Павлодарлықтарды театр сахнасындағы алуан түрлі образдарымен, әсіресе музыкалық қойылымдарда көпті тәнті етіп жүрген өнерлі қос құрбы бұл жолы өздерін әншілік қырынан аша білді. Толқын мен Ақықты бұқара М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы көрпеш – Баян сұлу», И.Кальманың «Сильва», И.Штраустың «Жарғанатында», У.Гаджибековтің «Аршын мал алан», А.Цагарелидің «Ханума» және басқа да музыкалық комедия, операларынан жақсы таниды.

Ән кешін халық әні «Ахау, керіммен» ашқан өнерпаздар қазақ композиторларының әндерін әуелетіп, шетелдік тың туындылармен сабақтады. Әсіресе, Толқынның орындауындағы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні мен Дж.Пуччиниидің «Богема» операсынан Мюзеттаның ариясы кештің әрін кіргізсе, Ақықтың орындауындағы Біржанның «Ғашығым» әні мен Ф.Лоудың «Моя прекрасная Леди» опереттасынан Элизаның әні көптің қошеметіне бөленді. Кеш барысында тыңдармандарға 20-ға жуық алуан түрлі шығарма ұсынылды.

- Ақық Таспаева екеуіміз - өнер жолында ғана емес, өмірде де шынайы достармыз. Осы достығымыздың айғағы ретінде біз бірлесіп өнер кешін беруді жөн көрдік. Уақыттың тығыздығына байланысты ойымыздағы кейбір дүниелерді жүзеге асыра алмадық. Дегенмен ел алдындағы үлкен бір міндетімізді орындадық деп ойлаймын. Себебі оркестрдің сүйемелдеуімен кеш беру асқан жауапкершілікті талап етеді. Мені павлодарлықтар 1990 жылдан бастап сахнадан көріп келеді. Сахнадағы ең алғашқы рөлім У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» қойылымындағы Асия бейнесі еді. Бүгінгі таңда мен сомдаған образдың жалпы саны 30-дан асады, - дейді Толқын Абдрахимова.

Оны көрермен М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан мен Теңге, Ғ.Мүсіреповтің «Еңлік - Кебегінде» - Еңлік, «Қозы көрпеш – Баян сұлуда» - Баян, «Қыз Жібекте» - Қарлығаш, Ш.Уәлихановтың «Ақнұрында» - Ақнұр және тағы да басқа рөлдерден таниды.

Ал Ақық Таспаева болса, «Менің өмірлік жолыма қазақ әдебиетінің классиктері Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов әсер етті. Сахнаны, кәсіби ән айтуды бала кезімнен армандайтынмын», - дейді. Ақық қазақ әйелдерінің жарқын бейнесін әсерлі сомдауымен танымал. Оған әртістің 2005 жылы Шымкентте Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» шығармасындағы Қарагөз рөлі үшін «Ең үздік әйел» аталымына ие болғаны дәлел.

Айта кетелік, биыл - ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ақық Таспаева мен ҚР мәдениет қайраткері Толқын Абдрахимованың мерейтойлары.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz