Өткен жылы жаһандық нарықта ас атасына қажетті шикізаттың тоннасы 193 долларға дейін көтерілген. Сөйте тұра, еліміздің диқандары мардымды пайда көре алмады. Себебі Қазақстанда бидай бағасы бір тоннасы үшін 36-37 мың теңгеге дейін төмендеген. Оған бірнеше жайт себеп болды. Біріншіден, өткен жылы Ресейде астық бітік шықты. Шекаралас өңірлерімізге солтүстік көршімізден арзан астық лап қойды. Екіншіден, «Азық-түлік корпорациясы» бидайдың бір тоннасын жоспарлы 42 мың теңгеден емес, 39 мың теңгеден сатып алатын болды. Үшіншіден, астық тасымалдаушылар вагондар тапшылығына қатысты проблемаларға душар болды. Салдарынан өз өнімдерін дер кезінде жөнелте алмаған сала бизнесмендері шетелдік нарықтарды да, сондай-ақ ішкі тұтынушыларын да жоғалта бастады.

Сондықтан ел Үкіметі отандық өндірушілерден астықты мемлекет қаржысына сатып алу тәжірибесін қайта қолға алды. Биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметке «Азық-түлік корпорациясы» арқылы әр тоннасы үшін 42 мың теңгеден 2 миллион тонна көлемінде отандық астықты сатып алу туралы ұсыныспен шықты. Үкімет жыл басында тиісті шешімді қабылдады. Осы мақсатта барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары басшылық ететін комиссия құрылған. Олардың құрамында қоғам және бизнес өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары бар. Бұдан бөлек, ведомство өкілдері ресейлік астықтың елімізге кіруіне және Қазақстанда қосылған құн салығын төлемей-ақ заңдастырылуына бақылауды күшейтуді ұсынды. Себебі Ресейдің онсыз да арзан астығы салықтық жүктемеден босатылғаннан кейін баға бойынша бәсекелестікте қазақстандық өндірушілерді шаң қаптырып кетеді.

Осыдан бірер уақыт бұрын әр облыс үшін аталған 2 миллион тоннадан қанша квота тиетіні анықталған. Мемлекет сол көлемді толығымен тек электронды форматта – minagro.kz порталы арқылы сатып алады. Фермерлер бұрыннан бері астығының көп көлемін электронды сауда арқылы өткізетін еді. Бірақ енді «Ақпараттық-есептік орталық» АҚ-ның электронды сауда алаңына «Азық-түлік корпорациясы» да жүгініп отыр. Бұл тетік корпорация қызметкерлерінің фермерлермен тікелей, жүзбе-жүз байланысын болдырмайды. Сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу көзделуде. Ең бастысы, электронды жүйе егіс алқабының ауданы мен нақты егін жиналған егістігі көлемін назарға ала отырып, тиісті квотасын әділ түрде бөліп береді. Бұл екі көрсеткішті де жүйе жерсерік арқылы есептейтін көрінеді. Айталық, фермердің 500 гектар алқабы бар делік. Оның 70 гектары - жайылым. Яғни, 430 гектары - егістік. Бірақ соның тек 380 гектарына ғана астық егілген. Мұны жүйе жерсеріктік мониторинг арқылы көріп, біледі. Оның бір гектарынан алынатын жеткізілім көлемін «Азық-түлік корпорациясы» анықтайды және ол әр облысқа берілген жалпы квота мен астық шығымдылығына байланысты болады.

Атап өтерлігі, астықты сату және сатып алу небары 2 күн ішінде жүзеге асатын көрінеді.

Беттің үйлестірушісі - Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz