақы, жас бүлдіршіндер жеңіл оқып, жаттап алатын, кейін келе бүкіл дүниені шарлаған «Пусть всегда будет солнце...» деп басталатын әннің мәтінің қазақша тәржімалаған да Қабекең болатын. Естеріңе түсіріп кетелік.
«Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін,
Қасымда болсын мамам,
Болайын мен де аман..» - деп басталушы еді ғой. Осы әнді бүкіл республика ұландары ұзақ жылдар бойы айтып жүрді. Кейінірек Қабекең көркем әдебиет баспасында аға редактор болды. Көп ұзамай Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшылығына жоғарылады. Қабекең қандай қызметте жүрсе де, қаламгерлік дарынын жалғастыра берді. Оның «Әке жолы» деп аталатын дастанын оқырмандар жоғары бағалады. Төл шығармалар тудырумен бірге Қабекең А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, К.Хатагуров, Н.Хикметтің жырларын, И.П.Куприяновтың «Вьетнам жұлдызы» пьесаларын қазақша тәржімалады. Ол әлденеше рет Алматы облыстық, қалалық кеңестердің депутаты болып та сайланды.

«Біз он үште едік», «Өмір гүлдері», «Саяхатта», «Үйелмелі-сүйелмелі», «Жасырын бақ», «Аршында, балақай» іспетті жинақтары балалардың қолынан түспейтін. Ақын «Жаңбыр» деген өлеңінде:
Аспан көк долданып,
Ашуын шақырды.
Бір шатақ болды анық,
Мылтықтар атылды.

Қораға тығылды
Қозы-лақ маңырап.
Үлкендер жүгірді
Бұзаулар жамырап, - деп табиғат құбылысын тамаша өрнектеген. «Бурылтай» аталатын өлеңі де - жас бүлдіршіндер қызыға оқитын туынды.
Көкем мені көтеріп,
Тайға бірде мінгізді.
Тізгінді бос жіберіп,
Әрлі-берлі жүргізді.

Ауылды бір айналып,
Ешбір жаққа бұрылмай,
Жықпай мені, келді алып
Астымдағы бурылтай».

Енді «Келіңдер, құстарын» оқып көріңдерші:
Өткен жыл көктемде
Бала едім тым кіші.
Кім білсін, өкпелеп
Кетті ме жыл құсы.

Өтті тез он екі ай,
Енді мен үлкенмін!
Келсе ұшып көп торғай,
Өзім-ақ күтемін.

Қабдыкәрім аталарыңның ақындық өнеріне қоса әуелете ән шырқап, домбыра тартатын да қасиеттері болатын. Ол дос-жарандары, туыстары арасында, көпшілік қауымды жан-жақты өнерімен тәнті ететін.

«Жалын» кітап баспасын алғаш құрған әрі басқарған директоры да өзі болды. Аяусыз ажал Қабдыкәрім Ыдырысов аталарыңды елуге жетер-жетпестен алып кетті. Бірақ айтулы азамат, алғыр ақынның мол мұрасы қалды. Енді Қабекеңнің өлеңдерімен танысып көрелік. Ақын адам өмірінің де ұзаққа созылмайтынын айта келіп, кейінгі ұрпаққа алдыңғы ағалар мен аталар рухын қастерлеу жайлы былай ой түйеді:
Тілек
Ей, Адамзат!
Әлеуетті адамдар!
Алдарыңа, арттарыңа қараңдар.
Кім бар, кім жоқ, санаңдар.
Қатарыңда бүгін қанша адам бар?
Көре алмады кім бізбенен жыл басын
Араңда жоқ, жақсы аға,
жан жолдасың.
Рухтарына сен солардың тағзым ет,
Асылық болмасын!

Не жазса да, белгілі бір сюжетке, ойға құрып жазу - Қабекең қаламына тән қасиет. Келесі «Бас» деп аталатын өлеңі соның дәлелі секілді.
«Бір бастан берілген пендеге,
Ол бас бар менде де, сенде де.
Бас керек әрқашан
Алдағы тамақты дұрыстап жеуге де.
Бас керек жануға, күюге,
Бас керек адамды сүюге.
Бас керек оңтайлы он сөздің
Жүрекке біреуін түюге...

