Әлиянің сөзінше, Усолка шағын ауданындағы Ткачев көшесіндегі бір бөлмелі пәтер сатылады екен. Қажетті жиһазбен толықтай жабдықталған пәтердің суреті де, бағасы да көңілден шыққан. Аталмыш пәтерді сатылымға қойған адам жарнамасының соңына ватсап арқылы ғана жауап бере аламын деп хабарлама қалдырған. Көрсетілген нөмірдегі ватсап желісіне жазса, автоматты түрде көлемі үлкен жауап келген екен. Пәтер иесі Ресейде жүргенін, пәтердің құнын өзі көрсеткен карточка нөміріне салып жіберуі арқылы ғана жоғарыдағы баспанаға ие болатынын айтады. Көрсетілген сома қолына түскен бойда баспананың кілті мен құжатын түгендеп, ертеңінде-ақ жеткізіп береді-мыс. Анық-қанығын білу үшін әлгі нөмірге бірнеше мәрте телефон шалғанымен, сөніп тұрды дейді кейіпкеріміз. Мына қызыққа қараңыз. Әлеуметтік желідегі аталмыш пәтер өзге қалаларда да сатылымға шығарылған. Бұл жағдайға Әлия күмәнданып, пәтер алу ойынан бас тартқан.

Шыны керек, бұл жалғыз жағдай емес. Мұндай іспен айналысып отырғандар – алаяқтар! Оңай ақшаға кенелуді көздеген олар әлеуметтік желіден әдемі жиһаздарға толы, жөндеу жұмыстары жүргізілген 1,2 және 3 бөлмелі пәтерлердің суретін топтастырып, қаланың атын, көшесін жазып қалдырады. Бағасы кез келген адамның басын айналдырып жіберетіні анық. 1 бөлмелі үйлер 3 млн. теңгеден болса, 3 бөлмелі пәтер 6 млн. теңге тұрады! Баспананың ішіндегі жабдықтардың өзі көздің жауын алады. Ал алданбай көріңіз. Онсыз да үй алуға кезегі жетпей жүрген кейбір жандар мұндай ұсыныстан қалай бас тартсын?! Кейбірі еш ойланбастан әлгі алаяқтардың сөзіне сеніп, қолына сұраған қаражатын ұстата салады. Артынан опық жейді...

Телефонның аржағында тұрған алаяқтар бірінші болып бұл пәтерге қол жеткізгіңіз келсе, ақша салып жіберсеңіз пәтер сіздікі десе, жылдар бойы бір баспанаға қол жеткізе алмай келе жатқан жұртшылық көне салатыны анық. Сондықтан барлық тұрғындарды мұндай жалған хабарламаның арбауына түспеуін ескертеміз.

Әлеуметтік желі ақша табудың оңай жолын іздеген пысықайлар үшін табыс көзі болып отыр. Қоғамда оңай пайда табудың ерекше әдістеріне дағдыланған әккілер жалған ақпарат арқылы жұртшылықты өз құрығына түсіруде. Мұндай оқиғаларды облыстық ішкі істер департаменті криминалды полицияның аға оперативтік қызметкері Әділбек Брыков түсіндіріп берді.

- Қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы алаяқтардың арбауына түсіп жатқан азаматтар көп. Мәселен, олар жеке парақшаңызды бұзып кіріп, достарыңыздан белгілі бір ұялы телефонға қомақты көлемде ақша жолдауды сұрайды. Ол бір. Екіншіден, «Вконтакте», «Инстаграм», «Фейсбук» желілері арқылы қандай да бір заттарды сатылымға шығарып, пәтер жарнамасы мен суретін жолдап, байланыс нөмірлерін көрсетеді. Хабарласқаныңызда, жарнама иесі басқа қалада жүргенін айтып, терминал арқылы «киви кошелекке» ақша аударуға көндіреді. Ал тауар келесі күні жеткізілетінін айтады. Мұндай фактілер өте жиі кездеседі, - дейді Ә.Брыков.

Өңір тұрғындары ғаламтор бетінде танысқан адамдарға ақша аударуда сақ болса дейміз. Жеке мәліметтерді ешкімге сеніп жолдауға болмайды. Кейін опық жеп қалуыңыз мүмкін. Телефонның аржағындағы адамның асығыстық танытқанының өзі күмән тудыруы керек. Егер кез келген адам алаяқтың арбауына түсіп қалған жағдайда, барлық жазбаларды дәлелдеме ретінде ұсынып, құқық қорғау органдарына өтініш жазуға құқылы.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz