Жол азабын жүрген білер

Біз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақылды ұстанған халықпыз ғой. Әулиелі Ақкөл жеріне ат басын бұрып, онда жатқан аруақты адамдардың басына зиярат етіп, дұға бағыштау журналистер қауымының көптен бергі жоспары болатын. Екіншіден, бұл Қазақстанның киелі жерлері картасының республикалық тізіміне облыстан енген бес нысанның бірі болып есептеледі. Журналистерді қожалар мекеніне кезінде Исабек ишанның кесенесін салуға мұрындық болған белгілі қоғам белсендісі, жеке кәсіпкер Жұмабек Қамзин, «Исабек ишан» қоғамдық қорының төрағасы Зекен Құсайынов және зейнеткер Қуаныш Кәрімов бастап барды. Ауа райының қолайсыздығынан діттеген жерімізге жету оңай болмады. Себебі әулиенің кесенесіне дейінгі жайдақ жолды айтпағанда, одан бергі Ақкөл ауылына дейін баратын грейдер жолдың жағдайы өте нашар. Әсіресе көктем мен жаздың жаңбырлы күндерінде ми-батпақтан аяғыңызды алып жүре алмайды екенсіз. Егер мінгеніңіз жол талғамайтын үлкен көлік болмаса, жолда тұрып қалуыңыз ғажап емес. Ол машақатты өз көзімізбен көрдік. Облыс орталығынан түс уақытында жолға шығып, кесене басына қас қарая әзер іліндік. Сонда 200 шақырымнан астам жолға сегіз сағат уақытымызды жұмсаппыз. Мұндай қиыр жолмен бір жүрген адам екінші мәрте аяқ басуы неғайбыл. Ал жолдың жайы мұндай жағдайда тұрғанда біз қасиетті адамдардың еңбегін елге насихаттау және өңірлік туризмді дамыту мәселесін алға жылжыта алмасымыз анық. Сондықтан осы бағыттағы автокөлік жолын жөндеп, қалпына келтіру керек екені аңғарылады. Аңызға айналған ұлы адамдар өмір сүрген өңірге саяхаттап, аруақтардың басына дұға бағыштай келушілердің қатары алдағы уақытта көбейетіні анық. Өткен жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сакралды Қазақстан» ғылыми орталығы құрылып, әр өңірдің киелі жерлері мен тарихи орындары анықталған болатын. Міне, осы Ақкөл-Жайылма атырабы мен Исабек ишан кесенесі де сол республика көлеміндегі қасиетті 100 нысанның қатарынан саналады.

Журналистер қауымы алдымен Ақкөл ауылына барып, бір дамылдап алғаннан кейін сол ауылдан 15 шақырым қашықтықтағы қожалар зиратына және Исабек ишан кесенесіне жол тартты. Бұл жерден Исабек ишанның туған інісі Мұхамеднияз атамыздың шөбересі, сол жердегі қожалар қорымының шырақшысы Ерғали Жәлелұлы қарсы алды. Ол бізге қожалар әулетінің Сарыарқа даласына келу тарихын, олардың патшалы Ресей билігі тарапынан көрген қыспағын әңгімеледі. Сонымен қатар, Исабек ишанның құдіретті адам болғанын, оның оқыған бір ауыз дұғасының арқасында қандай ғажайып оқиғалар орын алғанын айтып берді. Мұндағы кесенелердің қай жылы қалай бой көтергенін де сөз етті.

Аңызға айналған ақиқат

Қожалардың арғы тегі Алланың Елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) төрт халифасының бірі – Хазірет Әлиден тараған деп айтады тарихшылар. Үлкендердің аузынан жеткен әңгімеге сүйенер болсақ, Исабек ишанның әкесі Мұрат қожа Орта Азияға аты мәшһүр аса діндар адам болған. Бұхарада білім алған ол ұстаздарының ақыл-кеңесі бойынша Ислам дінін насихаттау мақсатында қазақ жеріне сапар шеккен екен. Нақтырақ айқанда, Сарыарқаның жеріне, Баянауылдың еліне ат басын тірейді. Бұл шамамен он сегізінші ғасырдың аяғына сәйкес келеді. Мұнда ол үйсіз-күйсіз жалғыз басы ғана келгендіктен, қанжығалы руынан шыққан елге сыйлы, аса мол дәулетті Тоқсанбай есімді бай өзінің ауылына тартып, отбасына сіңіріп алған екен. Ел аралап, жұртты имандылыққа шақырып, қазақ балаларының иман нәрімен сусындап өсуіне өзінің ықпалын тигізді. Медресе ашып, бала оқытады. Осы елде жүріп, Малдыбай қызы Маржан есімді арумен отбасын құрып, шаңырақ көтерген. Олардан Исабек, Мұхаммеднияз, Смайл, Смағұл есімді төрт ұл дүниеге келген. Соңғы екеуі өмірден ерте өткендіктен олардан ұрпақ қалмапты, ал бүгінгі қожалардың барлығы - сол Исабек пен Мұхаммеднияздың ұрпақтары. Қожалар қорымының шырақшысы, Ерғали Абсаттаровтың сөзінше, Исабек Ишан Мұратұлы 1792 жылы қазіргі Баянауыл ауданының Жылысай деген жерінде дүниеге келіп, 1871 жылы Ақкөл-Жайылма аумағында дүниеден өткен. Есейе келе әкесі Мұрат Ишан ашқан медреседе діни оқу оқып, жиырма жасынан кейін білімін Бұхара медресесінде жетілдіріп келген. Ишан деген аса қасиетті атаққа небары он төрт жасында ие болған деседі. Отыздан асқан шағында қазіргі Екібастұз аймағына қарасты Ақкөл-Жайылма өңіріне қоныс аударып, өмірінің соңына дейін осы жақты мекен еткен. Ал бабамыздың діндарлығы мен әулиелігі жайында ауыздан-ауызға жеткен аңыз әңгімелер өте көп.

- Ишан атамыздың әкесі Мұрат қожа қартайып, демі таусылар тұста екі ұлына «Мені туған жеріме жеткізіңдер» деген тілегін айтады. Ол кезде әке арманы мен өсиетін орындау перзенттік парыздың ең ұлысы болған ғой. Әкелерін керуенмен Өзбекстанға жеткізіп, сол жақта жер қойнына тапсырған екен. Қайтып келе жатқан жолда бір топ қарақшы тоқтатып, керуенді тінте бастайды. Сол кезде Мұхаммеднияз тұрып, «Жолаушылардың арасында бір қасиетті адам бар, сондықтан бізге тиіспей жөнімізге жіберіңдер» дейді. Бірақ қарақшылар оның айтқанын тыңдамай, егер шынымен әулие болса, сол ерекшелігін біздің көзімізге көрсетсін» депті. Сонда Исабек ишан дұғаның күшімен аспанда ұшып бара жатқан алты аққуды әлгі қарақшылардың алдына әкеп қондырған екен. Атамыздың қасиетіне тәнті болған тонау-шылар оларды бірден босатыпты. Исабек ишан Ақкөл-Жайылма өңіріне тұрақтап, мешіт-медресе ашқан ғой. Сонда патшаның адамдары ұстап апарып, елді өзінің соңынан ертті және патшаға үкіметке қарсы шықты деген жалған жаламен түрмеге қамайды. Бұл жағдай сол маңайдағы халыққа да оңай тиген жоқ. Елдің үлкендерінің бәрі жиналып, оған араша түспекші болады. Сонда ишан атамыз ауылдастарын сабырға шақырып, «Құдай жөнін берер, орыс тонын берер» деген бір ауыз сөз айтады. Басында жұрт мұны түсінбей қалады. Бірақ, өзі айтқандай, Алла Тағаланың қалауымен намаз оқыған сайын шойын құлып салған түрменің қақпасы ашылып кете беріпті. Тағы бірде түрме бастығының ай-күні жақындап отырған жүкті әйелі түс көреді. Түсінде ол қазақтың бір қасиетті адамы тұтқында қамауда отырғанын көріп, оны тез арада босату туралы аян келгенін жеткізеді. Исабек ишан қамаудан шыққан күні әлгі әйел жеңілдеп, түрменің бастығы шекесі торсықтай ұлды болады. Атамыздың қасиетіне тәнті болған ол құрмет көрсетіп, қымбат тон кигізіп, еліне жеткізіп тастайды. Жоғарыдағы «Орыс тонын берер» деген сөздің мәнісін жұрт сонда ғана түсініпті. Мұндай оқиғалардың бәрі - ел аузындағы аңыз іспетті болғанымен, ақиқатқа негізделіп айтылған әңгімелер, - дейді Ерғали аға.

Исабек ишан Мұратұлы туралы көрнекті ақын, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлындай көп жырлаған адам жоқ шығар. Хазірет дүниеден өткен кезде жазылған 340 жолдан тұратын «Исабек ишан» атты жоқтау өлеңі ұстаз бен шәкірт арасындағы ұлы махаббатты еске түсіреді:

Бола ма заты қара таза тектей,
Бәрінен озып шыққан баса көктей.
Енді бізге табылмас ондай ғазиз,
Хазіреті ишан дұғагөй Исабектей!

Жандарбек қожаның шапағаты

Ақкөл жерінде өткен қасиетті адамдардың бірі – Исабек ишанның немересі Жандарбек қожа. Заманымыздың соңғы әулиесі атанған діндар тұлға 1996 жылы 90 жасында қайтыс болған. Ол кісінің әулиелігіне куә болып, бойындағы адам сенбес тылсым күшті көзімен көрген адамдардың бірі – Жұмабек Қамзин.

- Бір жылы Жандарбек атамыздың үйінің жылу құбырларын ауыстыру керек болды. Арнайы мамандарды шақыртып, батареяларды толығымен жаңадан орнатып шықтық. Сол кезде жігіттер үйдің сыртында, терезенің тұсындағы ыдыста тұрған суды әйнектен алып құйған ғой. Сонда жаңа орнатылған батареялардың жан-жағынан су тамшылап ағады. Біз өзіміз түсінбей, таңырқап қалдық. Бұл кезде Жандарбек атамыз сырқаттанып жатқан болатын. Бірақ, бәрін іштей сезіп, біліп жатыпты. Арамыздағы ең үлкені Жақсылық деген ағамызды шақыртып алып: «Қарағым, әрбір үйдің босағасы және есігі бар. Әйнектен алған су ырыздық болмайды. Сендер есіктен кіргізіңдер!» депті. Бірден құбырдағы суды қайта төгіп, есіктен тасып құйдық. Бұдан кейін бірде-бір тамшы аққан жоқ. Міне, осы секілді оқиғалар көп болды. Қожа атамыз қыс айында қайтыс болды. Оны өзі де біліп: «Қарақтарым, мен өткенде жер қатты болады. Қабірімді алдын ала қазып, дайындап қойыңдар» деді. Атамыздың айтқанын екі еткізбейміз. Зиратын қазып қойдық. Бір күні өзі келіп отырып: «Әй, қарақтарым, ертең-ақ куә боласыңдар. Мына құбыла жақтан жаңа қала салынады» деді. Айтқаны айнымай келді. Атамыз дүниеден өткеннен кейін бір жылдан кейін Арқа төсіне Астана салына бастады, - деп еске алады Жұмабек аға.

Арқадағы ақ күмбез

Исабек ишан хазіреттің басындағы қонақүй 2010 жылдары салына бастады. Сол кездегі С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры болған Ерлан Арын бастаған ұлт жанашырлары арнайы қор құрып, қонақүй құрылысы біткеннен кейін кесене құрылысын жалғастырды. Сонымен қатар, зиярат етіп келушілерге арналған мешіт ғимараты да бой көтерді. Мұнда ақ тастан салынған екі кесене бар. Үш күмбезді үлкен кесенеде Мұрат ишанның екі ұлы Исабек пен Мұхаммеднияз және Исабек ишанның ұлы Нұрмұхаммед жерленген. Ал екінші кесенеде Исабек ишанның тікелей ұрпағы Жандарбек қожа Қожахметұлының зираты бар.

Кесене жанында Тасқұдық деп аталатын құдық бар. Оған 2011 жылдың қараша айында белгілі бизнесмен Тасболат Абғожиновтың демеушілігімен Меккеден 63 литр зәм-зәм суы әкеліп құйылған. Бүгінде сол құдықтың суын емге пайдаланушылардың қатары көбейген.

- Кесене құрылысын жүргізуге Алмаз Ибрагимов, Тасболат Абғожинов сынды азаматтар ерекше қолдау көрсетті. Кесене салу барысында талай таңғажайып оқиғалардың куәсі болғанымыз бар. Бір күні құрылыс жұмысы жүріп жатқан кесене ішіне кіріп, Ахметолла қажыға Құран оқытып, дұға бағыштаттық. Сонда Құран оқыла бастаған кезде кесененің күмбезіне екі қарлығаш ұшып кірді де, имам Құран оқып болғанша сонда айналып ұшып жүрді. Біз бет сипап аяқтай берген кезде олар да ұшып кетті. Міне, қасиетті Құран сүрелерінің шапағаты қандай керемет екенін осыдан-ақ білуге болады, - дейді Жұмабек Қамзин.

Исабек ишан кесенесінің бой көтергеніне 8 жылдай уақыт өтті. Өкініштісі, мұнда әлі электр желісі тартылмаған. Журналистер қауымын бастап барған Жұмабек Қамзин бұл мәселені тездетіп шешу керектігін айтады.

- Қазіргі күні Ақкөл ауылынан кесенеге дейін электр бағандары орнатылған (екі аралық 15 шақырымдай). Бірақ кабель жүргізілмей тұр. Негізі бұл - әу баста теріс жасалған жоба. Мұны осы кесененің жанындағы Бесінші бөлімше дейтін ауылдан бері тарту керек еді. Бұл екі орта небары алты-жеті шақырым ғана. Жұмысы да жеңіл, көп шығынға да батпаймыз. Сондықтан электр бағандарын осы бағытқа ауыстырып орнатса абзал, - дейді ол.

Исабек Ишан музейінде

Ақкөл ауылында Исабек ишанның музейі бар. Бірінші бөлімі Ақкөл-Жайылма өңірінің тамаша табиғатына арналған. Яғни, сол өңірдің бұлай деп аталу тарихы қандай? Ендеше соған тоқталайық. Осы алқаптан өтетін екі өзен бар. Бірі – Өлеңті, екіншісі – Шідерті. Кезінде осы өзендер тасып, суы арнасынан асқан кезде сол маңай бір шетінен екінші шетіне адамның көзі жетпес үлкен көлге айналады екен. Міне, Ақкөл-Жайылма деп аталуының бір сыры осы. Ал кейбір тарихшылар мұны қазақ даласында аңызға айналған махаббат дастаны «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында айтылатын Қарабай байдың оқиғасымен байланыстырады. Жігіттің әкесі Сарыбай аттан құлап өлген күні Қарабай уәдесінен айнып: «Қызымды жетім ұлға бермеймін» деп, Өлеңтіден Аягөзге қарай қоныс аударыпты-мыс. Сол күні Қарабайдың сабасы жарылып, қымызы жайылып, ауыл маңы аппақ көлге айналады. Ақкөл-Жайылма содан қалған деседі. Міне, осы екі оқиғаның қайсысы шындыққа жанасады? Бұл сауалдың жауабын тарихшы ғалымдардың еншісіне қалдырайық.

Музейдің екінші бөлігі Исабек ишанға арналған. Мұнда ғұламаның ата-тегі туралы шежіре, ишанның өмірбаяны, істеген қызметтері туралы мол мағлұмат берілген. Сонымен қатар, осы заманның соңғы әулиесі деген мәртебеге ие болған қасиетті адамдардың бірі – Жандарбек қожа туралы мәліметтер мен ол кісінің қолданған заттары қойылған. Мысалы, өзі ұстаған Құран кітабы, тақиясы, сағаты, қамшысы, бәкісі, намаз үстінде қолданған тәспісі, көзінің тірі кезінде үйінде болған ыдыс-аяқтары және бөлмесінде төселген сырмағы сақталған. Бұл заттарды музей қорына Жандарбек қожаның Қанат есімді ұлы тапсырыпты. Сонымен қатар, музей қабырғасында Жандарбек қожаның 100 жылдығына орай өзінің суретін салып тоқыған кілемі ілініп тұр. Ақкөл ауылында түрлі лауазымды қызмет атқарып, елге еңбегі сіңген азаматтардың қысқаша өмір тарихы мен фотосуреттері де бар.

Жалпы, Ақкөл-Жайылма өңірінің тарихы тым тереңде жатыр. 2004 жылы жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар осы өңірдегі Әулиекөл жағасында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде XIV-XVI ғасырларға тиесілі ескерткіштер мен кесенелердің қалдықтары табылған. Музей қорында сақталған мәліметтерге сүйенер болсақ, мұнда Солтүстік-Батыс Қазақстанның көшпелі тайпалары өмір сүрген жазғы орда болған көрінеді. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған көне жәдігерлердің арасында Алтын Орда дәуіріне тиесілі құрылыстардың кірпіштері, қабырға сыртын қаптайтын декоративті кірпіштер, өсімдік және геометриялық өрнекті декоративті тақталар және ерте замандағы хандардың кесенелеріне пайдаланылған көгілдір түсті изразецтер бар.

Иә, мұндай көне жәдігерлерге толы, бай мұрағаты бар музейге қатысты «әттеген-ай» дерлік мәселелер де бар екен. Атап айтсақ, музейге келген-кеткен адамдарды осындай құнды жәдігерлермен және осында өткен молда-қожалардың өмір тарихымен таныстыратын ғылыми қызметкер жоқ. Сондықтан бұл міндет уақытша Ақкөл орта мектебінің директоры Рамазан Тұрымтаевқа жүктеліпті. Екіншіден, бұл негізінен ишандар мен қожалар тарихына арналғандықтан, музейді ауыл ішіне емес, кесенелердің жанына орналастыру керек. Неге десеңіз, кесененің басына барған жұрттың барлығы ауылда мұндай музей барын біле бермейді. Ал Исабек ишанның өмір тарихына және оның бүкіл ұрпақтарына қатысты жазбаша материалдардың барлығы осында сақталған.


Түйін: Әулиелі Ақкөл жеріне арнайы барып, қасиетті қожалар жатқан киелі даланың ауасымен бір мәрте тыныстау – кез келген адамның арманы. Бұл жолғы сапардан біз де ерекше әсер алып, рухтанып оралдық. Ал бұл өңірге әлі талай адам ат басын бұрып, қожалар зиратына зиярат жасары анық. Сондықтан Ақкөл-Жайылма жеріне жететін жолдың жыры, электр желісін тарту мәселесі Екібастұз қаласы әкімдігінің араласуымен алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз.


Тілеуберді САХАБА
Екібастұз қаласы, Ақкөл ауылы.

saryarka-samaly.kz