Қабдыкәрім аталарыңның ересектерге шығарған кітаптары да көп. Олардың бәрін тізбелеп айтуды жөн көрмедік. Жоғарыдағы үзінді келтірген шығармалардың өзінен-ақ оның ойлы да ойнақы, көркем кестелі туындылар жазғаны байқалады. Ол бақиға озғанымен, балалар мен жасөспірімдерге мол мұра қалдырды.

Мыңбай РӘШ, ақын, 2003 жыл.


Мерейтойыңмен, «Айналайын»!

Сәлеметсіздер ме, құрметті «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясы және «Айналайын»!

Сіздерге Баянауыл ауданы Теңдік ауылы академик Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Қымбат Садықтан сәлем!

Өткен 20 жыл аясында оқушылардың шығармашылық қарымын ұштауда, ой-өрісін кеңейтуде, ел мен жер тануға, әдебиет, мәдениет, тарихты білуге және өнер, шығармашылықпен айналысуға зор үлес қосып келе жатқан «Айналайынға» алғысымды білдіргім келеді.

2017 жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл орта мектебі мен Баянауыл ауданы Теңдік ауылы Қаныш Сәтбаев орта мектебінің арасында «Айналайын» - достық көпірі» атты жоба қолға алынды. Қос мектептің оқушылары «Айналайын» арқылы танысып, шығармашылықпен айналысып, екі ауылдың тарихы, әйгілі адамдары жайлы зерттеп, газетке жарияладық. Бұдан кейін сол жылдың мамыр айында баянауылдық мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар Ақкөл ауылына қонаққа бардық. Бұл сапардан керемет әсер алдық. Бізді құшақ жая қарсы алған ақкөлдіктер бар өнерлерін көрсетті. Қолөнер бұйымдары, суретші оқушылар салған тақырыптық суреттерге қоса, осы мектептің, ауылдың тарихынан хабардар ететін мектеп музейімен таныстық, Исабек ишан музейінде болдық. Осы жерде өмір сүрген, кезінде Сарыарқаға Ислам дінін таратып, халықты мұсылмандыққа жетелеген қасиетті адамдар – Исабек ишан, Жандарбек қожа сынды тарихи тұлғалардың өмірімен, қызметімен таныстық. «Қожалар қорымына» барып, тәу еттік. Сондай-ақ ауыл ортасындағы жаңадан салына бастаған саябаққа ағаш көшеттерін отырғыздық. Біз де өз өнерімізді көрсеттік, спорт түрлерінен жолдастық кездесулер ұйымдастырылды. Бұл елге бірінші рет келіп тұрғандықтан, бізге қасиетті мекеннің тақтайдай жазық даласын көру қызықты болды. Ұмытылмастай әсер алдық.

Сосын былтырғы қазан айында Ақкөл орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары Теңдік ауылына қонаққа келді. Олар Баянауылдағы Мұса мырза мешітінде болды, Қ.Сәтбаевтың мемориалды музейін аралады. Біздің ауыл да қонақтарды құшақ жая қарсы алдық. Қонақтар мектебі-міздегі Қаныш атаның музейін аралап, концерт тамашалады. Біз бұл кездесуді Шәкәрім Құдайберді-ұлының туғанына 160 жыл толуына арнадық. Шәкәрім шығармаларын оқып, өлеңдерін жаттап, әндерін шырқадық. Ақкөлдік қонақтар мектеп жанындағы алаңға ағаш көшеттерін отырғызды. «Айналайын» ұйымдастырған осынау үлкен шара екі ауыл мектебінің оқушыларына үлкен қуаныш сыйлады.

Мерейтойың құтты болсын, «Айналайын!» Осындай жарқын істер жалғаса берсін!

Қымбат САДЫҚ, 11-сынып оқушысы, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz