Жарысқа Астана қаласымен қатар Алматы, Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан барлығы 350-ден астам спортшы бақ сынады.

- Павлодарда ел біріншілігі тұңғыш рет өткізіліп отыр. Соған қарамастан жарыстың ұйымдастыру деңгейі жоғары. Бұған дейінгі жарыстарда да павлодарлықтар жақсы өнер көрсеткен еді. Шеберліктерін бұл жолы да дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте алдына қара салмады, - дейді ҚР ғаламдық таэквондо федерациясының президенті Демид Грачев.

Павлодар облысының ғаламдық Таэквондо федерациясының президенті, аталмыш спорт түрінен төрт дүркін қара дан иегері Қален Сұлтанғазиннің айтуынша, бұл бәсеке әлем чемпионатының алдындағы іріктеу кезеңі болып саналады. Әлемдік додаға жолдама алған Қазақстан құрамасы қатарында Павлодардан 3 спортшы бар. Б.Оркенова, Ш.Қабдолова, Р.Базарбаев алдағы уақытта Африкада өтетін әлем чемпионына еліміздің атынан қатысатын 47 спортшының қатарында, - дейді ол.

Хъенги және массоги түрлері бойынша өткен бұл додада жақсы нәтиже көрсеткен жасөспірімдер «Үздік техникасы үшін» медалімен марапатталса, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль мен дипломдар табыс етілді. Жалпыкомандалық есепте қатарластарынан 69 ұпай артық жинаған Павлодар облысының спортшылары 122 ұпаймен жарыстың ең биік сатысына көтерілді. Жерлестеріміз 17 алтын, 18 күміс пен 41 қола медальді қоржынымызға салған. Ақтөбеліктер екінші орыннан көрінсе, ШҚО мен Алматы облысының спортшылары үшінші орынға жайғасты.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz