Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен облыстық «ERTIS» телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішева айтты.

- Халықаралық деңгейде ұйым-дастырылған байқауға Павлодар өңірінің өнерпаздары да қатысып, сәтті өнер көрсетті. Телевизиялық жобаға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілді. Биыл да қалыс қалмаймыз. Қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Байқаудың финалы маусым айының 16-сы күні Ертіс жағалауында «Ертіс Променад» сахнасында болады. Үздік шыққан үш өнерпаз «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы арқылы көрсетілетін республикалық кезеңге жолдама алады, - дейді Мейрам Бегентаев.

«ERTIS» телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішеваның сөзінше, жобаға 18-40 жас аралығындағы өнерпаздар қатыса алады. Былтыр осы жобаға 3 мыңдай адам қатысуға ниет білдірген. Алыс-жақын шет мемлекетте, яғни, Қытай, Өзбекстан, Монғолия және Ресей елдерінде тұратын қандастарымыз да келіпті. Ал биылғы екінші кезеңге Моңғолия, Ресей және Қырғызстаннан келеді деп күтілуде.

- Аудандар мен қалалар арасындағы іріктеу кезеңін Ақсудан бастаймыз. Әр өңірден жеңімпаз атанған үміткерлер облыс орталығында болатын финалдық кезеңге қатысады. Биыл байқаудың финалын тікелей эфир арқылы көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ал аудандарда болатын іріктеулерді күнделікті жаңалқықтардан беріп отырамыз, - дейді Гүлнаш Болатқызы.

Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz