Осы аптада «KazакhІnvest» ұлттық компаниясының өкілдері павлодарлық кәсіпкерлермен кездесті. Компания менеджері Әсем Жолдаспаеваның айтуынша, «KazакhІnvest»-тің негізі міндеті – қазақстандық шикізаттық емес өнім экспортын дамыту және ел экономикасының әлеуетті секторларына тікелей шетелдік инвестиция тарту. Бұл орайда, «KazакhІnvest» төрт бағытта жұмыс істейді.

- Бірінші бағыт – экспорттаушыларға сараптамалық көмек. Яғни, кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық тұрғыдан жәрдем беру. Бүгінде компания шетел нарығына арналған 90 сараптамалық шолу жасады. Бұдан бөлек, әлеуетті экспорттау-шылар үшін арнайы 160 шолу әзірленді. Толық ақпаратты export.gov.kz порталынан алуға болады. Бұл көмектер тегін көрсетіледі, - дейді Ә.Жолдаспаева.

Екінші бағыт – экспортты ілгері жылжыту. Бұл – шетелде сауда миссияларын жүргізу. Қазақстандық тауар өндірушілерге шетелден әлеуетті серіктестер тауып, әріптестік байланыс орнатуда көмек береді. Деректерге сүйенсек, 2010-2016 жылдары «KazакhІnvest» әлемнің 18 мемлекетінде 50 сауда миссиясын жүргізген. Оған 800-ден астам қазақстандық компания мен 3 мыңға тарта шетелдік импорттаушы қатысқан. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 476 млн. АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар жасалды. Бұл ретте, «Гофротара», «Сварко», «Крендель», «KSP Steel», «КэммиGroup», «Казэнергокабель» секілді павлодарлық компания-лар аталған бағыттың игілігін көрген. Біздің облыстың 21 компаниясы 2,4 млн. АҚШ долларына тең келетін келісімшарттарға қол қойды.

- «KazакhІnvest» сауда миссиясына қатысатын қазақстандықтарды жатын орынмен, сауда миссияларын өткізу үшін арнайы конференц-залдармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда аудармашы тауып беру де - біздің мойнымызда. Отандық тауар өндірушілерді сауда миссиясы аясында кем дегенде 5-6 компанияның өкілімен жолықтыра аламыз. 2017 жылы 9 мемлекетте 10 сауда миссиясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оған қатысу үшін «KazакhІnvest»-тің порталы арқылы өтінім беру қажет, - дейді Ә.Жолдаспаева.

Сондай-ақ, қазақстандықтардың шетелдерде өтетін салалық көрмелерге қатысуға мүмкіндігі бар. 2010-2016 жылдар аралығында 247 компания әлемнің 13 елінде өткен 145 халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысып, 260 млн. АҚШ доллары көлемінде экспорттық келісімшарттар жасаған. Биыл «KazакhІnvest» отандық 40 компания үшін дәл осындай салалық көрме ұйымдастырмақ.

- Павлодар облысынан 7 кәсіпорын салалық көрмелерге қатысып қайтты. Бұл қатарда «РОСА», «Мерусар и К», «Ромат», «KSP Steel» секілді кәсіпорындар бар. Компаниялар «KazакhІnvest» тарапынан көрсетілетін көмектерге жүгіне алады. Атап айтқанда, тіркеу жарнасын төлеуді, көрме барысында арнайы стендпен және басқа да қосымша құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді «KazакhІnvest» өз мойнына алады, - дейді Әсем Жолдаспаева.

Сонымен қатар, «KazакhІnvest» шет мемлекеттерде бірыңғай ұлттық стендтер ұйымдастырып тұрады. Мұнда қазақстандық ірі тауар өндірушілердің өнімдері жұртшылық назарына ұсынылады. Халықаралық мамандандырылған көрмелер аясында 2010-2016 жылдары отандық 125 компанияның қатысуымен 23 ұлттық стенд ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде 92,8 млн. АҚШ доллары көлемінде келісімшарттар бекітілді. Биыл дәл осындай 4 ұлттық стенд ұйымдастыру көзделуде. Мұнда да тиісті жеңілдіктер бар. Деректерге сүйенсек, павлодарлық 14 компания бірыңғай ұлттық стендке қатысып, 2,5 млн. АҚШ долларына келісімшарт жасаған.

- Үшінші бағыт – экспортты дамыту. Аталған бағыт аясында экспорттық және маркетингтік мәселелер бойынша тренингтер өткіземіз. Тренингтер ел аумағында тегін ұйымдастырылады. Сонымен қатар, шетелдік импорттаушыларға Қазақстанның экспорттық компаниялары туралы анықтамалықтар ұсынамыз. Төртінші бағыт – индустриялық-инновациялық қызметтегі субъектілердің шығындарын қайтару. Бұл орайда, біз кәсіпорындардың 50 пайызға дейінгі шығынын қайтарып бере аламыз. 2010-2016 жылдар аралығында 189 адамның 1,3 млрд. теңге көлеміндегі шығыны қайтарылды. Павлодарлық 7 кәсіпорын да жұмсаған шығынының орнын толтырды. Оларға 24,4 млн. теңге қайтарылды. Жалпы, 2010-2016 жылдары «KazакhІnvest» павлодарлық 40 компанияға сервистік көмек көрсетті, - дейді Ә.Жолдаспаева.

«KazакhІnvest» ұлттық компаниясының өкілдері павлодарлық кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Бұл кездесуден көп нәтиже күте келгендердің бірі – Жәнібек Садықов. Ол – УПНК-ПВ зауытының маркетинг бойынша жетекші маманы.

- Біздің кәсіпорын 2015 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Мақсат – алюминий өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету. Қазір кәсіпорын басшылығы қыздырылған коксты Қытай мен Тәжікстанға экспорттаудың мүмкіндіктерін қарастыруда. Әзірше, біздің облыста бұл өнімді тек бір ғана кәсіпорын – Қазақстан электролиз зауыты тұтынады. Бірақ зауыт УПНК- ПВ жұмысын толықтай қамтамасыз етіп отырған жоқ. Сондықтан біздің зауыт қазір жартылай қуаттылықпен жұмыіс істеп тұр. Ал мүмкіндігіміз жоғары. Сондықтан, алыс-жақынмен байланыс орнатқымыз келеді. Бұл ретте, «KazакhІnvest» ұлттық компаниясының көмегіне жүгінеміз. Себебі аталған компаниямен жұмыс істеудің тиімді тұстары көп, - дейді Ж.Садықов.

 

Беттің үйлестірушісі - Фархат Әміренов
8(7182) 66-14-34

saryarka-samaly.kz