Паразитолог мамандар аталмыш кішкентай жәндіктердің түрлі жұқпалы ауруларды тарататынын айтады. Сондықтан көктем-жаз мезгілінде адамдарға барынша сақтық шараларын ескерген жөн. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 10 мыңға жуық адамды кене шағып, дәрігерлердің көмегіне жүгінеді екен. Зиянды жәндіктер аймағымызда мамыр-маусым айларында күрт көбейіп, тамыздың соңына дейін адам өміріне қауіп төндіреді. Качир аудандық ауруханасының хирургі А.Жақыпов олардың көп жағдайда шөпті жерлерде, мал жайылымдарында, қораларда, бау-бақшалар мен саябақтарда және гүлзарларда жиі кездесетінін айтады. Аталмыш орындарға барған адамдар сақтық шараларын сақтаған жөн. Кененің қорегі – қан. Теріге орнығып алған кенені бірден алып тастау оңай емес. Улы жәндікті теріден ажырату үшін оның қарны толыққанды тоюы керек.

- Улы кенелер тез иіс сезгіш болады. Сөйтіп жақын жерде адам жүргенін бірден сезіп, соған қарай бет алады. Денесіне өрмелеп шығып, өзіне ыңғайлы орын іздейді. Кенелер көп жағдайда адамның қарын тұсы, қолтықтың асты, құлақтың арты, мойын, шаштың арасына кіріп, сездірмей және ауыртпай қан соруға кіріседі. Кене адамның денесінде қан соруды 4-6 күнге дейін жалғастыра алады. Жәндік сілекейінің құрамында шаққанды сездірмейтін сұйық зат бар. Тұрғындардың қалай кене шаққанын сезбей де қалып жататыны сондықтан, - дейді дәрігер.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлі-метінше, тек биылғы жылдың сәуір айы басталғаннан бері облыс бойынша 29 адамды кене шаққан. Өңірдегі алғашқы жағдай сәуір айының ортасында-ақ тіркелген еді. Улы жәндік Новоямышево ауылына қонаққа барған 8 жасар баланы шаққан. Кенені алып тастағана әкесі ұлының денсаулығына алаңдап, жедел жәрдем қызметіне жүгінген. Мамандардың сөзінше, қазіргі уақытта бала денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Бала тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігердің қарауына алыныпты. Эпидемиологтар кенелер облысымыздың барлық өңірінде барын айтады. Әсіресе, Павлодар, Ақсу қалалары мен Лебяжі, Шарбақты, Ертіс аудандарындағы мал жайылымдарында көп шоғырланатыны анықталған.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокина кене шаққан уақытта мамандардың көмегіне жүгіну қажеттігін айтады. Денеге қонған жәндікті дәрігерлер алғаны жөн. Қызу жоғарылап, дене бөрткен жағдайда жедел жәрдем шақырған дұрыс.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кене маусымы сәуір айынан басталып, қыркүйекке дейін созылады. Олардың ішіндегі ең қауіптісі – мамыр және маусым айлары. Улы жәндіктердің пайда болуына ауа температурасының +7 градусқа көтерілгені жеткілікті. Кене адамның денесінде неғұрлым ұзақ болса, аурудың асқыну қаупі де жоғары. Орман, бақтарда серуендегенде кене энцифалит вирусын жұқтырудан сақтану үшін киімге аэрозоль препаратын сепкен жөн. Аталмыш дәріні денеге себуге болмайды. Табиғат аясына демалуға шыққанда шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу керек. Сыртқы киімнің жеңі ұзын болғаны дұрыс. Серуеннен үйге келген уақытта киімдерді далаға жайып, кептіру қажет.

Атап өтерлігі, былтыр Қазақстанда 10348 адамды кене шаққан. Павлодар облысында 2016 жылы бұл дерттің 53, ал былтыр 40 жағдайы тіркелген.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz