Бұл мереке дүние жүзінде 12 мамырда аталып өтеді. Осы күннің таңдалуының өзіндік себебі бар көрінеді. Мамандардың айтуынша, әлемде мейірімділік қызметінің негізін қалаушы Флоренс Найтингейл осы күні туған екен. Атаулы датаға орай Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы мен «Саламатты Павлодар» медициналық қауымдастығы бірлесіп, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталы-ғында аймағымыздың медбике-лерінің құрметіне мерекелік шара ұйымдастырылды.

Аталған қауымдастықтың төрағасы Света Абдраманованың айтуына қарағанда, 400-ден астам медибкеге арналған мұндай мерекелік кеш аймағымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Кешке облыстың ауылдары мен қалаларынан өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарайтын, адал еңбектерімен көзге түскен медбикелер шақырылды. Алдымен ақ желеңділер медицинада тынбай еңбек еткен, қазір зейнеткерлік демалыстағы ардагер медбикелерге құрмет көрсетіп, сый-сыяпат жасады.

- Бүгінде медбикелердің медицина саласында алатын рөлі зор. Олардың атқаратын жұмыстары да ауқымды. Еуропалық стандартқа сай оларға жүктелетін міндет те артып отыр. Бұрын дәрігерлер істеген кейбір жұмыстар медбикелерге көшірілуде. Сондықтан мамандарымыз білімдерін жетіл-діріп, кейбірі тіпті жоғары білім алып жатыр. Медицина меке-мелерінің бас дәрігерінің медбикелер ісі жөніндегі орынбасары лауазымы енгізілуде, - дейді Света Сағындыққызы.

Кеште біраз ақ желеңді жоғары марапаттарға ие болды. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас медбикесі, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың бас медбикесі Г.Барлықбаева мен облыстық кардиологиялық орталықтың бас медбикесі Б.Аманжолованың кеудесіне «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі тағылды. Павлодар қалалық №3 ауруханасының бас медбикесі М.Байкетаева мен Качир аудандық ауруханасының медбикесі Л.Ряжко «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ертіс аудандық ауруханасының фельдшері Г.Қайыржанова және Павлодар қалалық №1 емханасының медбикесі М.Втулкина «Еңбек ардагері» атанды. Тағы бірқатар білікті маман ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, облыстық медицина қызметкерлерінің кәсіподағы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы атынан да бірқатар медбике марапатталды.

Ал қауымдастық биыл арнайы 5 аталым бойынша байқау өткізіп, жеңімпаздарға сый-сыяпат жасады. Атап өтетін болсақ, «Алтын бесік» номинациясы Павлодар қалалық №1 аурухананың аға акушері Р.Төкеноваға берілсе, облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесінің аға медбикесі М.Карпенко «Ең мейірімді жан» атанды. Ал шұғыл шешім қабылдап, жеделдігімен көзге түскен Шарбақты ауданы Шалдай ауылдық амбулаториясының фельдшері О.Айдаркан «Жедел жәрдем» аталымында жеңімпаз болса, Баянауыл аудандық ауруханасы хирургия бөлімшесінің постта қызмет ететін медбике Ә.Ермекова «Ең үздік ауыл қызметкері» деген атқа лайық деп танылды. Тағы бір аталым «Үздік зертханашы» атағы Екібастұз қалалық ауруханасының клиникалық-диагностикалық зертханасының лаборанты И.Чечеринаға бұйырды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz